Қарттар – қазынамыз!
Қарттар – қазынамыз!
336
оқылды

Бүгінде Түркістан облысы Арыс және Жетісай қала­ларында ардагерлерге  арнап «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылған. Жақын арада түркістандық ардагерлерде осындай заманауи орталықтың рақатын көретін болады. Сондай-ақ облыстағы 176 мыңға жуық зейнеткердің ішіндегі 26 сұрапыл  соғыс ардагері мен 2667 ҰОС қатысушылары мен мүгедек­теріне теңес­тіріл­гендерге және 6 336 тыл еңбеккерлеріне ерекше назар бөлініп, түрлі бағытта қамқорлық көрсетіліп келеді екен. Бұл туралы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қатысуымен Түркістанда өткен Халық­аралық қарттар күні шарасында белгілі болды.

Түркістан облысының қария­лары 1 қазан – Халықаралық қарт­тар күнін ерекше атап өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев FARAB кітапханасында қария­лармен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Құрметті ел ағалары мен қазыналы қарттарды бірегей кітапханамен таныстырған облыс басшысы Түркістанды күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде қайта түлеткен Елбасының ең­бегін ерекше атады. Финляндия кітапханалары үлгісінде салынған FARAB кітапханасы заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған. Көп­функциялы білім беру кешенін аралатқан Өмірзақ Естайұлы көне жазбалар тақтайшасы мен 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы мен сирек кітаптар мен манускриптер залымен таныстырды.
«Біз – атаның ақ батасымен, әжелеріміздің мейірімімен өсіп-өнген халықпыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін өнеге. Қасиетті Түркістанды дамытуда сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Сіздер біздің қазынамыз әрі бағыт-бағ­дар беретін даналықтың сарқыл­мас бұлағысыздар. Отбасы­ларыңыз бен жақын туыс­тарыңызға зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, саналы ұр­пақ пен жаны жомарт жандар­дың ықылас-ниетіне бөленіп, әрқашан арамызда болыңыздар», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Жас ұрпаққа өзінің өнегелі еңбек жолымен үлгі болып жүрген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, облысқа еңбегі сіңген бірқатар еңбек ардагері мен зиялы қауым өкілі облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс­хат­тарымен марапатталды. Респуб­лика­лық орталық кеңестің «Құр­мет белгісі» төсбелгісімен және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің «Ел ағасы» және «Аялы әже» номинациялары табысталды. Сондай-ақ салтанатты шараға қатысқан 60-қа жуық қария этноауылда ұйымдастырылған қол­өнер­шілер көрмесін тамашалады. Қариялардың құрметіне ақ дастарқан жайылып, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Сонымен бірге киелі Түркістан шаһарын аралап, өңірде бой көтерген жаңа нысандармен танысты. қарттар қазынамыз Айта кетейік, Түркістан облысында 176 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 26-ы Ұлы Отан  соғысының ардагері,  2 667 Ұлы Отан соғысына қатысу­шы­лары мен мүгедектеріне теңес­тірілгендер, 6 336 тыл еңбеккері бар. Бүгінде ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 400-ге жуық 80 жастан асқан жал­ғызілікті қарияның зейнет­ақыларына үстемеақы төленеді. Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көле­мінде қаржылай көмек берілді, жеңіске үлес қосқан өзге де 6 808 тыл ардагеріне жалпы 233,3 млн тең­ге көлемінде біржолғы қаржы­лай көмек көрсетілді. Облыста қолға алынған «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 15,6 мың ардагерге көмек берілген. Арыс және Жетісай қала­ларында ардагерлерге  арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орта­лықтары ашылды, жақында Түр­кістан қаласында  ардагерлерге арналған заманауи орталық ашылады, әрі қарай да осы бағытта жұмыстар жалғасын табады.  

Тельман БЕЙСЕН