12,5 млн теңгенің құрылыс материалдарын ұрлаған қылмыстық топ мүшелеріне сот үкімі шықты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің мәліметіне сүйенсек, Атырау қаласының 31 жастағы тұрғыны өзі жұмыс істеген құрылыс мекемесінің контейнерінен құрылыс материалдарын ұрлауды жоспарлаған. Ұрлыққа 1990 және 1989 жылы туған екі танысын тартқан.
«Сөйтіп, үш адамнан тұратын қылмыстық топ құрылған. Олар түнгі сағат 00:30-01:00 шамасында қойма есігінің құлыптарын бұзып, ішке кірген. Нәтижесінде аса ірі мөлшерде, яғни 12 млн 513 мың 971 теңгенің заттарын ұрлаған. Тергеу кезінде 31 жастағы азаматтың бұрын сотталғаны анықталды. Ол танысымен бірге бірнеше жекеменшік үй мен пәтерді тонаған. Екеуі мал сататын базар маңында кездесіп, каналдар, көшелер бойымен жаяу жүріп, ұрлыққа түсуге ыңғайлы үйлерді іздеген. Жарығы өшіп тұрған үйлерге терезеден кіріп, ақша, құнды әшекей-бұйымдар, электронды техникаларды ұрлап келген», - дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның айтуынша, «Жерұйық» шағын ауданындағы үйдің біріне кешкі сағат 19:30-21.30 шамасында кіріп, 1,5 млн теңге тұратын италиялық маркадағы сырға, 5 дана алтын жиынтықтар, 3 дана алтын алқа, неке жүзігі, алтын кулондар, 40 000 теңгені жымқырған. Нәтижесінде жәбірленушіге 2 млн 690 000 теңгенің залалын келтірілген.
Сот үкімімен аталған қылмыстық топ мүшелерінің біріне 6 жыл 6 ай, ал, екеуіне 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.