Алматыда жоқ пәтерлерді жалға берген 32 жастағы павлодарлық алаяқ ұсталды. Оның заңсыз әрекетінен бірнеше адам зардап шеккені анықталды. Алайда олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, — деп хабарлайды Polisia.kz.
«1989 жылы туған С.есімді азамат Павлодар облысының тумасы, бұрын ақпараттық технологиялар саласындағы алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Ұсталған адам танымал сайтты пайдаланып, пәтер жалдау туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Ол жалдау бағасын төмен қылып көрсетіп, басқа жарнамалардың суретін орналастырған. Клиенттермен келіссөздер телефон арқылы жүргізіліп, оларды өзінің ниетінің тазалығына сендіргеннен кейін алдын ала төлемді теңгерімге аударуды ұсынған. Жәбірленушілер ақшаны аударғаннан кейін алаяқ жарнаманы дереу алып тастап, ұялы телефонын өшіріп тастайтын болған», – деді Алматы қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазірдің өзінде бірнеше жәбірленуші анықталды. Алайда олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екеніне қауіпсіздік қызметкерлері сенімді. Күдікті әзірге Алматы қалалық полиция департаментінің ұстау изоляторына қамалды.