Сыртқы саясаттағы ықпалдастық нығайып келеді
Сыртқы саясаттағы  ықпалдастық  нығайып келеді
214
оқылды

Кейінгі айларда Қазақстанның сыртқы саяси белсенділігі едәуір артты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты және көпжақты форматта өткен бірқатар ірі жиынға, соның ішінде Түрікменстандағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативті кездесуіне, Тәжікстандағы ҰҚШҰ мен ШЫҰ саммиттеріне қатысты, Корея Республикасына мемлекеттік сапармен және Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барды. Сонымен қатар Душанбеде Иран Президентімен және Пәкістанның Премьер-Министрімен жеке-жеке кездесулер өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-та жазды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ның бейресми саммитінде, Шығыс экономикалық форумында және Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі. 21-28 қыркүйек аралығында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебат­тарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне, COVID-19 пандемиясы жөніндегі жа­һандық саммитке және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстарға қа­тысты. Екі айдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Франция, Беларусь, Өзбекстан, Сауд Арабиясы мемлекеттерінің президенттерімен және Еуропалық одақ басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды көп қабылдай бастады. Ресей Премьер-Министрі, Швейцария, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан парламент спикерлері, Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі, Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвес­тиция министрі, Башқұртстан Республи­касының басшысы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен шетелдік ірі компаниялардың өкілдері Қазақстан Президентінің қабылдауында болды. Жалпы, тамыз-қыркүйек айларында Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі 10 саммит пен форумға, оның үшеуіне оффлайн, жетеуіне онлайн режимде қатысты. 2 мемлекетке сапармен барды және 7 елдің басшысымен телефон арқылы сөй­лесті. Сонымен қатар 12 шетелдік делегацияны қабылдады. Қазақстан барлық бағыт бойынша сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығын нығайтып келеді деп айтуға болады. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті. Қазіргі ахуал коронавирус пандемиясына де­йінгі кезеңге қарағанда халықаралық ынтымақ­тастықтың маңызы бүгінде арта түскенін көрсетеді. Әлемде жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер пайда болды. Көптеген аймақта, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен шекаралас өңір­лерде жағдай шиеленісіп тұр. Экономикалық дағдарыс іс жүзінде барлық құрлықты қамтыды. Көптеген елдер арасындағы тауар айналымының деңгейі төмендеп, көлік-логистикалық байланыстар саласында қиындықтар туындады. Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінсіз әлемнің қалыпты өмірге оралуы екі­талай. Пандемия салдарын еңсеру басты мәселелердің бірі болып қала беретіні сөзсіз. Саясаткерлер COVID-19 індетіне қарсы вакцина жасау және тасы­малдау жөніндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылауда. Қазақстан Президенті осы өзекті проб­лемаға қатысты пікірін БҰҰ Бас Ассамблея­сының сессиясында, сондай-ақ басқа да көпжақты және екіжақты іс-шаралар барысында айтты. Пандемиядан кейінгі әлемдегі жағдайға қатыс­ты мәселе жоғары деңгейдегі кездесулердің күн тәртібіне жиі қойыла бастады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың жаңа фор­малары талқыланып жүр. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның, Ресейдің, Еуропа одағының бас­шы­ларымен келіссөздер кезінде цифрландыру және жаңа технологиялар салаларындағы нақты жоба­ларды іске асыруға мән берілді. Халықаралық ынтымақтастықтың барлық бағыт бойынша жандануы пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемнің қалыптасуына ықпал етуі тиіс. Сол кезде шекаралар ашылып, саяси, экономи­калық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі. Алдағы айларда да Президенттің жұмыс кестесі өте тығыз болмақ. Атап айтқанда, жақын және алыс шетелдерге сапармен бару, бірнеше саммитке қатысу, сондай-ақ Қазақстанға келетін жоғары лауазымды шетелдік қонақтармен кездесу және басқа да маңызды сыртқы саяси іс-шаралар жоспарланған.