«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Арслан Дандыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қоғамдық қабылдауға Сарқан, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындары қатысып, өз өтініштерін жеткізді. Сарқандық Асхат Ысқақов Сарқан ауданының Көктерек ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтып, көтерген мәселесінің шешілуіне ықпал етуін сұрады. Ал Панфилов ауданы Сарыбел ауылының тұрғыны Жалғас Әділжан қабылдау иесінен ауылды жерлерге көкпарға арналған кең алаңдар салынуына ықпал етуін сұрады. Талдықорғандық Абылай есімді тұрғынның өтініші өңір жастарына бастапқы жарнасыз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың қажеттігі жайында болды. Қабылдауда көтерілген барлық мәселелерді облыс әкімінің орынбасары назарға алып, оған нақты жауап берді. Сарқандық Асхат Ысқақовтың мәселесіне тоқталған Арслан Дандыбаев Көктерек ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары «Nur Otаn» партиясының 2021-2025 жылдары сайлауалды бағдарламасының Жол картасында 2023 жылы жоспарланғанын айтты. Баспана мәселесіне қатысты Абылайдың сұрағына жауап берген Арслан Момышұлы партияның өңірлік Жол картасының «Жас отбасылардың мәселелерін шешу бойынша өңірлік деңгейде қосымша бағдарламалар әзірлеу» бағытын жүзеге асыру мақсатында «Жетісу жастары» 0-5-25 бағдарламасының әзірленіп жатқанын жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН