Маңғыстау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен партияның облыстық филиалында Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары мен бірқатар аудан әкіміне сөгіс түріндегі партиялық жаза жарияланды.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының «Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы қаралды. Жол картасына әлеуметтік нысандардың құрылысы, жол инфрақұрылымы, халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту және тағы басқалары енгізілген. 2021 жылы 638 іс-шара, соның ішінде облыстық 112, аудандар мен қалалар бойынша 526 іс-шара енгізілген. Аталған жобалардың толық және мерзімінде орындалуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етпек. Отырыста аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының есебі тыңдалды. Саяси кеңес бюро отырысында бекітілген Жол картасының Маңғыстау облысы бойынша сайлауалды міндеттемелерін орындау аясында «Nur Otan» партиясының облыстық, қалалық, аудандық сайлауалды бағдарламаларына жүйелі мониторинг ұйымдастырылған. Облыста және аудандар мен қалаларда арнайы штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, осы жылдың 8 айында өңірлік және аумақтық сайлауалды бағдарламаларына жүргізілген талдау нәтижесінде барлығы 638 шараның 169-ы орындалды, 452-сі орындалып жатыр, 17-сінің орындалмау қаупі бар. Соның ішінде облыстық 112 іс-шараның 41-і орындалды, 68-і орындалып жатыр, 3-еуінің орындалмау қаупі бар. – Бұл жұмыстарға мемлекеттік орган басшылары жауапты. Халық бізден Жол картасын сапалы жүзеге асыруды күтеді, сондықтан біз өзімізге артылған сенімді ақтауға міндеттіміз. Жоспардың орындалмауы әкімдер мен басқарма басшылары арасында ішкі байланыстың жоқ екенін көрсетіп тұр. Бұл іске деген жүйелі жұмыстың жоқтығы. Бәріміз бір бағытта жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана алдымызға қойылған міндеттерді орындап, өз мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаланатын боламыз, – деді Нұрлан Ноғаев. Отырыс қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасарына, Қарақия және Бейнеу аудандарының әкімдеріне «Nur Otan» партиясының Жол картасын дұрыс бақыламағаны және тиісінше орындамағаны үшін сөгіс түрінде партиялық жаза берілді. Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға өздеріне жүктелген міндеттерді мерзімінде орындауды тапсырды.Әбілмансұр ЖАСАН