Түркістан облысында «несиеңді жауып беремін деп тұрғынды алдаған банк қызметкері әшкереленді. Кентау қаласы полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанына шағымданды.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, несиесін жауып беретініне сендірген. Содан осы ісі үшін жәбірленушіден 200 мың теңге алған. Ақшаны алысымен алаяқ жәбірленуші әйелге берген уәдесін орындамай, әбден әбігерге салған. Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Алаяқтық қылмысты ашу мақсатында Полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде, полицейлер күдіктінің кім екенін анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол бұрын шынында банк қызметкері болып жұмыс істеген жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам алдау жолымен алған ақшаны жеке қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатысын зерделеуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуде күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Әйтпесе, осындай хабарландыруларға жүгінетіндер көбейіп бара жатқандай.А.ШӘРІП