«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында cоғыс және тыл ардагерлеріне, көмекке мұқтаж, жалғызілікті қарияларға арналған қайырымдылық акциясы өтті.
Филиал қызметкерлері қариялардың үйлеріне барып, оларды мерекесімен құттықтап, азық-түлік себеттерін табыстады. «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Бейсенқұлов 95 жастағы соғыс ардагері Б.Бурбаев ақсақалды, тыл еңбеккері В.Блинованы және жалғызілікті қария А.Сыдықованы мерекемен құттықтап, қарттарға қуаныш сыйлады. Кездесу барысында ардагерлер өз еңбек жолы туралы әңгімелеп, «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалына алғыс білдірді. Айта кетейік, мереке қарсаңында мұндай қайырымдылық іс-шаралары барлық ауданда ұйымдастырылды. Жамбыл облысы бойынша 200-ден аса көмекке мұқтаж қартқа азық-түлік себеттері табысталды. Өз кезегінде жасотандықтар қарттардың үйлерінің ауласындағы шаруаларына көмектессе, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қарияларға тегін медициналық көмек көрсетті. Аталған іс-шаралар қарияларды ардақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.Әбілмансұр ЖАСАН