«Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері, Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Елнұр Бейсенбаев Павлодар облысына іссапармен келді.
Алдымен халық қалаулылары Павлодар облысы әкімдігі жанындағы ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Аталған орталық халықтың және аса маңызды әлеуметтік маңызы бар объектілердің қауіпсіздігін арттыру және облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. 32 орынға арналған заманауи мониторинг және бақылау орталығы – өзекті ақпаратты (бейне ағындар, визуализацияланған деректер, жедел ақпарат және т.б.) жинау, өңдеу және шығарудың қазіргі заманғы техникалық құралдары базасында операторлардың, сарапшылар мен консультанттардың жұмыс орындарын ұйымдастыруға арналған үй-жай. Мәжілісмендер осы орталықтың жұмысымен жіті танысып, ондағы қызмет барысына оң бағаларын берді. Бұдан кейін депутаттардың қатысуымен «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Оған аталған кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров төрағалық етті. Отырысқа Мәжіліс депутаты, кеңес мүшесі Елнұр Бейсенбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, өңірлік қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Олег Крук Павлодар облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын және облыс бойынша Жол карталарының орындалу барысын баяндады. «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Хамитов өңірлік қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары жөнінде және республикалық қоғамдық кеңестің тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді. Отырыс соңында республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров бірлесе жұмыс істеуді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді тапсырып, өңірлік қоғамдық кеңеске нұсқаулықтар мен ұсынымдарын берді.Әбілмансұр ЖАСАН