Отандық оқу орындарына оралғандар көп

Отандық оқу орындарына оралғандар көп

Жыл сайын бірнеше мың мектеп түлегі шетелдерде білім алуға аттанады.  Алайда соңғы жылдары қиырға кеткен қазақстандық студенттер отан­дық университеттерге орала бастады. Оның себебі неде? Қаржы тапшылығы ма, әлде басқа себептер бар ма?

Студенттердің өзге елдерге өз­дігінен барып білім алуы бар­лық елде бар. «Білімді мыңды жығатын» заманда бұл үрдісті қол­дамасқа тағы болмайды. Себебі дамыған мемлекеттердің оқу орындарында білім алып, өрісі кеңейіп жатса құба-құп.

Шетел біліміне шөлдеп тұрмыз

Білім бойынша сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, талапкерлердің 20 пайыздан астамы көрші Ресейге барып оқы­ғанды құп көреді екен. Бір ғана 2019 жылдың өзінде 60 мыңдай сту­дент Ресейдің оқу орындарына түскен. Сондай-ақ қалталы от­басы­лардың балалары да отандық оқу орындарында білім алуға құлық­­сыздық танытатын көріне­ді. Сол себепті өз қаражаттарымен Еуропа мен АҚШ университеттеріне таңдау жасайды.  Бұдан бөлек, Қытай, Оңтүстік Корея ел­дерінде білім алуға бел байлайтын жастардың қатары көп. Олардың дені қазақстандықтарға арналған DAAD секілді әртүрлі ха­лық­ара­лық стипен­диялық бағ­дар­ламаларға қатысып, шетел гран­тын ұтып алғандар. Бірақ бұл бағдар­лама арқылы оқуға түскен­дер білімді тегін алғаны­мен, сол елдегі өмір сүру жағдайы өз есебінен бо­лады. Жастардың шетелдік оқуға аңсары ауып тұруының тағы бір себебі, оқу ақысы мен өмір сүру деңгейі салыстырмалы түрде отан­дық университеттерден қара­ғанда арзан. Осы себепті де жастар Ресей, Польша, Чехия, Венгрия, Түркия және Кипр елдерінде білімін шыңдауға шешім жасайтын болып шыққан. Мәселен, Польша мен Чехияда бір жылдық оқу ақысы мен өмір сүру шығыны шамамен алғанда 5 миллион тең­ге.  Ал біздің елдегі ең қым­­бат жо­ғары оқу орындарындағы білім алу құнының өзі жылына 3-4 мил­лионға дейін бара­ды. оған тұрмыс­тық шығындарды қосыңыз. Бұдан бөлек, мемле­кеттің өзі басқа елдермен келіссөз жүргізе отырып жастарымыздың шетел­дің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік береді. Мәсе­лен, АҚШ пен Еуропаға «Бола­шақ», «-Верн» секілді мемлекеттік немесе бірлескен бағ­дарламалар есебінен кетіп жат­қандар бар.

Сыртқа кетуші студенттер азайған

Алдыңғы жылдары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов әлемнің ең үздік оқу орнына түскендерді бірлесе қаржы­ландыру жүйесін жасауды ойластырып жатқандарын жеткізген еді. Өйткені министрлікке DAAD секілді әртүрлі халықаралық сти­пендиялық бағдарламалар арқы­лы шетел грантын ұтып алғандар жүгініп,  тұратын жері, тамағы, виза және басқа да шығындарды жабуға қолдау көрсетулерін сұра­ған. Сонымен қатар Асхат Айма­ғамбетов сол кезде сыртқа кетуші талапкерлер саны соңғы жылдары азайып, шетелге кету тен­ден­циясының төмендегенін де тілге тиек еткенді.  Мәселен, екі жыл бұрынғы көрсеткіш бойынша шетел­ге білім іздеп кетушілердің саны  Шығыс Қазақстан облысында 2,5 есеге, Солтүстік Қазақ­стан облысында 60 пайызға кеміген.

11 мың студент ауысып келді

Керісінше, білімді басқа елден із­деп кеткендер отандық оқу орын­дарына жаппай оралып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың қаң­тарында жеті мыңға жуық қазақ­стандық студент қалған білімін Қазақстанда жалғастыруға өтініш беріпті. Оның ішінде 6 077-і – ресейлік оқу орындарының студенті. Ал былтыр шетелдік жоғары оқу орындарында өз бетінше оқып жүрген 15 мыңға жуық қазақстандық студент отан­дық жоғары оқу орындарына ауысуға ниет білдірген. Сөйтіп, былтыр Білім және ғылым министрлігі шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түскен және коронавирус пандемиясына байланысты жоғары оқу орындарына оралу проблемасына тап болған қазақстандық студенттерге көмек көрсете бастады. Шетелдік ЖОО-ның көпшілігі отандық оқу орындары студенттерін қа­шық­тан оқытқан болатын. Алайда кейбір шетелдік оқу орындарында мұн­дай мүмкіндік қарас­тырылмаған. Сондықтан оқуын жалғастыру үшін елден шыға алмайтын студенттерге министрлік отан­дық жоғары оқу орындарына ауысуға көмектескен. Биылғы оқу жылында шекара асып, өз бетінше білім іздеген 11 мың­нан астам қазақстандық еліміз­дің ЖОО-на ауысты. Олар­дың көпшілігі Ресей университеттерінен келгендер. Сондай-ақ бұ­рын АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түр­кия университеттерінде оқыған, бірақ Қазақстанда оқуын жалғас­тыруға шешім қабылдаған студенттер де бар.  «Олар жеңіл­детіл­ген ауысу тәртібі бойынша қабыл­данып, қазір отандық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Мәселен, олар әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогика­лық университеті, Нархоз университеті, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ және басқа да жоғары оқу орындарына қабылданды», – деді БҒМ Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім де­пар­таментінің директоры Әділет Тойбаев. Жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресейден – 13,  Франциядан бір студент ақылы бөлімге ауысып келген. Олардың көбісі университеттің механика-математика, биология және биотехнология, құқықтану факультетіне түскен. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаңа оқу жылында ауысу тәртібі негізінде 73 студент қабылдапты. Олардың барлығы Ресейден келген қазақстандық студенттер. «Шетелдік оқу орындарынан келгендер көбінесе бастауыш сынып мұғалімі, психология, шет тілдері, физика, информатика, мектепке дейінгі тәрбие мамандықтары бойынша ауысқан. Олар бізге келген бойда ақылы негізде қабылданады. Бірақ оқу көрсеткіші жоғары болса, босаған грантқа ілігуіне, не болмаса университет тарапынан жеңілдіктер беріледі», – дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогика­лық университетінің Академия­лық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Балажанова. Ауысып келген студенттер отандық білім орындарына қайтуын өз еліміздегі білімнің көш ілгері екендігімен түсіндіріп­ті. «Ресейден келген бір-екі студентпен сөйлесіп көргенде, олар­ға сол жердің мамандары дефектология және бастауыш білім беру ма­мандығы бойынша білімнің Қазақстанда жақсы екенін айт­қан. Сондықтан олар еліміздің білімін алып, өз елімізге қызмет етсек деген пікірін айтты», – дейді департамент директоры.

Өз еліңнің сұлтаны бол

Еліміздің ЖОО-на биыл ауысып келген бірнеше студентпен тілдесіп көрдік. Көпшілігі қандай себеппен хабарласып тұрға­нымыз­ды білген бойда пікір білдіруден бас тартты. Ал енді бірі бұл тақырыпты қозғаудың қажеті жоғын алға тартып, басқа да бас қатырып жүрген шаруалары шаш етектен екенін жеткізді. Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің құқықтану маман­дығына ауысқан Айбар «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанның» жөн екенін жастық­пен түсінбегенін айтады. «Шетел көру, шекара сыртында білім алуға құмар. Мен де көптің бірі секілді шетелде білім алғым келді. Арманым орындалып, шетелдік оқу орнына түстім. Бірақ ол жақта мамандығыңнан бөлек спортпен шұғылданып, қалаған ісіңмен айналысу қиын екен. Мүмкіндік те жоқ болды. Сондықтан өз еліме қайтып, сүйікті ісіммен айналыса жүріп, білім алуға шешім қабыл­дадым. Бұл шешіміме еш өкінбеймін», – дейді Айбар. Шетелдік оқу орнынан ауысып келген Әлжан да еліміздің білімі өзге елдермен салыстыр­ғанда артық болмаса, кем емес екеніне көз жеткізген. «Отандық білімнің сапасы туралы соңғы жылдары жақсы пікірлер айтылады бастады. Таныстарымнан да естіп жүрдім. Сол үшін шетелден алатын білімді өз елімде жүріп те алсам болады ғой деп ойладым. Оның үстіне отбасылық жағ­дайыма байланысты да елге қайту керек болды», – дейді Әлжан. Ресейлік Новосібір мемлекеттік универ­ситетінің Білім беру басқармасының бастығы Евгений Сагайдак қазақстандық студент­тердің өз елінде білім алып, өз еліне қызмет еткенін құптап отыр. Айтуынша, екі елдегі білім бірдей болса, талантты жастардың өз елінде білімін жалғастырғаны әлдеқайда тиімді екен.

Жадыра МҮСІЛІМ