Еліміздегі ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Тұрғындар ауызсу құбырынан су ішуге қорқады. Қорқатындай жөні бар. Өйткені еліміздегі 33 су айдынының суы не ішуге, не өндіріске жарамсыз. «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг департаменті мамандары жерүсті суларының сапасы сын көтермейтіні былай тұрсын, жылдан-жылға ластанып бара жатқанын айтып, дабыл қағады.
Соңғы жылдары су қоймаларындағы балықтардың жаппай қырылуы мен ауызсу сапасыздығы туралы жиі айтылады. Табиғаты талайды тамсандырып, суы мөлдір сұлу Көкше жерінде халық таза суға зар болып отырғаны талай жылдан бері жыр болып келеді. Алайда аймақтағы атқамінерлер мен жауапты органдар да тіршілік көзінің сапасы төмендеп бара жатқанына алаңдап жатқаны шамалы. Мәселен, Ақмола облысының халқы ауызсуға жарымай отырғанына жырақтағы халық сенбеуі де мүмкін. Бірақ облыс орталығының тұрғындары краннан ағатын суды ішуге қорқады. Амалдың жоқтығынан қымбат болса да, арнайы сүзгі аппараттарын орнатып, қалғандары күнделікті су сатып ішеді. Судың сапасыздығынан орнатқан сүзгілерін де жарты жылға жетпей ауыстыруға мәжбүр болады екен. Бұл бір ғана ақмолалықтардың айтары емес. Республиканың түгелге дерлік аймағында ауызсу сапасының нашарлығы неше рет айтыла-айтыла жауыр болған.Ластану деңгейі өте жоғары
«Қазгидромет» мамандары елдегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасын тексерген. Бағалау нәтижелері бойынша бірінші жартыжылдық көлемінде тексерілген 107 су нысанының 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылды. Соның ішінде 33-інде ластану деңгейі өте жоғары. Ал бұл өз кезегінде өзендер мен су қоймаларының суы пайдалану түрлеріне мүлдем жарамсыз деген сөз. Мәселен, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола, Түркістан облыстарындағы, Батыс және Шығыс Қазақстандағы 27 өзендегі елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі алты су қоймасындағы суды тұтыну қауіпті. Гидрологтердің мәліметінше, жерүсті су объектілеріндегі негізгі ластаушы заттардың қатарына тұз құрамының негізгі иондары, биогендік және органикалық қосылыстар, ауыр металдар, фенолдар, тоқтатылған заттар кірген. Ластанудың негізгі себебін мамандар табиғи-климаттық және антропогендік факторлармен байланыстырады. Яғни, әртүрлі шаруашылық бағыттағы кәсіпорындардан шығатын қалдық сулардың су қоймаларына бейберекет ағызылуынан туындап отыр.Ай сайын алты валентті хроммен ласталған
Бұдан бөлек, биыл жарты жылда экологтер Қазақстан өзендері 7 рет шектен тыс, 144 рет қатты ластанғанын айтып дабыл қаққан. Мысалы, Ақтөбе облысындағы Елек өзенінен алынған сынамалардан өзен суы ай сайын алты валентті хроммен қатты ластанғанын көрсетіпті. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Қызылжар өзеніне де аймақтағы алтын өндіруші компаниялар айтарлықтай зиян келтірген. «Жерүсті суларының гидрохимиялық көрсеткіштері бойынша су сапасын бақылау 341 гидрохимиялық тұстамада орналасқан 123 су объектісі –78 өзенде, 28 көлде, 13 су қоймасында, 3 арнасында, 1 теңізде жүргізілді. Жерүсті суларын зерттеу кезінде су сынамаларында су сапасының 60-қа дейін физикалық және химиялық көрсеткіштері анықталып отыр. Бұл – температура көрсеткіші, қалқыма заттар, түсі, мөлдірлігі, сутегі, еріген оттегі, ОБТ5, ОХТ, құрамында тұз бар негізгі иондар, биогенді элементтер, органикалық заттар, ауыр металдар», – дейді «Қазгидрометтің» Экологиялық мониторинг департаменті мамандары.Бір су қоймасы ғана ауызсуға жарамды
Олардың берген мәліметіне сүйенсек, гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша жерүсті суларының су сапасы мониторингі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстары аумақтарындағы 25 су объектісінде жүргізілген. Бұл бойынша судың өткір уыттылығын анықтауға арналған 71 сынама талданып, Атырау облысы аумағында гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша жерүсті су сапасы мониторингі Солтүстік Каспий теңізінде 22 тұста жүргізіліпті. Жерүсті суларының түптік шөгінділер сапасына мониторинг Ақмола облысы аумақтарындағы 11 су объектісінде 23 бақылау нүктесінде жасалынған. Түптік шөгінділер сынамасындағы ауыр металдардың бар-жоғына жасалған талдау негізінде суының сапасы ең жақсы 14 өзен мен бір су қоймасы ғана бары анықталған. Қара Ертіс, Павлодар облысындағы Ертіс, Алматы облысындағы Усолка, Үржар, Беттібұлақ, Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Есентай, Түрген, Талғар, Темірлік, Қарқара, Қаскелең, Ақсу, Түркістан облысына қарасты Ақсу өзені мен Өскемен су қоймасының суы кез келген өндіріске жарамды. Ал 14 өзен мен бір су қоймасы балық өсіру, рекреация, суару, өнеркәсіп үшін жарамды. Тек шаруашылық ауызсумен жабдықтау үшін 5 өзен мен 2 су қоймасының суын пайдалануға болады. Бесінші класты ең нашар су қатарына Ақтөбе облысындағы Ембі, Әйет, Тоғызақ, Қарабалта, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендері мен Кеңгір су қоймасы кірген. Ал су пайдаланудың барлық түріне жарамсыз ең төменгі класқа 15 өзен мен 4 су қоймасы кіріп отыр. Ақтөбе облысындағы Тихая, Қиғаш, Шыңғырлау, Елек, Сарыөзен, Тобыл, Обаған, Желқуар мен Ақмола облысындағы Ақсу, Қылшықты, Қара Кеңгір, Талас, Тоқташ өзендерінің суын қолдану қауіпті. Сондай-ақ Түркістан облысына қарасты Сырдария, Катта-Бугун өзендері мен Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Тасөткел мен Шардара су қоймаларының суында қалқыма заттар мөлшері шамадан тыс артып кеткен.Тазарту жұмыстары тоқтап тұр
«Байтақ болашақ» экоальянс төрағасы Азаматхан Әміртай су қоймаларындағы инфрақұрылымның тозығы жеткенін тілге тиек етті. Тәуелсіздік алғалы бері жаңарту көрмеген су құбырлары тот басып, уақыт өте келе зиянды зат бөледі. Екіншіден, су қоймаларын тазарту жұмыстары жүріп жатқан жоқ. «Бұл мәселе шешімін табу үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданып, бюджеттен қаражат бөліну керек. Екіншіден, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалауға алу қажет. Су қоймаларын жаңартып, судың сапасы үнемі тексерістен өткізіліп, тазарту жұмыстары тұрақты жүргізілгенде ғана жөнге келеді. Қазір барлық салада жаңа технология қолданысқа еніп жатыр. Соңы технологияларды су қоймаларына да әкелу керек. Ал бізде жаңартып жатырмыз дейді де, жартысы жөнделмей қалып кетеді. Толықтай жөндеу көрмеген су қоймалары бәрібір судың сапасына әсер етпей қоймайды», – дейді эколог. Сондай-ақ эколог өндіріс орындарынан шыққан қалдықтарды бейберекет төгетін компаниялар экологиялық стандарттарды пысқырып жатқаны шамалы. Бұл кәсіпорындардың әрекетіне тоқтау салатын органның жұмысындағы олқылықты көрсетіп отыр.«Су қадірін білмейміз»
«Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Су сапасының нашарлап бара жатқанына жан-жақты ғылыми тұрғыда баға берілуі керек». Осылай деген ECO FUND TABIGAT қорының мүшесі Герман Чащин тексерістің аймақтардағы су қоймаларының тарихи анықтамалығынан басталып, суды сүзгіден өткізіп, пайдаланудың соңы тәсілін қолдану күн тәртібіне қойылса деген пікірін айтты. «Осыған жауапты органдар бұл тұрғыда қандай уәж айтады? Олар да өз тараптарынан ғылыми тұрғыда тексеріс жүргізуі керек. Эколог ретінде айтарым, бізде әлі күнге дейін екінші деңгейлі суды пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, шетелдерде сүзгіден өткізілген суды техникалық қажеттіліктерге жұмсау қолға алынған. Пайдаланылған су сүзгіден өткізіліп, көлік жууға, көше тазалауға, гүлзарларды суаруға қолданылады. Ал бізде мұндай техникалық қажеттіліктер үшін ішуге арналған су пайдаланады», – дейді ол. Оның айтуынша, Қазақстан судың қадірін білмейді. Соның салдарынан біздегі су қоймалары соңғы 20-30 жылда тартылып, құрғақшылық жайлап барады. Құрғақшылық жайлаған Орталық Азия елдерінің арасында біздің ел ондыққа ілінген, мұның өзі су қоймаларына қауіп тудырып отырғанының айғағы. Былтыр Үкімет отырысында елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері қаралған кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халықты сапалы ауызсумен қамту қарқыны туралы айтып, қарық қылып қойып еді. Алайда ауызсуға жарамды бір ғана су қоймасы қалғанына қарасаң, атқамінерлер айтқан уәдеге сенудің өзі қиын.Жадыра МҮСІЛІМ