Түкке жарамсыз су қоймалары

Түкке жарамсыз су қоймалары

Еліміздегі ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Тұрғындар ауыз­су құбырынан су ішуге қорқады. Қорқатындай жөні бар. Өйткені еліміздегі 33 су айдынының суы не ішуге, не өндіріске жарамсыз. «Қаз­гидрометтің» Экологиялық мо­ниторинг департаменті ма­мандары жерүсті сулары­ның сапасы сын көтермейтіні былай тұрсын, жылдан-жылға ластанып бара жатқанын айтып, дабыл қағады.

Соңғы жылдары су қоймала­рындағы балықтардың жаппай қырылуы мен ауызсу сапасыздығы туралы жиі айтылады. Табиғаты талайды тамсандырып, суы мөлдір сұлу Көкше жерінде халық таза суға зар болып отырғаны талай жылдан бері жыр болып келеді. Алайда аймақтағы атқамінерлер мен жауапты органдар да тіршілік көзінің сапасы төмендеп бара жат­қанына алаңдап жатқаны шамалы. Мәселен, Ақмола об­лысының хал­қы ауызсуға жары­май отырға­нына жырақтағы ха­лық сенбеуі де мүмкін. Бірақ об­лыс орталығының тұрғындары кран­нан ағатын суды ішуге қорқады. Амалдың жоқты­ғы­нан қымбат болса да, арнайы сүзгі ап­параттарын орнатып, қал­ған­дары күнделікті су сатып ішеді. Судың сапасыздығынан орнатқан сүзгілерін де жарты жылға жетпей ауыстыруға мәжбүр болады екен. Бұл бір ғана ақмолалықтардың айтары емес. Республиканың тү­гелге дерлік аймағында ауызсу сапа­сының нашарлығы неше рет айтыла-айтыла жауыр болған.

Ластану деңгейі өте жоғары

«Қазгидромет» мамандары елдегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суы­ның сапасын тексерген. Бағалау нә­ти­желері бойынша бірінші жартыжылдық көлемінде тексерілген 107 су нысанының 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылды. Соның ішінде 33-інде ластану деңгейі өте жоғары. Ал бұл өз кезегінде өзендер мен су қоймаларының суы пайдалану түр­леріне мүлдем жарамсыз деген сөз. Мә­селен, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қара­ғанды, Жамбыл, Ақмола, Түркістан об­лыстарындағы, Батыс және Шығыс Қа­зақстандағы 27 өзендегі елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі алты су қоймасындағы суды тұтыну қауіпті. Гидрологтердің мәліметінше, жерүсті су объектілеріндегі негізгі ластаушы заттардың қатарына тұз құрамының не­гізгі иондары, биогендік және органи­ка­лық қосылыстар, ауыр металдар, фенол­дар, тоқтатылған заттар кірген. Ласта­нудың негізгі себебін мамандар табиғи-климаттық және антропогендік фактор­лармен байланыстырады. Яғни, әртүрлі шаруашылық бағыттағы кәсіп­орын­дардан шығатын қалдық сулардың су қоймаларына бейберекет ағызылуынан туындап отыр.

Ай сайын алты валентті хроммен ласталған

Бұдан бөлек, биыл жарты жылда эко­логтер Қазақстан өзендері 7 рет шектен тыс, 144 рет қатты ластанғанын айтып да­был қаққан. Мысалы, Ақтөбе облысын­дағы Елек өзенінен алынған сынама­лардан өзен суы ай сайын алты валентті хроммен қатты ластанғанын көрсетіпті. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Қызылжар өзеніне де аймақтағы алтын өндіруші компаниялар айтарлық­тай зиян келтірген. «Жерүсті суларының гидрохимиялық көрсеткіштері бойынша су сапасын бақылау 341 гидрохимиялық тұстамада орналасқан 123 су объектісі –78 өзенде, 28 көлде, 13 су қоймасында, 3 арнасында, 1 теңізде жүр­гізілді. Жерүсті суларын зерт­теу кезінде су сынамаларында су сапасының 60-қа дейін физикалық және химиялық көр­сеткіштері анықталып отыр. Бұл – тем­пература көрсеткіші, қал­қыма заттар, түсі, мөлдірлігі, сутегі, еріген оттегі, ОБТ5, ОХТ, құрамында тұз бар негізгі иондар, биогенді элементтер, органи­ка­лық заттар, ауыр металдар», – дейді «Қаз­гидрометтің» Экологиялық мониторинг департаменті мамандары.

Бір су қоймасы ғана ауызсуға жарамды

Олардың берген мәліметіне сү­йенсек, гидробиологиялық көрсеткіштер бо­йынша жерүсті суларының су сапасы мониторингі Қарағанды, Шығыс Қа­зақ­стан, Атырау облыстары аумақтарын­да­ғы 25 су объектісінде жүргізілген. Бұл бо­йынша судың өткір уыттылығын анық­тауға арналған 71 сынама талданып, Аты­­рау облысы аумағында гидро­био­логиялық көрсеткіштер бойынша жер­үсті су сапасы мониторингі Солтүстік Каспий теңізінде 22 тұста жүргізіліпті. Жерүсті суларының түптік шөгінділер сапасына мониторинг Ақмола облысы аумақта­рындағы 11 су объектісінде 23 бақылау нүк­тесінде жасалынған. Түптік шөгін­ділер сынамасындағы ауыр ме­талдардың бар-жоғына жасалған талдау негізінде суының сапасы ең жақсы 14 өзен мен бір су қоймасы ғана бары анық­талған. Қара Ертіс, Павлодар облы­сындағы Ертіс, Алматы облысындағы Усолка, Үржар, Беттібұлақ, Үлкен Ал­маты, Кіші Алматы, Есентай, Түрген, Талғар, Темірлік, Қар­қара, Қаскелең, Ақсу, Түркістан облы­сына қарасты Ақсу өзені мен Өскемен су қоймасының суы кез келген өндіріске жарамды. Ал 14 өзен мен бір су қоймасы балық өсіру, рекреация, суару, өнер­кәсіп үшін жа­рамды. Тек шаруашылық ауыз­сумен жаб­дықтау үшін 5 өзен мен 2 су қой­ма­сының суын пайдалануға бо­лады. Бе­сінші класты ең нашар су қата­рына Ақтөбе облысындағы Ембі, Әйет, Тоғы­зақ, Қарабалта, Ақбұлақ, Сарыбұлақ өзендері мен Кеңгір су қоймасы кірген. Ал су пайдаланудың барлық тү­ріне жа­рамсыз ең төменгі класқа 15 өзен мен 4 су қоймасы кіріп отыр. Ақтөбе об­лы­сын­дағы Тихая, Қиғаш, Шыңғырлау, Елек, Сарыөзен, Тобыл, Обаған, Жел­қуар мен Ақмола облысындағы Ақсу, Қыл­шықты, Қара Кеңгір, Талас, Тоқташ өзен­дерінің суын қолдану қауіпті. Сон­дай-ақ Түркістан облысына қарасты Сырдария, Катта-Бугун өзендері мен Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Тасөткел мен Шардара су қоймаларының суында қалқыма заттар мөлшері шамадан тыс артып кеткен.

Тазарту жұмыстары тоқтап тұр

«Байтақ болашақ» экоальянс төраға­сы Азаматхан Әміртай су қоймаларындағы инфрақұрылымның тозығы жеткенін тіл­­ге тиек етті. Тәуелсіздік алғалы бері жа­ңарту көрмеген су құбырлары тот басып, уақыт өте келе зиянды зат бөледі. Екін­­­шіден, су қоймаларын тазарту жұ­мыс­тары жүріп жатқан жоқ. «Бұл мәселе шешімін табу үшін мемлекеттік бағ­дарлама қа­был­данып, бюджеттен қа­ражат бөліну керек. Екіншіден, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қа­дағалауға алу қажет. Су қоймаларын жа­ңартып, судың сапасы үнемі тексерістен өткізіліп, тазарту жұ­мыс­тары тұрақты жүргізілгенде ғана жөн­ге келеді. Қазір бар­лық салада жаңа техно­логия қолда­нысқа еніп жатыр. Соңы тех­­нологияларды су қоймаларына да әкелу керек. Ал бізде жаңартып жатырмыз дейді де, жартысы жөнделмей қалып кетеді. Толықтай жөн­деу көрмеген су қоймалары бәрібір судың сапасына әсер етпей қой­майды», – дейді эколог. Сондай-ақ эколог өндіріс орын­дарынан шыққан қалдық­тарды бейбе­рекет төгетін компа­ния­лар экологиялық стандарттарды пыс­қырып жатқаны шамалы. Бұл кәсіп­орын­дардың әрекетіне тоқтау салатын органның жұмы­сындағы олқылықты көрсетіп отыр.

«Су қадірін білмейміз»

«Бұл мәселеге біржақты қарауға бол­майды. Су сапасының нашарлап бара жатқанына жан-жақты ғылыми тұрғыда баға берілуі керек». Осылай деген ECO FUND TABIGAT қорының мүшесі Гер­ман Чащин тексерістің аймақтардағы су қоймаларының тарихи анықтама­лы­ғынан басталып, суды сүзгіден өткізіп, пайда­ла­нудың соңы тәсілін қолдану күн тәрті­біне қойылса деген пікірін айтты. «Осы­ған жауапты органдар бұл тұрғыда қандай уәж айтады? Олар да өз тарап­тарынан ғылыми тұрғыда тексеріс жүр­гізуі керек. Эколог ретінде айтарым, біз­­де әлі күнге дейін екінші деңгейлі су­ды пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, шетелдерде сүзгіден өт­кі­зілген суды техникалық қа­жетті­лік­терге жұмсау қолға алынған. Пай­дала­нылған су сүзгіден өт­кі­зіліп, көлік жууға, көше тазалауға, гүл­зар­ларды суаруға қол­данылады. Ал бізде мұндай техникалық қажеттіліктер үшін ішуге арналған су пайдаланады», – дейді ол. Оның айтуынша, Қазақстан судың қа­дірін білмейді. Соның салдарынан біз­дегі су қоймалары соңғы 20-30 жылда тар­тылып, құрғақшылық жайлап ба­ра­ды. Құрғақшылық жайлаған Орталық Азия елдерінің арасында біздің ел он­дыққа ілінген, мұның өзі су қоймала­ры­на қауіп тудырып отырғанының айғағы. Былтыр Үкімет отырысында елді ме­кендерді сумен жабдықтау және су бұру мә­селелері қаралған кезде Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халықты сапалы ауызсумен қамту қарқыны туралы айтып, қарық қылып қойып еді. Алайда ауызсуға жарамды бір ғана су қоймасы қалғанына қарасаң, атқамінерлер айтқан уәдеге сенудің өзі қиын.

Жадыра МҮСІЛІМ