Мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру екені белгілі. Бұл ретте елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге болып бекітілді. Алайда Жамбыл облысында пошта қызметкерлері 15 мың теңге айлықпен күнелтіп жүргендерін естіп таңғалдық. Мәселенің мәнісіне жету үшін пошта қызметінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарына үңілдік.
27 қызметкер 0,3 штаттық бірлікпен жұмыс істейді
Жалпы, біздің қолға түскен ақпаратта Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы Көгершін кентінде пошта қызметкерлері 15 мың теңге жалақы алады деп көрсетіліпті. Тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында елімізде ауқымды жобалар қолға аланып жатқанда «бұл қалай?» деп бастапқыда сенбедік. Алайда «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына қайырылғанымызда «аңыз» деп ойлағынымыз ақиқат болып шықты. – Т.Рысқұлов ауданы Көгершін кентінде бүгінде 2 пошта қызметкері жұмыс істейді. Олар жұмысқа 0,3 штаттық бірлікпен алынған. Газет немесе хат елді мекенге келгенде пошташылар 2,5 сағатта оны таратады. Одан кейін бос. Қалған уақытында қалаған жұмысымен айналысса болады. Дәл қазір Көгершін кенті бойынша пошташыларымыздың жұмыс жүктемесі өте аз. Өйткені онда бар-жоғы 3 200 ғана тұрғын тұрады. Олардың барлығы бірдей газет алмайтыны да белгілі. Сондықтан мен «егер көп айлық алғыларың келсе, газет жазылымын көбейтіңдер» деп мамандарыма айтып отырмын. Негізі, бұл – «Қазпошта» акционерлік қоғамында бұрыннан келе жатқан жүйе. Тиісті министрлікпен де келісілген. Сондықтан сағаттық жұмыс болғаннан кейін келісімшарт негізінде осындай жалақы төлеп отырмыз, – дейді филиал директоры Бекжігіт Бекбердиев. Бекжігіт Лесұлының тағы бір сөзіне сүйенсек, Жамбылдағы жағдайға шүкірлік ету керек екен. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысында пошташылар 0,1 штаттық бірлікпен 5 мың теңгеге де жұмыс істейтін көрінеді. Осы тұста мамандардан Жамбыл облысында қанша пошташы 0,3 штаттық бірлікпен жұмыс істейтінін сұраған едік, бір ғана Т.Рысқұлов ауданында 27 қызметкер 15 мың теңгеге күнелтіп жүргені туралы ақпарат алдық. Бұдан бөлек, ауданда 0,4 және 0,6 штаттық бірлікпен де жұмыс істейтіндер бар екен. Олардың жалақысы сәл жоғары.Қолма-қол есеп айырысатын мекемелер де аз емес
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының қызметкерлеріне белгіленген айлық жалақылары қаншалықты заңға сай? Бұл сауалмен облыс әкімдігі Еңбек инспекциясы басқармасының есігін қақтық. – Негізі, бұл құқықбұзушылық болып саналмайды. Заңда күнделікті 8 сағат жұмыс істеген қызметкердің ең төменгі айлық жалақысы 42 500 теңгеден кем болмауы керек деп көрсетілген. Ал пошта қызметкерлері сағатпен жұмыс істейтіндіктен, оларға жұмыс беруші қандай жалақы қойса да, өзі біледі. Бұл – жұмысшы мен жұмыс берушінің екіжақты келісімшарты негізінде бекітілетін нәрсе. Бір жағынан мұндай жүйе пошташылардың өзіне тиімді. Олай дейтінім, біз жүргізген зерделеудің қорытындысында пошташылардың 90 пайызы қосымша жұмыс істейтіні белгілі болды. Десе де, басқарма тарапынан пошташылардың айлық жалақысын өсіру туралы насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ оны біз емес, «Қазпошта» АҚ шешеді. Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін қызметкерлерімен қолма-қол есеп айырысып келе жатқан мекемелер бар. Оған қарағанда пошта қызметкерлеріне әлеуметтік пакеттер қаралатыны қуантады, – дейді басқарма басшысы Ернар Есіркепов.Қосымша жұмысты қайдан табады?
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорымен кездескен кезімізде пошташылар бір айлық көтерме жәрдемақымен және қысқы-жазғы аяқкиіммен қамтылатыны туралы естідік. Алайда пошташылардың өздері не дейді? – Аудан орталығында отырған біздің айлық жалақымыз – 35 мың теңге. Ал ауылдардағы пошташылардікі біздікінен анағұрлым төмен. Мойынқұм ауданының орталығында 4 пошташы жұмыс істейді. Күнделікті келген хат пен газетті 2,5-3 сағаттың ішінде 16 көше мен мекемеге таратуымыз керек. Көктем мен күз айларында аяқкиіммен қамтамасыз ететіні рас. Ал көтерме жәрдемақы бұрын берілген болса, қазір ондай көмек жоқ. Велосипедті де осыдан үш жыл бұрын алып берген. Одан кейін жаңартылмады. Жұмысымыз сағаттық болғандықтан, бос уақытта қосымша жұмыс істеуге болатын еді. Алайда ауданда ондай жұмыс жоқ. Сондықтан осы бір азын-аулақ айлыққа қарап отырмыз, – дейді Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылының пошташысы Ағзия Мұқатаева.ТҮЙІН:
Осылайша, пошташылар бүкпесіз шындықты айтып отыр. Аудан орталығының өзінде жұмыс болмаса, пошташылар шалғай елді мекендерден қосымша жұмысты қайдан тапсын? Амал жоқ, 0,3 және 0,6 штаттық бірлікпен күнелтуге мәжбүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында дәл осы мәселеге басымдық беріп, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге көтеруді тапсырғаны белгілі. Ал Жамбыл облысында жұмысшылар әлі күнге 15 000 теңге алып жүргенін ойласақ, бұл межеге қашан жетеміз? Күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлардың күн санап қымбаттап жатқанын ескерсек, пошташылардың жалақысымен бала-шаға түгілі өз басыңды асырау қиынның-қиыны екені анық. Сондықтан «Қазпошта» АҚ Президенттің тапсырмасын негізге ала отырып, жұмысшыларының жалақысын көтереді деп сенеміз...Саня ТІЛЕУЖАН, Жамбыл облысы