Жамбылдағы жарылыс: бір айда не өзгерді?
Жамбылдағы жарылыс: бір айда не өзгерді?
463
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданын­дағы әскери қоймада болған жарылыстан бері айдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде елді мекенде не өзгеріп, апат салдарын жою ба­ғы­тын­да қандай жұмыстар атқарылды? Бұқараның базынасына билік құлақ түріп, қаза тапқандардың жақындары мен жаралыларға өз деңгейінде көмек көрсетілді ме?

Қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны қандай?

Облыс әкімдігінің берген мәлі­метіне сүйенсек, төтенше жағдай кезінде зақым келген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін 5 жұмысшы тобы құрылып, олардың құрамына Құрылыс басқарма­сының, аудан әкімдігінің, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерт­теу институтының және жобалау ұйымдары мен төтенше жағдай қыз­меткерлері енген екен. Олардың күшімен Байзақ ауданындағы Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үй зерделеніп, 159 тұрғын үй, 12 коммер­циялық, 4 әлеуметтік нысанның зардап шеккені анықталған. Оның ішінде 35 үй мен 12 коммерциялық, 1 әлеуметтік ны­санға және 1 ауыл­ішілік жолға айтарлықтай зардап келгендіктен, мемлекет есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу бо­йынша шешім қабылданған. Жарылысқа жақын аумақта орналасқан Қайнар ауылындағы 19 тұрғын үйдің 6-ауының шатыры бүгінде толығымен жабылып отыр. Қазір тек ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Байзақ ауданы әкімі­нің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, қалған үйлердің де шатыры жуық арада жабылып бітеді екен. – Жұмысшы тобының қо­рытындысына сәйкес 19 үйдің 3-еуінің қабырғасы сүріліп қайта тұр­ғызылса, 1 үй мүлдем жарамсыз деп табылғандықтан іргетасынан бас­тап қайтадан салынып жатыр. Құрылысқа жауапты 5 мердігер ком­пания күн-түн демей жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде осы ап­таның аяғына дейін 3 үйдің тұр­ғындары баспанала­ры­на оралады. Жалпы, құрылысты толығымен аяқ­тауға 2 ай уақыт берілді. Сондықтан біз алдағы 20-25 күннің ішінде барлық баспаналарды қолданысқа береміз деп күш салып жатырмыз. Жарылыс кезінде аудан бойынша 34 тұрғын үйге зақым келсе, 72 үйдің есік-терезесі қалпына келтірілді. Жеңіл зардап шек­кен 3 әлеуметтік нысан мен 124 жеке тұрғын үй демеушілер есебінен жөнделіп жатыр. Елеулі дәрежеде зардап шеккен тұрғын үйлер бойынша да жұмыстар қолға алынған. Жалпы, бұл іс-шараларға 12 мердігердің 187 жұмысшысы және 22 техникасы жұмылдырылған, – дейді Қайрат Әбілханұлы.

Байзақтағы бұқара не дейді?

Байзақ ауданындағы елді мекендерді аралау барысында тұр­ғындар билік тарапынан көрсеті­ліп жатқан көмекке риза­лықтарын жеткізді. – Мұндайды ешкімнің басына салмасын, әрине. Бір сәт тыным таппай, қызу жұ­мыс­тың бел ортасында жүрген құрылыс­шыларға алғысым шексіз. Барлығы өз үйлерін жөндеп жатқандай ештеңеден аянып жатқан жоқ. Тек біздің ғана емес, ауылдастарымның барлығының үйінде құрылыс осылай қызу жүріп жатыр. Осында қызым тұрады. Оның да баспанасының құрылысы таяу арада аяқталмақ. Облыс пен ауданның басшылары күнара ауылға ат басын бұрып, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Дәнегүл Сүйіндікова. Қайнарлық Қымбаткүл Алибаеваның үйіне орасан зақым келгендіктен, ол жарамсыз деп та­нылған. Соған байланысты тұр­ғын үйді түгелдей сүріп тастап, ір­гетасынан бастап қайта тұрғызылып жатыр. – Бұл жарылыстан баспанамыз қирап, толықтай жарымсыз болып қалды. Әрине, жазмыштан озмыш жоқ. Облыс басшылығы тарапынан барынша көмек көрсетіліп, жәрдем беріліп жатыр. Апат болғаннан бері 1 айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде құ­рылыс жұмыстары бір бәсеңде­ген жоқ. Әзірге есік алдына тігілген арнайы шатырда уақытша кү­нелтудеміз. Күн суытып, қар жауғанша өз баспанамызға қайта оралармыз деген үмітіміз бар, – дейді тұрғын.

Қаза тапқандардың несиесі толықтай кешірілді

Жалпы, Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін бір ай ішінде атқарылған жұмыстар туралы күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте де баян етті. – Байзақ ауданындағы әскери қой­мадағы жарылыстан 17 адам қаза тауып, бір сарбаз әлі күнге табылмай жатыр. Десе де, оны іздеу жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Қаза тапқандардың жақындарына ең әуелі жерлеу үшін Бі­рыңғай зейнетақы қорынан қар­­жы берілді. Бүгінде 15 отбасына төленіп, 2-еуінің стажы мен төлемі белгіленген межеге жетпеді. Тө­ленген сома­ның құны – 13 мың мен 152 мың теңгенің аралығында. Екіншіден, асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін сома әлеуметтік төлем­ақы есебінен 76 мың мен 262 мың теңге ара­лығында белгіленді. Төлемдер қа­зан айынан бастап төлене бастайды. Үшіншіден, әскерилерге қатысты заңға сәйкес, соңғы бес жылдағы жалақысы әлеуметтік төлем ретінде берілетін болды. Бұл сома – 7 миллион мен 23 миллион теңге аралығында. Бұдан бөлек, республикалық қазынадан 10 миллион, жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қайтыс болған азаматтардың жақындарына көмек ретінде тапсырылды. Тағы бір айта кетерлігі, 17 азаматтың отбасының жағдайы толықтай зерделеніп, екінші деңгейлі банктердегі 47 несиесі ке­ші­рілді. Сондай-ақ марқұмдардың жұмыссыз туыстарын қызметпен қамтып, қазір қалған алты азаматты жұмысқа тұр­ғызу жұмыстары жүріп жатыр, – деді облыс әкімі.

Жарақат алғандар да мемлекеттік қолдаудан шет қалмады

Брифингте әкім жарылыс кезінде жарақат алғандар да мемлекеттік қолдаудан шет қалмағанын хабардар етті. – Төтенше жағдай кезінде барлығы 87 адам жарақат алды. Оларға 291 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Үйлері қираған тұрғындар­ды біз қалау­ларына қарай уақытша ша­тырға орналастырып, күн суыт­­қан тұста жылы киімдермен қам­ты­дық. Жарылыс аумағында бол­ған үйлердің барлығының балалары мектепке барып жүр, – деді Б.Сапарбаев. Брифинг барысында журналис­тер тарапы­нан қойылған жарылыс­тың себебі мен жауаптылар қашан анық­талады деген сауалға облыс әкімі қазір арнайы тексеріс жүр­гі­зіліп жатқанын, соның қорытын­ды­сында барлық жағдайдың анық-қанығы айтылатынын жеткізді.

P.S.

Жалпы, Байзақ ауданындағы құрылыс жұмыстарына демеушілер тарапынан 150 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген. Қосымша мемлекеттік резервтен тағы 1 миллирд 200 миллион теңге бөлінген. Міне, осы қаржыға елді мекенде қираған нысан­дардың денінің құрылысы қазан айында аяқталады деп жоспарланған. Ең бастысы, бұ­қара күн суытпай баспаналарына кіріп алса игі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы