Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградалар тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Біздің әріптестеріміз, полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев қызметтік міндеттерін адал атқарып, әріптестеріне үлгі болып, болашаққа жоспар құрды. Олардың өмірін қиған қайғылы оқиға барлық қазақстандықтарды дүр сілкіндірді", - деді ІІМ басшысы.
Учаскелік полиция инспекторлары Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиев қаза тапқан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
"Бүгін мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларды тапсыру үшін келдім", - деді министр.
Ол ішкі істер органдарының қызметкерлері қызметтік борышы бойынша әрдайым қылмысқа қарсы күрестің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы қатарында екенін атап өтті.