Шығыс Қазақстан облысының полицейлері Үлбі өзеніне секірген ер адамды құтқарды, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
1 қазанда сағат 22.50 шамасында полицияға Үлбі көпірінде ер адамның секіруге оқталып тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына тәртіп сақшылары шұғыл жетті.
«Полицейлер жігітті әңгімеге тартып, теріс қадамға бармауға шақырды. Сол кезде көпірдің астына криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері Ерік Ерсаинов пен Аян Сембаев келіп жетті. Кенет сөзге құлақ аспаған азамат көпірден секіріп, суға құлады. Бұны көрген Ерік лезде киімін шешіп, құтқаруға ұмтылған. Көп ұзамай, оны ұстап алып жағаға жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
23 жастағы жігіт ауруханаға жеткізілді. Соңынан белгілі болғандай, оның мұндай қадамға баруына сүйіктісімен ренжісіп қалуы себеп болған.