Дереккөздің жазуынша, EXPO – 2020 Dubai көрмесіндегі Қазақстан павильонының жалпы шығыны 8 млрд. теңге болды. «QazExpoCongress» ҰК» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстан секциясының бас комиссары Аллен Шәйжүнісовтің айтуынша, қаржы бюджеттен бөлінді.
«Павильон құрылысына қаржы үш жыл бұрын қарастырылған. Бюджеттен 8 млрд. теңге бөлінді. Оған 3400 шаршы метр павильон салынды. Ал 2015 жылғы көрмеде қаржы бұдан көп еді. Ал павильон аумағы 2000 шаршы метр болған еді. Біз шығынды өзге елдермен салыстырдық. Беларусь 20 млн. доллар жұмсады. Павильондарының аумағы – 2,5 мың шаршы метр. Ресей 4 мың шаршы метрге $40 млн. жұмсады», – деді.
8 млрд. теңгеге электр қуаты, сумен қамту, жалақы, тазалау мен күзет қызметтері де кіреді.
Шәйжүнісовтің айтуынша, павильонды Қазақстанға әкеп қайта құрастыруға болады.
«EXPO – 2020 Dubai ұйымдастырушылары Қазақстан павильонын сақтап қалу туралы ұсыныс айтты. Мұнда сауда өкілдігі немесе Таяу Шығыстағы отандық компаниялардың кеңсесі етуге болады. Сонымен қатар павильон елдің туристік әлеуетін де таныстырады», – дейді.