Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барды
Мемлекет басшысы Жамбыл облысына барды
188
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, инвес­тициялық жобалардың жүзеге асырылуы және Тараз қала­сының даму перспективалары туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады.

Бердібек Сапарбаев Прези­дентке «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» атты Жол­дауда бе­рілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. Облыс әкімінің есебін тың­даған Президент өңірді дамыту­дың басым бағыттарын белгілеп берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары Қордай ауданын­дағы Биологиялық қауіпсіздік проб­лемалары ғылыми-зерттеу инс­титутына қарасты QazVac вак­­цинасын шығаратын биофар­ма­­цевтика зауытының қызметі­мен танысудан басталды. Институттың бас директоры Күнсұлу Закария Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғы­лыми-зерттеу институтын одан әрі дамыту жоспары туралы баян­дады. Зауыт өндірістік тәжірибе бойын­ша халықаралық стандарт­тарға (GMP) сай келетін имму­нобиоло­гиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус інде­тіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, ноду­лярлы дерма­титке және басқа да жұқпалы ауру­ларға қарсы вак­циналар шыға­ратын болады. Президент зауыт қызметкер­лерімен әңгімелесу барысында жо­баның маңыздылығын атап өтіп, отандық вакцинаның коро­навирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын күшейтуге зор үлес қосатынына сенім білдірді. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы Гвардейский кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік пробле­малары ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның қызметкерлеріне арнап са­лынған тұрғын үйлер құрылы­сының барысымен та­нысты. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев отандық және шетелдік ғылыми маман­дар­ға арналған 180 пәтерлік үш тұрғын үй құрылысының аяқтал­ғаны туралы баяндады. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа жиһаздармен толық жабдықталған жаңа пәтерлер көрсетілді. Үйлерді салуға рес­публикалық бюджеттен 2,3 мил­лиард теңге бөлінген. Бірінші үйдің құрылысы биыл мамыр айында аяқталды. Көпқабатты үйлердің құрылысы толық бітіп, барлық инженерлік желілер тартылған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Гвардейский кентіндегі жаңадан ашылған спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Президентке спорт ныса­нында екі ауысымда 120 адам жаттыға алатыны жөнінде айтыл­ды. Спорт кешенінде волейбол, футбол, күрес, бокс, таэквондо және каратэ залдары бар. Мемлекет басшысы жас спорт­­­шыларға табыс тілеп, олар­ға тре­нажер жабдықтарын сыйға тарт­ты.