Жарты мыңға жуық Қазақстан азаматы жүздеген миллиард қаражатын шетелдегі есепшоттарда сақтайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев хабарлады. Оның мәліметінше, биыл декларация тапсырған 497 мың жеке тұлғаның 440-ы әлемдегі 58 елдегі банкте төл шотына ие екен. Сол шоттардағы ақшаның жалпы сомасы 691 миллиард теңгені құрады.
Қазақстандықтар ең көп банк есепшотын Ресейде, АҚШ-та және Швейцарияда ашқан. Сонымен қатар 494 жеке тұлға 26 елдегі 666 жылжымайтын мүлік нысанын декларациялапты. Оның көбі – 436-сы Ресейде, 44-і – БАӘ-де, 38-і – Түркияда. 1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте жекеменшігінде 1 198 көлігі барын салықшыларға жария еткен. Оның да көбі – 292-сі Ресейде. 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі – Германияда тіркелген. 47 азамат елден тыс жерде – Ресейде, Кипрде, БАӘ-де 57 заңды тұлғада үлес еншілеген. 1 585 жеке тұлға жалпы саны 11 елде 1 603, соның ішінде Қазақстанда 1 568 жылжымайтын мүлік құрылысында үлесі барын көрсеткен. Бұдан бөлек, 116 адам – декларацияларында инвестициялық алтынға, 918 адам – 25 елде құнды қағаздарға, 608 адам 635 пайлық инвестициялық қорда пайға ие екенін жазыпты. 212 адам зияткерлік меншіктің, авторлық құқықтың 218 нысанына иелік етеді. 355 адамның дебиторлық қарызы, 578 адамның кредиторлық берешегі бар. 1 704 қазақстандық 2 327 объектіні сенімді басқаруға табыстаған. Еске сала кетсек, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жауапты лауазымдағы тұлғалар мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және соларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары және басқалары кірістері мен мүліктері туралы декларация тапсырды.Елдос СЕНБАЙ