Қызылордада қылмыс 8,8 пайызға азайған
Қызылордада қылмыс 8,8 пайызға азайған
270
оқылды

Халық арасында құқықбұзу­шылық­қа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру бағытында Қызылорда облысында биыл 28 мың­нан астам құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік шара қол­даныл­ған.

Осы жылдың 8 айында тіркелген қыл­мыстар 8,8 пайыз, ауыр қылмыстар 14 пайыз, қоғамдық орында жасалған қылмыстар 14,5 пайыз, көшеде жасалған қылмыстар  12,7  пайызға  төмендеген.
«Аса ауыр қылмыстардың болу себебі – қылмысқа  барған адамның алкогольдік күйде болуы», – дейді қызылордалық полицейлер. Дүкендерде алкоголь өнімдерін шектелген уақыттан тыс уақытта сатудың 251 дерегі анықталып, әкімшілік сотпен тиісті шешім қабылданған.
Қоғамдық орындарда алкогольдік өнімді пайдаланғаны немесе алкогольді масаң күйде келгені үшін 2 947 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Сондай-ақ отбасы жанжалын шығаратын 1 876 тұлға есепке алынып, алкоголизмнен еріксіз емдеу орындарына 89 тұлға орналасқан.
– Облыс орталығында қылмыс көп болған аумақтарда «Квадрат» тәсілімен профилактикалық шаралар қабылдануда. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақса­тын­да патрульдік полиция қызметкерлері көпқабатты үйлер ауласын және адамдар көп шоғырланған орындарға жаяу патрульдеуге ауыстырылды. Тәуліктің түнгі уақы­тын­­дағы қылмыстардың алдын алу мақса­тында жазғы мезгілде патрульдік полиция бекеттерінің 70 пайызы түнгі уақыттағы кезекшілікке ауысты, – дейді Қызылорда облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев.    
Жергілікті полиция қызметінің сақшы­лары 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1 желтоқсан  аралығында облыс көлемінде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғанын атап өтті. Іс-шара барысында барлығы 19 306 тексеріс жүргізіп, 4 685 пәтер мен 14 621 жекеменшік үйді аралаған. Нәтижесінде, облыс көлемінде барлығы 15 пәтер заңсыз жалға ұсынылып жат­қаны анықталып, жергілікті жердегі Мемлекеттік кірістер басқармаларына ұсы­ныс жолданыпты. Сонымен қатар аталған іс-шара барысында ішкі істер органдарының профилак­тикалық және тізімдік есебінде тұрған 1 592 тұлғаның тұрғылықты мекенжайынан тек­серу жұмысы жүргізіліп, олармен қыл­мыс­тарды қайта жасамау бағытында про­филактикалық әңгіме жүргізіліпті. Бұдан бөлек, заңсыз қаруларды сақтау дерегі анықталып, 5 қару тәркіленген. Кәмелетке толмағандар мен жастар ара­сын­да қылмыстылық пен құқықбұзу­шылықтың  алдын алу, болдырмау, олармен және оларға қарсы қылмыстың жасалуына жол бермеу мақсатында 2021 жыл­дың қыркүйек айының 13-19 күндері ара­лығын­да «Жасөспірім» жедел-про­филак­тикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында білім беру орындарында жасөспірімдермен түсінік беру жұмыстары жүргізіліп, түнгі уақытта білім беру мекемелері мұғалімдерінің және ата-аналар комитеттері мүшелерінің, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, ішкі саясат бөліністерінің жастар ресурстық орта­лықтары қызметкерлерінің қатысуы­мен рейдтік тексеру жұмыстары ұйымдас­тырылған. Нәтижесінде, іс-шараның 2 күнінде әр­түрлі әкімшілік құқықбұзушылық жаса­ған­дары үшін ішкі істер органдарына 98 кәмелетке толмағандар жеткізілсе, 9 кәме­лет­ке толмағанға қадағалаусыз және панасыз жүргендері үшін облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орна­лас­тырған. Ішкі істер органдарына жеткізілген 98 баланың 89-ы түнгі уақытта заң­ды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүргені үшін, 9-на ұсақ бұзақылық жасағаны үшін шара қолданылған. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құ­қық­тары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамаған 3 дерек анықталып, олардың заңды өкіліне әкімшілік хаттама рәсімделіп, сотқа жолданған. Полиция бөліміне жеткізілген барлық кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарымен профилак­тикалық сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ балалардың қатысуымен бо­ла­тын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында, осы жылдың 23 тамыз-23 қыркүйек аралығында Қызылорда облысы­ның Полиция департаменті  барлық мүд­делі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилак­тикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара барысында облыс көлеміндегі барлық 294 мектеп, 587 мектепке дейінгі мекеме және 60 қосымша білім беру ұйымы және аталған ұйымдардың жақын орналас­қан аумақтардың көше-жол желісінің және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарының пайдалану жай-күйіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдау үшін жауапты мекемелерге 112 ұйғарым жолданыпты. Білім беру ұйымдарының жанында орналасқан 198 жол белгісі жаңартылса, 618 метр жаяу жүргінші жолы жаңадан салынып, 35 жасанды кедергі орнатылған. Магистраль көше бойында орналасқан 97 оқу мекемесінің жанына полиция жасағы қойылып, оқушылардың сабаққа келу және қайту уақытында жол қозғалысын қамтамасыз етіп келеді.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы