Бірнеше ұшақ, кең сарайдай пәтерлер, аса қымбат көліктер, көлемі атшаптырым жер учаскелері, миллиардтаған ақша... Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі «тотализаторлық» ұйым – «Олимптегі» қаржы жылыстатумен күреске қатысты үш жылдай жүрген эпопеяға биыл нүкте қойылды. Алпауыт букмекерлік кеңсенің қожайыны шетелге қашып құтылды, ал ағайындары және қызметкерлері тұтылды. Сот олардың да дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекетке тапсырды.
Шыңға шығамын деп шыңырауға құлады...
«Олимптің» негізін қалаушыны және оның бауырларын айтпағанның өзінде, тіпті букмекерлік кеңсенің қатардағы бағдарламашылары, есепші-бухгалтерлері, тасымалдаушы-курьерлері де аз уақытта шылқыған бай болып шыға келген: олар элиталық пәтерлердің, бағасы удай «темір тұлпарлардың», ұлан-ғайыр жер телімдерінің коллекционерлеріне айналған. Рас, таяуда оның бәрін, тіпті жасырын сейфтерге тыққан қаражатын құзырлы органдар сот арқылы тартып алды. Бұл қаражаттың адал емес, арам, тіпті «қанды» екені құпия емес. Қолында барын бәске тігіп, оңбай ұтылған қаншама қазақстандықтың отбасы ойрандалды, қаншама адам құса болып, депрессияға ұшырап, күйзелістен жан тапсырды, қаншасының өзіне-өзі қол салғаны белгісіз. Букмекерлік кеңселердің елге қандай азап-мехнат әкелгенін бірнеше мысалдан аңғаруға болады. Солтүстікқазақстандық Нина Р. осы құмар ойыны күйеуінің есіл-дертін жаулап, есіртуі кесірінен жас баласымен далада қалғанын айтып, мұң шағады.«Кәмелетке толмаған жас қызыммен баспанасыз қалдым. Азаматтық некедегі жұбайым менімен келіспей, жалғыз үйін сатып жіберіпті. Айналасында жері, бау-бақшасы бар үлкен үй еді, ең кемі 14 миллион теңге тұратын, оны тездетіп өткізу үшін сегіз миллионға бере салған. Интернетте бәс тігіп ойнайтынын біз білмедік. Жергілікті сотқа жүгіндік: бұл сауданы лудомания кесірінен жасағанын айтып, мәміленің күшін жоюды сұрадық. Сот бас тартты. Осы үйді тұрғызуға деп 3 млн теңге несие алғанмын, оның берешегі де ауыртпалығын түсіріп тұр. Әке-шешем жоқ, жетім баламын. Барар жер, басар тау қалмады», – дейді Нина. Алматы тұрғыны Әсел Қостаева танысының ұлы букмекерлік кеңселердің «құлына» айналғанын жеткізді: «Жаман лудоман болып кетті. Бәс тікпесе, тағат тауып отыра алмайды. Бұрыннан төленбеген несиелері бар, оның үстіне тағы кредит алыпты. Өзі бір айдан бері жұмыссыз. Амалсыз, борыштарын ата-анасы өтейді. Бірде олар үйлеріне оралғанда ұры түсті деп ойлапты, шынында құнды заттарын ұлы алып кетіп, ломбардқа тапсырған. Бұл нашақорлықтан жаман», – дейді ол.Ал Закир есімді кәсіпкер КТК арнасына берген сұхбатында 6 жылда букмекерлік кеңселерде 800 мың долларын ұтқызғанын әңгімеледі. Арасында миллиондап ұтқан, мол ұтысын да букмекер шотына енгізген. Ақыр соңында бизнесінен айырылған, борыш батпағына батқан, ұрлық жолына түскен. Өзіне-өзі қол салуға талаптанған. Оңалту орталығындағы психотерапевттердің көмегі арқасында аман қалды. Мұндай деректер ел арасында көп. Қазақстандықтар тек ресми мәлімет бойынша 2020 жылы букмекерлік кеңселерге 79 миллиард теңге салды.
Африкада филиалын ашқан...
«Олимп» букмекерлік кеңсесі Жауыровтардың отбасылық бизнесі болатын. Оны 2004 жылы Анарбек Жауыров ашады, бизнесмен құзырлы органдар қудалауды бастаған тұста елден тайып тұрды, «База компромата» порталының дерегінше, қазір Нью-Йоркте тұрып жатыр. «Олимп» Қазақстанның ойын нарығының шамамен 70%-ын еншілеген. Ол елімізбен шектелмей, қанатын кең жайып, Ресейге, Беларуське, Тәжікстанға және неге екені белгісіз, Оңтүстік Африка республикасына таралды. Кейбір сарапшы мұны Анарбектің саяхатқұмарлығымен байланыстырады: Facebook, Instagram парақшалары А.Жауыровтың, әсіресе Еуропаны, сондай-ақ Доминикана, Монако, Ямайка, Фиджи, Маршалл және Кариб аралдары, Тобаго, Бора-Бора, Таити секілді төрткіл дүниенің қымбат, экзотикалық бұрыштарын шарлауды жақсы көретінін аңғартады. Бизнесмен қайда демалғанын мақтана көрсететін (парақшалары біраздан жаңармаған). Өзгелердің іші күйсін дей ме, ол сондай-ақ меншігіндегі қымбат көліктерінің жанында фотоға түсуге құмар еді. Жұрт осы арқылы онда Mercedes-Benz S-Class, Rolls-Royce Phantom, тіпті BMW I8 спорт-кары барын білді. Әрине, ол мұндай «ұрттап ішіп, шайқап төккен» бақуатты өмірге букмекерлік бизнестің арқасында қол жеткізгені сөзсіз. Бастапқыда «Олимп» БК-ға тек Анарбек Жауыров құрған «Олимп kz» букмекерлік кеңсесі» ЖШС иелік етеді. Алматыда тіркелген компания 2014-2018 жылдары үлкен жетістіктерге жетеді, жыл сайын бюджетке бірнеше миллиард салық төлеп отырған. Алайда 2019 жылы оны күрт кемітіп, ел қазынасына небәрі 26 миллион теңге аударған. 2017 жылдың көктемінде ол «Олимп» брендіне құқықты басқа компанияға – Alpha-Bet ЖШС-іне «тапсырды». Жаңа компания «Олимп kz»-пен бірдей мекенжайда тіркелген, тек басшысы басқа (Вячеслав Устинов). Құрылтайшысы да Жауыров емес, кейбір мәлімет бойынша, Лондонда тіркелген Velora Group LTD. Бұл компания бір жыл ішінде 10,5 миллиард теңге салық төлейді. Әйткенмен, 2019 жылғы қарашаның басында «Олимп» қайтадан құқық иеленушісін ауыстырады: Alpha-Bet өз клиенттерінің барлық ойын логинын Түркістан облысының Арыс қаласында тіркелген Only Bet ЖШС-іне жедел ауыстырады. Бір тықыр таянғанын біліп қойса керек.Көп асқанға бір тосқан
2019 жылғы 29 қарашада Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Олимп» ортақ сауда маркасы бар Only Bet пен Alpha-Bet-тің лицензиясын 6 айға тоқтату және олардың есепшоттарын шұғыл бұғаттау туралы үкім шығарды. Бұл жаңалық кейбір жанның төбесінен жай түсіргендей болды. Тергеу сотының шешімімен келіспеген букмекерлік кеңсе оған қарсы шағым түсіреді. Алайда Алматы қалалық соты қаулыны өзгеріссіз қалдырды. Ізінше бұл арнайы операцияның артында қай құрылымның тұрғаны белгілі болды. 2019 жылғы 6 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі букмекерлік кеңсе арқылы аста-төк ақшаны шетелге заңсыз әкетудің ірі арнасы әшкереленіп, тосқауыл қойылғанын мәлімдеді. Тиісінше, ҰҚК-нің Алматы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, «Олимп» БК әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруына, қаржылық қылмыс жасауына қатысты сотқа дейінгі тергеуге бастамашы болды. ҰҚК мен БК арасында тайталас басталды. «Олимпті» ашық немесе жасырын қорғаушылар жетерлік еді.«Ойын бизнесі саласында азаматтардың құқығын қорғау қауымдастығының президенті ретінде мені құзырлы органдардың «Олимптің» есепшоттарын бұғаттау қарекеті шошытып отыр. Бұл – өте жаман нәрсе. Бізге азаматтар арыз айтып, бәске тіккен ақшаларын әкете алмай жатқанына алаңдаулы. Меніңше, бұл жағдай алапат жанжалға ұласуы мүмкін», – деп үрейленді заңгер Бадри Шаинидзе.Сарапшылар, блогерлер тіпті ойынқұмар халық билікке қарсы көтерілуі мүмкін деп қорқытты. Әрине, ондай ештеңе де болған жоқ.
«Серверді Қазақстан аумағынан тыс орналастыру салық органынан деректерді жасыру үшін жасалған», – делінген әкімшілік сот қаулысында. Құжатта бағдарламалық-аппараттық кешенінің тәркіленгеніне қарамастан, БК-ның сайты қалыпты режимде бәс қабылдауын жалғастырғаны атап өтіледі.
Қанаушының торда отырғаны жөн
Алматының Алмалы аудандық соты шамамен 8 айдай үш компанияның – «Олимп kz» БК» ЖШС, Alpha-Вet ЖШС, Only Вet ЖШС иелеріне және қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Нәтижесінде, Azattyq Ruhy хабарлауынша, сотқа тартылғандардың бәрі дерлік темір тордың ар жағына аттанды: Анарбектің туған бауыры – Жәнібек Жауыров әйелі Майя Жауырова екеуі, бағдарламашы Марат Жандосов, курьерлер – Асхат пен Қанат Сатымовтар, бухгалтерлер – Гүлдана Ихсан, Жанар Елеусізова, Гүлназ Нүсіпбаева, сондай-ақ компаниялардың бірінің құрылтайшысы Руслан Клочков пен айырбастау бекетінің иесі Минат Қазанғапов сотталды. Тек бір қызметкер ғана абақтыдан аман қалды: бағдарламашы Виталий Белинин өз айыбын мойындап, ақша ағынын қалай Қазақстаннан Германияға бағыттағанын егжей-тегжейлі айтып берген. Бұлардың барлығының дерлік мүлкін мемлекет алып қойды. Тергеу дәлелдегендей, 2014 жылғы қаңтардан 2019 жылғы желтоқсанға дейін осы іске қатысы бар тұлғалар ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) құрып, компания серверлерін Қазақстаннан тыс әкеткен, сайтқа елімізде тыйым салынған электронды казиноны интеграциялаған. Клиенттерден түскен ақшаны тұрақты түрде қолма-қол ақшаға айналдырып, валютаға айырбастап, курьерлер арқылы шетелге шығарып отырған. Салдарынан ел бюджеті 95,6 миллиард теңге салықтан қағылды. «Олимп» ұйымдасқан қылмыстық тобы қатысушыларының осы қаржы тасқынын қалай шығындағаны назар аудартады. Мысалы, сайтқа жылдам ойындарды кіріктіріп, тиісті деректер базасын, бағдарламалық қамтылымды әзірлеген қарапайым бағдарламашы Марат Жандосов олигархтай өмір сүріпті. Бірақ қулығының құйрығы бір-ақ тұтам болып шықты: бүкіл дүние-мүлкін офшор арқылы бүркемелемей, бәрін әйелінің атына рәсімдей салған. Осылайша, оның зайыбы Алматыдағы 3 салтанатты пәтердің, 2 жер телімінің, дәмхананың, 2 «қоғамдық-іскерлік мекеменің» (сот қаулысындағы анықтама) иесі болып шыға келеді. Ол көлік пен байктерге құмар екен: әйелінің атына Volkswagen Caravelle, Mini Cooper, Toyota Land Cruiser 200, BMW X5, Mitsubishi Pajero Sport, Kia Rio автомобильдерін, Harley-Davidson Road King Classic люкс маркалы мотоциклін, BMW R12000 R, КТМ 200 Duke байктерін рәсімдеген. Мұның сыртында тергеушілер банк сейфінің ұяшығында жасырған 54 мың доллар қаржысын да кәмпескеледі. Сот ІТ маманды бүкіл сән-салтанатынан жұрдай етіп, 8,5 жылға түрмеге отырғызды. Заңсыз табыстан Жәнібек пен Майя Жауыроваларға әлдеқайда көп олжа тиген. Олардан сот елдің әр түкпіріндегі ірі объектілерін тартып алды. Арасында Ақтаудағы, Оралдағы дәмханалар, Шымкент, Орал, Алматыдағы жер учаскелері, Алматының элиталы ауданындағы 4 пәтер, 2 жеке үй, қоймалар, гараж, Нұр-Сұлтандағы 2 пәтер, дәмхана бар. Конфискат арасында Mersedes-Benz AMG S 4MATIC, Mersedes-Benz G500, Rang Rover Sport секілді люкс-автомобильдер де кездеседі. Сотта «Олимптің» негізін қалаушының туыстары өз айыбын мойындамады, жылжымайтын мүлікті несиеге алғанын мәлімдеді. Сот оған сенбеді: Жәнібек Жауыровты – 8,5 жылға, оның әйелін 6,5 жылға бас бостандығынан айырды. Лас ақшаны сыртқа тасымалдаумен айналысқан ағайынды Сатымовтар да бұдан жақсы табыс тапқан көрінеді: олардан елордадағы пәтері, Hyundai Elantra, Toyota Land Cruiser, Nissan Pathfinder көліктері, 1,5 млн теңге және 32 мың доллар қаражат тәркіленді. Қанат Сатымов 5 жылын темір торда өткізбек, ал Асхат 4 жылға шартты мерзімге сотталды. Сот бухгалтерлерді – Жанар Елеусізовті 6,5 жылға, Гүлдана Ихсанды және Гүлназ Нүсіпбаеваны 5 жыл 1 айға колонияға аттандырды. Тергеу анықтағанындай, олар айына 2-3 рет компания есепшотынан 500 миллион теңгеге дейін шешіп алып, курьерлерге ұстатып отырған. Жауыровтардың барлық тапсырмасының басты орындаушысы Руслан Клочков 6,5 жылын қамауда өткізуі тиіс. Ол өзгелерден ақылдырақ болғанға және байлығын жасырып үлгергенге ұқсайды: тергеушілер тек Алматыдағы жер үйін ғана таба алды. Айырбастау бекетінің қожайыны Минат Қазанғапов та айласын асыра алғандай: кәмпескелейтін ештеңесі жоқ. Сот оны 5 жылға соттады. Тергеушілермен ынтымақтасқан Виталий Белинин 4 жылға «бас бостандығын шектеу» жазасымен құтылғанымен, 878 мың доллар, 230 мың рубль, 3 600 еуро және 214 миллион теңге қаражатын мемлекетке тапсыруына тура келді. Бұдан бөлек, «Олимп» букмекерлік кеңсесінің, аталған 3 компанияның есепшотында және кассаларында қалған 17,5 миллиард теңгеден астам қаржы да мемлекеттік бюджетке құйылады. Әйтсе де, бұл адамдардың бәрі – тек орындаушылар ғана. Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Анарбек Жауыров, Дмитрий Давыдов, Ирина Давыдова, Дидар Смахов, Бақытжан Жұмабаев, Олег Григораш, Михаил Колчин, Илья Мельниченко және Вячеслав Устинов жазадан жалтарып, табанын жалтыратты. Оларға халықаралық іздеу жарияланған. Жыл басында, 16 ақпанда ақпарат құралдары тергеу сотының үкімімен олардың елдегі мүлкі, соның ішінде 4 әуе көлігі, 3 автомобилі, 3,6 млрд теңгесі тәркіленгенін хабарлады. Өз кезегінде бүгінде футболдан Қазақстан чемпионатының титулды демеушісі саналатын букмекерлік кеңсе бұл адамдардың және заңды тұлғалардың Olimpbet БК қызметіне еш қатысы жоғын мәлімдеді.Елдос СЕНБАЙ