Бүгінде ел экономикасының бағыт-бағдарын анықтайтын ірі банктердің негізінен шет мемлекеттер мен шетелдік қаржылық топтарға тиесілі болғаны бізді қатты алаңдата бастады. Қазақстанда мұндай келеңсіздік бір күнде қалыптаса қойған жоқ. Кейінгі 10 жылда отандық капиталы бар банктер саны айтарлықтай азайып кетті. Ал керісінше шетелдік банктер көптеген көрсеткіш бойынша үздіктер қатарына шықты.
Қаржы жүйесінің дағдарысы
Бұл сөзсіз ұлттық қаржы жүйесінің дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. 10 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің саны 39-дан 22-ге түсті. Бұл жерде «пышаққа ілінгендердің» дені қазақстандық банктер екенін айта кеткен жөн. Ал шетелдік банктердің еншілес ұйымдары 2007-2008 жылдардағы қаржы дағдарысынан да, соңғы екі жылдағы пандемияның әлегінен де қатты зардап шеге қойған жоқ. Егер ол кездері ел ішіндегі банктердің 25-і қазақстандық акционерлерге, ал 14-і шетелдік құрылтайшыларға тиесілі болса, қазір мемлекеттік Отбасы банк пен исламдық Заман-банкті қоса есептегенде қазақстандық 10 банк, шетелдік 12 банк жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, ішкі нарықта отандық банктерден шетелдік банктердің саны асып түскен(!). Енді қазақстандық нарықты ұлттық емес, ресейлік және қытайлық банктер билеп-төстеп алған. Қазақстан БСҰ-ға (Бүкіләлемдік сауда ұйымы) кіргелі шетелдік банктердің жергілікті нарыққа қатысуы анағұрлым жеңілдетілген – олар біздің елде өздерінің филиалы арқылы операциялар жүргізе беретін болды. Оның ұлттық экономика үшін тиімділігі шамалы, кірісі мардымсыз, ал доллардың басымдылығы үлкен. Егер 10 жыл бұрын активтердің көлемі бойынша алғашқы бестікке тек қазақстандық капиталы бар банктер кіретін болса, қазір ең ірі «Топ-5» кестесі мына ретпен түзілген: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Сбербанк» АҚ еншілес банкі (Ресей мемлекетіне тиесілі), Kaspi Bank (Baring Vostok қоры арқылы басқарылатын бірнеше шетелдік құрылтайшыға тиесілі), ForteBank, Банк ЦентрКредит. Бұл жағдайда ашық дереккөздерінен белгілі мына жайтты да ескере кеткен жөн: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ активі өзінен де көп «Казкоммерцбанк» АҚ-ны «жұтып қойған» болатын, ал ол бұған дейін «БТА Банк» АҚ-мен қосылып қаржылық әлеуетін зорайтып алған еді. Сөйтіп, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ барлық қызметтік көрсеткіш бойынша (банктік, сақтандыру, бағалы қағаз, лизингтік) қазақстандық нарықтағы №1 банкке айналды. «10 жыл бұрын қазақстандық жүйеқұраушы банктер активтерінің көлемі мен қызметтік ауқымы анағұрлым үлкен болатын. Олар тіпті шетелдік нарықтарды да қарқынды жаулай бастаған еді. Ал қазір ішкі нарықтың өзінде бәсекелестік жоқ»,– дейді экономикалық сарапшы Төлеген Асқаров. Оның үстіне, кейінгі жылдары банк секторына қолдау көрсету үшін мемлекет қазынасынан, сонымен қатар Ұлттық қордан қыруар қаржы құйылып жатқанына қарамастан, оның ұлттық экономикадағы рөлі айтарлықтай төмендеп кетті.Доллардың ықпалы үлкен
Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің дерегі бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта банктердің жиынтық активі Қазақстанның ЖІӨ-сіне шаққанда 46,5%-ды құраған, ал 10 жыл бұрын оның көлемі 52% еді. Банктердің несиелік портфелі 2011 жылы – 22,4%, ал 2021 жылы – 38,8%. Ал клиенттердің салымы бойынша ЖІӨ-ге шаққанда 29,8 %-дан 32,7 %-ға дейін өскен. Жалпы, банк секторындағы жиынтық активтердің – 63,6%-ын, несиелік портфелінің – 70,2%-ын, клиенттер салымының 66,1%-ын ірі 5 банктің үлесі құрайды. Қаржылық реттеушінің дерегіне сүйенсек, өткен 10 жылда банк секторы қызметтерінің табысы едәуір төмендеген. Егер ол жылдары банктердің кіріс салығын төлегенге дейінгі жиынтық активтерге қатысты таза табысы 10,0%-ды құраса, биылғы жартыжылдықта ол 3,5%-ға әрең жетті. «Ұлттық банктің ресми декларацияланған долларсыздандыру саясатына қарамастан, банк секторының депозиттік базасындағы валюталық салымдар ұдайы өсіп келеді. Жартыжылдықта ол 38,4%-ды құраған, ал 10 жыл бұрын долларлық салымдар 33,2% еді. Егер 2011 жылы салымдардың 41,6%-ы заңды тұлғаларға, 35,2%-ы жеке тұлғаларға тиесілі болса, қазір тиісінше 28,6% және 42,4%. Валюталық депозиттердің көбеюіне корпоративтік клиенттердің үлесі ықпал еткен, ал мұндай салымдарға тағайындалған сыйақы мөлшерлемесінің күрт төмендеп кетуіне байланысты халықтың таңдауы теңгеге түскен»,– дейді Төлеген Асқаров. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы консалтингтік, аудиторлық және бағалау компаниялары мамандарының қатысуымен 14 жетекші банктің активтерінің сапасына тексеру жүргізілді. Бұл шара сегіз айға созылып, былтыр ақпанда аяқталған болатын. Ал биыл мамыр айында Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қаржылық ұйымдарды стресс-тестілеуден өткізді. Ол Қазақстан экономикасына кері әсер етуі мүмкін коронавирус пандемиясы мен сыртқы теріс әсерлерге банктердің қаншалықты қарсы тұрарлық қауқары бар екенін бағалауға бағытталды. Дегенмен банкирлер мен қаржылық реттеушілердің статистикасы бір бөлек те, шынайы өмір бір бөлек. Сарапшылардың айтуынша, «Қазақстанның банк секторы ел экономикасының ауқымымен салыстырғанда шағын, корпоративтік басқару тәжірибесі осал, ал тәуекелі жоғары. Оның ішінде қордаланған проблемалық активтерінің көлемі шамадан тыс көп. Егер 1-10 шкаласымен есептегенде, ең нашар көрсеткіш 10 санымен белгіленетін болса, қазақстандық банктердің тәуекелдік деңгейі 9 санымен бағаланған. Яғни, өте нашар деген сөз.Көпшілік шетел банктерінің қызметіне жүгінеді
Қалай дегенмен де, халық өзінің қаржылық қорларын сақтау үшін және банктік қызметтер мен өнімдерді пайдалану үшін ел ішіндегі екінші деңгейлі банктерге жүгінеді. Экономикалық сарапшы Төлеген Асқаровтың айтуынша, олардың ішінде бөлшек саудада қызмет көрсетпейтін және тек белгілі бір бағытта ғана жұмыс істейтін Отбасы банк, исламдық Заман-Банк және Қытайдың Al Hilal мен оның еншілес құрылымдары – Ситибанк, Қазақстандағы Қытай банкі, Алматыдағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі, Шинхан Банк және Ресейдің КЗИ Банкін, Freedom Finance-ты санамағанда, бөлшек саудаға қатысушы 13 банктің арасында ішкі нарықта Ресейдің мемлекеттік Сбербанкі мен Қытайдың мемлекеттік China Citic Bank Corporation Ltd-ның филиалы Altyn Bank-тің рейтингі ең жоғары. Айта кетейік, «Сбербанк» филиалдарының Қазақстанда кең таралғаны соншалық, тіпті шағын қалалардың өзінде бөлімшелерін ашып қойған. Ол шетелдік банктердің арасында тұрғындар мен заңды тұлғалардың салым көлемдерінің көптігі бойынша бірінші орында тұр. Ресейдің тағы бір мемлекеттік ВТБ Банк (Қазақстан) бөлімшелері де республиканың барлық ірі қаласына таралған. Сондай-ақ ресейлік жеке азаматтарға тиесілі Банк Хоум Кредит пен Альфа-Банктің де рейтингі жоғары. Отандық банктердің ішінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ рейтингі ең жоғары. Ол Moody’s пен Fitch бағалауынша, біздің еліміздің егемендік рейтингімен сәйкес Ваа2 және ВВВ-ға тең. Алайда клиенттердің бөлшек сауда қызметтеріне қатысты ең көп арыз-шағымы да нақ осы банктің атына айтылады. Бөлшек сауда бойынша Қазақстан Халық Банкінің ең жақын бәсекелесі Kaspi Bank тұрғындар салымы бойынша екінші орында тұр. Оның Moody’s бойынша рейтингі ресейлік Сбербанк және қытайлық Altyn Bankпен бірдей, әйтсе де бұл екеуінің құрылтайшысы шет мемлекеттер болса, Kaspi Bank жеке капитал арқылы қаржыландырылады. Бөлшек саудадағы отандық банктер рейтинг бойынша келесідей ретпен түзілген: ForteBank, Банк ЦентрКредит, Jusan Bank, Евразийский банк, Bank RBK және Нұрбанк. «Былтырғы стресс-тестілеудің нәтижесі бойынша, Евразийский банк, Банк ЦентрКредит және Нұрбанк Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігімен 5 жылдық жоспарды бекітті, мұнда жекелеген активтердің сапасын жақсарту және провизия жасау шаралары қарастырылған. Бұл банктер банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасына қатысты. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық банк 650 млрд теңге бөлді»,– дейді экономикалық шолушы Т.Асқаров. Ал Bank RBK топ-менеджерлерінің көп мөлшерде қаржы жымқырып кетуіне байланысты қаржы дағдарысынан әлі толықтай айыға қойған жоқ. Мемлекеттің аса ауқымды қолдауына ие болған Jusan Bank өзіне Цеснабанктен мұраға қалған проблемалық несиелерді тазартуға кіріскен, сондай-ақ болашақта ішкі және сыртқы нарықты иемдену қадамдарын жасап жатыр. Саралай келгенде, отандық банктердің ішінде тек ForteBank-тің сенімділігі жоғары екені айтылады. Қазір пандемияның кері әсері мен ел экономикасын алға сүйреуші өңдеу өнеркәсібінің күрделі жағдайында қазақстандық капиталы бар қандай банктің нарықта төрт аяғынан нық тұрып қалатынын тап басып айту қиын. Сарапшылар банктердің көптігінен елге де, экономикаға да еш пайда жоғын айтады. Олар нарық айдынында отандық капиталы бар 4-5 банк қалса, халықтың барлық қажеттіліктерін өтеуге соның өзі де жетеді дейді.Дәулет АСАУ