Петропавлда күн суытып, қар түсті. Ал тұрғындар пеш жағарға көмір таба алмай жүр. «Қара алтын» сатылатын тұйықта ұзын сонар кезекте тұрған көліктердің саны бір азайған емес. Көбі бос қайтады.
Солтүстік Қазақстанның қысы ұзақ әрі қытымыр. Мұнда қыс үш аймен аяқталмайды. Жылыту маусымы қыркүйекте басталып, мамырдың ортасы ауғанға дейін жалғасады. Жекеменшік бір үйдің пешін жағуға бір маусымға шамамен 4-5 тонна көмір керек. Петропавл тұрғыны Сандуғаш Әбілова өзінің шағын ғана үйін жылытуға жылда екі машина көмір алатынын айтады. «Біздің алатынымыз – Қаражыра көмірі. Биыл соны таба алмай жүрміз. Мүлдем жоқ. Бұл – ең қымбаты. Тоннасы 15 500 теңге тұрады. Қандай бағаға болсын, алар едік. Өйткені басқасы бықсып дұрыс жанбайды әрі жылуы да жоқ. Сондықтан не Қаражыра, не Шұбаркөлдің көмірін таңдаймыз. Әзірге ол жоқ. Сол себепті құрылыстан қалған-құтқан тақтайларды пешке жағып амалдап отырмыз», – дейді Сандуғаш. Петропавлдықтарға қыстың қытымыр 40 градус аязында ұзақ жанатын әрі жылу сақтайтын сапалы көмір керек. Тұрғындардың айтуынша, Екібастұз бен Майкөбе көмірінің сапасы аса мәз емес болғандықтан, оған сұраныс та жоқ. Петропавлда көмір сататын төрт тұйық бар. Онда төрт түрлі көмір сатылады. Былтырдан қалған сапасыз көмір қоймаларда үйіліп жатыр. Ал сапалысы әкеліне салысымен бірнеше сағаттың ішінде жоқ болады. Қалған күндері қоймалардың есігін қара құлып күзетуде. Көмір алмақшы болып барған тұрғындар таңғы 6-дан бірнеше сағат кезекте тұрып, үйлеріне бос қайтады.«ЖАЗ ШАНАҢДЫ, ҚЫС АРБАҢДЫ САЙЛА»
Солтүстікқазақстандықтарға жылына 391 мың тонна қатты отын қажет. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір облыста 20 мың тонна көмір бар. «Оның 1430 тоннасы – Петропавлда. Бұл – қажеттіліктің 92 пайызы. 6 вагон немесе 420 тонна Қаражыра және 700 тонна Шұбаркөлдің көмірі жолда, таяу күндері келіп жетуі тиіс», – деп есеп берді құзырлы органдағылар. Бірақ қолда бар көмірдің басым бөлігі – Екібастұз мен Майкөбенікі. «Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла» дегендей, билік басындағылар тұрғындарға отын-көмірді жазда әзірлеуге кеңес бергенін айтып ақталып отыр. Халық осы күндері жаппай көмір сатып ала бастағандықтан, тапшылық пайда болды. «Қазір маусымдық сұранысқа байланысты көмір тапшылығы туындап отыр. Қыркүйек айында халық жаппай отын сатып ала бастайды. Жазда қимылдағандар үшін ондай қиындық жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы алдын ала ескерткен болатынбыз. Жазда көмірдің тү-түрі қоймаларда үйіліп жатты. Бірақ тұтынушылар керек кезінде ғана қимылдайды. Бұл күндері көмір разрездерінде кезек көп. Бос вагондар жетіспейді. Соған байланысты осындай жағдай қалыптасты. Көмір тапшылығы мәселесі таяу арада шешіледі деп ойлаймын. Бағаға қатысты мәселе туындап отырған жоқ», – деді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бахыт Ілиясов. Тұрғындар жазда Қаражыра көмірін күтіп шаршағандарын айтады. Мәселен, Людмила Иванова оны тамыз айынан бастап күтіп отыр екен. «Жалғыз мен емес, көрші-көлем, жалпы Ойқала тұрғындарының жартысы тамыздан бері Қаражыра көмірін іздеп жүрміз. Жеке жеткізіп берушілерге күнәра хабарласамыз. Міне, қазан айы туды, көмір әлі жоқ», – дейді ол.БАҒА ҚЫМБАТТАЙ МА?
Басқарманың мәліметінше, қолда бар көмірдің бағасы сапасына қарай 8,7 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ тұрғындар таяу күндері жеткізілетін көмірдің бағасы қымбаттырақ болуы мүмкін деп отыр. «Жақын күндері көмірдің жаңа партиясы келеді дейді. Ол бізге қандай бағамен сатылады? Бұған дейін 16 мың теңгеге алып жүрген көміріміз енді 17-18 мың теңге болып кетпесіне кім кепіл? «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса». Жаңа тауарға қандай баға қоятындарын өздері біледі. Біз көмір жақпай отыра алмаймыз. Бәрінен бұрын қазір оның жоқтығы жанымызға батып тұр. Қыс ұзақ, дайындаған отынымыз жетпейді», – дейді Петропавл тұрғыны Майра Бейсенова. Ауылдағы ағайынның айтуынша, кейбір аудандарда темір жол тұйығы жоқ. Сондықтан оларға жеткенше «қара алтынның» бағасы аспандап шыға келетін көрінеді. Мәселен, шалақындықтар Шұбаркөл көмірін 20 мың теңгеден сатып алатындарын айтады. Облыстық әкімдіктегілер көмір бағасы қымбаттамайтынын айтып сендірді. Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында көмір тапшылығы жоқ. Тек Тайынша ауданында ғана тұйықтарға көмір жеткізуде қиындықтар бар. Петропавлда көмір тапшылығы – жыл сайын қайталанатын жағдай. Жылда күздің қара суығында қызылжарлықтар сергелдеңге түседі. Сондықтан кейбір шаруақор адамдар қыстың соңында келесі жылға тапсырыс беріп қоятын көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуына қарағанда, аптасына 3 үш вагон ғана тұйыққа жеткізіледі. Соған қарағанда, көмір өндірушілер вагон тапшылығы мәселесін жоюға кіріскені жөн болар еді.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы