«Жуан жұдырықтыны» жөнге салу қиын

«Жуан жұдырықтыны» жөнге салу қиын

Әлеуметтік желіге көз жүгіртсең, отбасындағы агрессорлардың «ашса алақанында, жұмса жұды­рығында» жүрген жандарға араша түсер орын жоқтай көрінеді. Шындығында,  полиция тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа назар аудара ма? Күйеуі әйеліне қол көтерсе, қайтпек керек? Қорғау нұсқамасы кісі өлтіру оқиғасына ұласпай ма?

Жараны жасыру жақсылық әкелмейді

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға-инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Тілеу­ғалиқызы жуан жұдырықтың жауапкершілікке тартылмауына жәбір­ленушілердің тарапынан арыздану­дың аз болатыны себеп екенін айтады. Ал күйеуі әйеліне қол көтерген жағдайда, әйелі құқық қорғау қыз­мет­керлеріне арызданған абзал еке­нін үнемі айтып жүретінін жеткізді. Өйткені үйреншікті ұрыс-керістің соңы орны толмас өкінішке апаруы ғажап емес. «Егер күйеуі әйеліне қол көтерсе, жәбірленуші 102 каналына, не болмаса ұялы телефон арқылы SOS мобильдік қосымшасы арқылы хабарлама жіберуге болады. Хабарлама полицияға түскен бойда құқық қорғау қызметкерлері оқиға орнына жетеді. Өйткені қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық алдыңғы шепте тұр. Заңға сәйкес жібірленушінің арыз-шағымы бойынша қорғау нұс­қа­ма­сы шығарылады. Бұл агрессор­дың 30 тәулік ішінде жәбірленушіге телефон немесе ауызша сөйлесуіне, басқа да әрекеттерге баруына тыйым салады. Ары қарай бұл отбасы учаскелік полиция инспекторының бақылауында болады», – дейді Гүлмира Шрахметова. Аптасына  бір рет учаскелік полиция инспекторы құқық бұзушымен жұмыс жүргізеді. Не болмаса агрессорды полиция учаскесіне шақыртып, түсіндіру жұмыстары жүреді. Кейбір жағдайда полицейлер сол отбасына барып, жағдайды бақылауда ұстауы тиіс. Жәбірленушімен де телефон арқы­лы сөйлесіп, кейде үйіне барғаны жөн. Гүлмира Шрахметованың айтуынша, егер тұрмыстық құқықбұзу­шылық кезінде әйел адамның денесінде жарақат болса, онда бірден сот-медициналық сараптама жасалады. Денсаулыққа келген зиянның деңгейі анықталған соң заңға сәйкес шара қолданылады. Егер қасақана жеңіл зиян келтірсе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің баптарына сәйкес материал сотқа жолданады. «Биылдан бастап құқық бұзу­шы­ны уақытша ұстау бөлмесінде қамау қолға алынды. Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық жағ­дай­лар бойынша қоңыраулар әдетте күндіз сирек түседі. Жуан жұдырық­тан таяқ жейтін оқиғалар кешкісін және түнде көп тіркеледі. Сол кезде агрессорды полицейлер бірден уақытша ұстау бөлмесіне қамайды. Ары қарай материал сотқа жіберіле­ді», – дейді ол. Алайда сот агрессордың әреке­тіне тыйым салғанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы қыл­мыс жасауға итермелейтін жағдай­лар жиі болады екен.  Көбінесе әйел­дер күйеулерінің тарапынан жасалатын зорлық-зомбылыққа жылдар бойы шыдап келеді. Кезекті бір кикілжің кезінде бір-бірін өлтіріп алуы мүмкін. Ондай жағдай­лардың көбінде әйелдер полицияға басындағы жағдайды хабарламаған­нан туындайды. Өзара шешеміз деген оймен жүргенде «бата тимесе қате тиеді» деп, байқаусызда  қор­ғану үстінде әйел пышақ салып алған жағдайлар бар. Биыл ондай жағдайлар кездесіп жатыр», – дейді Гүлмира Тілеуғалиқызы.

Құқық қорғау қызметіне күдік басым

«Қазақстанның дағдарыс орта­лықтары одағы» ЗТБ Басқарма төра­ғасы Зульфия Байсақова орталық жыл басынан бері 90 әйелге көмек­тескенін алға тартты. Оның ішінде 190-ы – балалар. Дағдарыс орта­лығы­на жүгінетін әйелдердің 40 пайызы отбасына оралып жатады. Бірақ араға 15-20 күн салып орта­лыққа қайта оралып жатады. «Орта­лық­қа күніне 2-3 әйел көмек сұрап келеді. Олардың 70 пайызы аз қамтыл­ған отбасылар, көпбалалы отбасылар болады. Басында бірнеше пәтері, бірнеше бизнес-орталық­тары бар, жағдайы жақсы ортадан шыққан, жоғары білімді, бірнеше жоғары оқу орындарын бітірген әйел­дер келіп жатады. Олардың құ­қық қорғау органдарына жүгінбеуі­нің бір себебі – полицияға деген сенімсіздік. БАҚ беттерінен құқық қорғау қызметкерлері тарапынан ешқандай шара қолданылмауы туралы ақпарат жәбірленушілердің бойына күдік ұялатады. «Айтсам, мені де қайтарып жібереді. Басқа әйелдердің тағдырын қайталаймын ба?» деп қорқады. Сосын әлеуметтік желі арқылы іздейді», – дейді Зүл­фия Байсақова. Мүмкін, отбасындағы жараны жасырып қалудың соңы қылмыспен аяқталуы мүмкін. Ал тұрмыстағы тираннан көрген қорлықты қоғамға ашық көрсеткендердің жанайқайы да  жауапты органдарға жетпей жатқаны белгілі. Өйткені отбасын­дағы жұдырықтан болатын дене жарақаты көп жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралады. Бетін көгертіп, шашынан сүйреу не­месе тепкінің астына алу денсау­лыққа жеңіл зиян келтіру болып есептелсе, қолы мен қабырғасы сынып, саусағы шықса  – орташа, пышақ салып алса немесе басын жарса ғана қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл дегеніңіз – көптеген әйелдің жуан жұды­рық­тан таяқ жесе де, үндемей қалуы­на түрткі болады. Себебі әкім­шілік жаза бойынша агрессор айып­пұлын төлеп, қайта әдетіне басады деген сөз.

Жадыра МҮСІЛІМ