«Тараз» футбол клубының тарихы тереңде екені белгілі. Алайда кейінгі жылдары клуб жүрісінен жаңылып, футболшылардың сүреңсіз ойыны жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртуде. Биылғы маусымда да команда турнир кестесінде он бірінші орынға бір-ақ сырғыды. Бұған не себеп? Жергілікті ойыншылардан құралған команда шынында қауқарсыз ба? Әлде бұған қаржылық қиындықтар әсер етті ме?
Бұлайша ой өруіміз тегін емес. Себебі мамыр айында «Тараз» футбол клубы ойыншыларына айлық жалақыларын төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болып жатыр» деген әңгіме әлеуметтік желілерде желдей ескен болатын. Артынша клуб басшылығы жанкүйерлерге басу айтқан. «Тараз» футбол клубы бюджеті миллиардтаған қаржыдан тұрмайды. Былтырғыдай биыл да 1,2 миллиард теңге. Бұл премьер-лигадағы өзге клубтармен салыстырғанда ең аз көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Сондай-ақ бұл сома тек негізгі құрамға ғана бөлінген қаржы емес. Жасөспірімдер тәрбиеленіп жатқан футбол орталығы, қосалқы командалар, футбол орталығының жұмысы, стадион мен оқу-жаттығу базасын қамтамасыз ету, клуб қызметкерлерінің жалақысы секілді көптеген бағытқа арналған. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен бірінші лигада өнер көрсететін «Тараз-Қаратау» командасы құрылды. Бұл негізгі құрамға іліне алмаған футболшылар үшін ойын тәжірибесін жоғалтпауға үлкен мүмкіндік береді. Дәл қазір клуб ойыншыларға да, басқа қызметкерлерге де жалақысын кешіктірмей келеді және ешкімге қарыз емес», – деп ресми ақпарат таратқан. Алайда араға екі ай салып, клубтың қаржылық мәселесі түрлі әлеуметтік желілерде тағы қылаң берді. Ол кезде клуб басшылығы ойыншылардың айлық жалақылары кешіктірілетінін жасырмады. «Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Тараз» футбол клубы қаржылық қиындықтарға тап болып, ойыншылар мен бапкерлерге жалақыны кешіктіруде деген қауесеттер таралып жатыр. Қазір клуб өз міндеттемелерін толық орындап жатқанын атап өтеміз. Жасөспірім командаларды, футбол орталығы және барлық жас ерекшелігіндегі балалар мен жасөспірімдердің өзге қалалардағы жарыстарға барып-қайтуына, басқа да көптеген қажеттіліктерге жұмсалып жатқан үлкен шығындарға қарамастан, клуб бапкерлер мен футболшыларға уақытылы жалақы төлеп келеді. Әрине, кейде аз ғана мезгіл кешіктірілетін сәттер болып қалады, оны ойыншылар түсіністікпен қабылдайды», – деген мәлімдеме клубтың ресми сайтында жарияланды. Бұдан кейін бұл мәселе басылғандай болған. Алайда күні кеше «Тараз» футбол клубы дағдарысқа ұшыраудың алдында тұр» деген тағы бір ақпар тарап, жанкүйерлердің ойын сан-саққа жүгіртті. Осыған орай «Тараз» клубының басшылығына тікелей хабарласып, мән-жайды анықтаған едік. – Жасыратыны жоқ, ойыншылардың тамыз бен қыркүйек айының жалақыларын бере алмай отырмыз. Одан бөлек, 2 сыйақыға қарызбыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл бірінші лигада өнер көрсетіп жатқан «Тараз-Қаратау» командасы құрылды. Одан бөлек екінші лигада да ойнайтын жастарымыз бар. «Футбол орталығы» сынды тағы бір базамыз жұмыс істейді. Осылардың барлығына клубтың ортақ қазынасынан қаржы бөлініп жатқандықтан жоғарғы лигадаға командаға жетпей қалып жатыр. Биылғы маусымда бізге 1 миллиард 200 миллион теңге берілді. Үстінен түскен қосымша қаржымен біз ойыншылардың өткен жылдан қалған еңбек демалыстары мен өзге де берешектерімізді төледік. Осы таңға дейін «Тараз» футбол клубында бірде-бір демеуші болған емес. Ойыншылардың жейдесінің өзін 150 миллион теңгеге қарызға тіктірдік. Енді келер жылғы маусымға «Қазфосфат» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер бәрі сәтті болса, серіктестік қарыздарымызды өтеп беріп, өзге де қаржылай қолдаулар көрсетеді деп жоспарланды, – дейді клуб директоры Талғат Тұрлыбайұлы. Клуб басшылығы ойыншыларда қанағаттың жоғын да алға тартады. Оның сөзіне сүйенсек, футболшылар клубтың қиын жағдайын түсініп, айлық жалақысын барынша үнемдеп жұмсауына болатын көрінеді. – Клубтағы ойыншылар орта есеппен 2 000 000 теңге жалақы алады. Осы қаржыны клубтың қазір қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанын түсініп, үнемдеп жұмсаса болады ғой. Ал футболшылар көп айлық алған сайын көп жұмсауды үйренген. Оған қоса соңғы ойындарды көрсеңіз, футболшылар өз деңгейінде ойнамай жүр. Оған бірден-бір себеп – жалақының кешіктірілуі. Әлеуметтік желілерде клубтың қаржылық қиындыққа тап болғанына мені кінәлап жатыр. Тіпті, «ақшаны жымқырып жатыр» деген айып та тағылып жатыр. Алайда мен облыс әкіміне де, өзге де құзырлы органдарға қай кезде болса да келіп тексеруіне болатынын айттым. Бюджеттен бөлінген соңғы тиынға дейін санап бере аламын. Егер ашып айтатын болсам, клуб ақшасының 4\1 бөлігі салыққа кетеді. 350 миллион теңге жас футболшыларды тәрбиелеуге, 100 миллион 1-ші лига командасына, 200 миллион теңге 2-ші лига командасына жұмсалады. 100 миллион теңгеден аса қаржы орталық стадионның коммуналдық төлемі және техникалық қызметкерлердің жалақысына бағытталады. Мұндай шығыннан кейін өздеріңіз есептеп көріңіздерші, премьер-лига командасы үшін қанша ақша қалады? – дейді клуб директоры. Осындай сәтте «Егер клуб жоғарғы лига командасының өзін қаржыландыруға қауқарсыз болса, бірінші лигада ойнайтын «Тараз-Қаратау» командасын құру қаншалықты қажет болды?» деген орынды сұрақ туады. – Бұл шешімге біз облыс әкімінің тапсырмасынан кейін бардық. Аймақ басшысы бірінші лига командасы үшін бөлек қаржы бөліп беретінін айтқан. Алайда ол бөлінбеді. Бірінші лига командасы құрылғаннан кейін қосымша 40 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгідей қиын жағдайда бұл бұқара үшін жақсы дүние. Бірақ қаржылық тұрғыдан тиімсіз екенін көрсетті. Мен жас таланттарды тәрбиелеп, танытуға қарсы емеспін. Алайда соған сай қаржылай қолдау болса екен деймін. Келер жылы «Қазфосфат» ЖШС демеушілік ететін болса, клубтың жейделерін сататын дүңгіршек ашсақ деп отырмыз. Одан бөлек әлемдік пандемия басылып, жанкүйерлер стадионға қайта көптеп ағылса, бұл да клубқа үлкен көмек болар еді, – дейді Т.Тұрлыбайұлы. Осылайша, «Тараз» футбол клубының директоры сырын айтамын деп, шынын айтты. Ал команда капитаны Мақсат Әмірхановтың айтуынша, ойыншылар арасында әзірге жағдай қалыпты екен. Алайда футболшылар «жалақы бүгін-ертең болады» деген құр уәдеден шаршағанын айтады. Алда премьер-лига ойындарының үш туры мен кубоктық кездесулер келе жатқанын ескерсек, футболшылардың мұндай көңіл күйі жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан облыс әкімі бұл мәселені жіті бақылауына алып, қаржылық тығырықтан шығатын жолды табады деп сенеміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы