Полицияның сервистік модельге көшуі, сот жүйесіне жаңа кәсіби кадрларды тарту және сот төрелігін жүзеге асыру процесіне жасанды интеллект енгізу. «Әділетті құқық қорғау жүйесі» бағыты бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың осы және басқа да тармақтары «Nur Otan» жанындағы Құқықтық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында полицейлердің, атап айтқанда, әскери-тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің жалақысы – 55%-ке, қатардағы және кіші басшы құрамның жалақысы - 33%-ке артқанын айтты. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесуде тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы алуға құқығы бар лауазымдар тізімі кеңейтілді.
«Ол тізімге кезекші бөлімдердің, айдауыл және кинологиялық қызмет бөлімшелерінің, патрульдік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері, жалпы алғанда 8 мыңнан астам қызметкер қосымша енгізілген. Бүгінгі таңда бұл әлеуметтік кепілдікпен ішкі істер органдары қызметтерінің 72%-тен астамы немесе шамамен 24 мың адам қамтылған. Сонымен қатар, өтемақы тұрғын үй төлемдерінің тетігіне ауыстырылды, яғни ипотека немесе тұрғын үйді кейіннен сатып алу арқылы жалға алу», - деді Мұрат Баймұқашев.
Бұдан басқа, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында «полицияның қадамдық қолжетімділігі» қағидатын қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп жаңа учаскелік полиция пункттерінің құрылысын жалғастыруда. Алайда, биыл жоспарланған 78 учаскелік полиция пунктінің 26-сы ғана ашылды.
«Учаскелік полиция пункттерінің құрылысы, сондай-ақ, оны қаржыландыру жергілікті бюджеттің меншігінде. Біз жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктердің шешімдеріне тәуелдіміз. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан 2023 жылға дейін өңір әкімдерімен тиісті меморандумдар жасасты», – деді Мұрат Баймұқашев.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова Ішкі істер министрлігі жергілікті жерлердегі бюджет мәселелерін шешуде үйлестіруші рөл атқармаса, онда жаңа учаскелік пункттер пайда болмайды деп атап өтті. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлердегі өткір мәселе дейді халық қалаулысы.
«Бір учаскелік полиция инспекторы 3-4 ауылға қызмет көрсетеді және олардың ешқайсысында өзінің жеке баспанасы жоқ, көбінесе ол басқа жақтан көшіп келген адам. Оған әкімдіктің ғимаратынан кеңсе беріледі, ал қайда тұратыны, қарапайым ғана тұрмыстық жағдайдың өзі қарастырылмаған. Кейбір ауылдарда оған тұратын жердің орнына фермерлік шаруашылық ұсынылған. Бұл мүлдем дұрыс емес» - деді Гүлнар Бижанова.
Өз кезегінде судья қызметіне үміткерлерді іріктеудің жаңа тәртібі туралы Жоғары Сот Кеңесі аппараты басшысының орынбасары Наиль Алмабаев айтып өтті. Оның айтуынша, биыл үміткерлердің жеке қасиеттеріне қойылатын талаптарды айқындайтын Судьялар құзыреттілігінің бірыңғай шеңбері енгізген.
«Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, судьялар корпусына кәсіби кадрларды тарту мақсатында біз конкурстық іріктеу рәсімін жүргіздік, атап айтқанда, 10 жылдан астам заңды өтілі бар кандидаттар үшін алдыңғы 11 пәннің орнына 8 пән бойынша емтихан өткізіледі. Кандидаттарды іріктеу кезінде салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік, корпоративтік құқық салаларындағы жұмыс тәжірибесі бар тұлғаларға басымдық беріледі», – деді Наиль Алмабаев.
Жоғарғы Сот соттарының қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Асылбек Мусралинов Кеңес мүшелеріне судьялардың жұмысына жасанды интеллектті енгізу жұмысы бойынша хабарлады. Бұл да «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Бұл жүйе сот практикасының біркелкілігін және прецеденттік құқықты енгізуді қамтып қана қоймай, сот актілерінің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін де қамтамасыз етеді деп жоспарлануда.
«Судья қалыптасқан сот практикасына қайшы келетін шешім қабылдаған жағдайда, жүйе Жоғарғы сотқа дереу хабарлайды. Осылайша, біз, қажет болған жағдайда, барлық өңірлердегі төменгі соттар шешім қабылдаған кезде аномалияларға мән беретін боламыз», – деді Асылбек Мусралинов.
Отырыс қорытындысы бойынша партия мүшелері Ішкі істер министрлігіне Алматы облысындағы 180-ге жуық ауылдық округтік полиция учаскелерінің тұрғын үймен бірге ашылғанын мысалын келтірді. Бұл оң тәжірибені барлық аймақтарға қолдану керек, деп түйіндеді Кеңес мүшелері. Сонымен қатар, кеңесте бірқатар ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдалды, олар уәкілетті ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.