«Адал ұрпақ» клубтары жемқорлыққа қарсылықты қалыптастыруда
«Адал ұрпақ» клубтары жемқорлыққа қарсылықты қалыптастыруда
2,479
оқылды

Алматы облысында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті алдында аса ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Қазан айының соңына таман өтетін слетке өңірдегі мектептерде білім алып отырған оқушылардың үш мыңнан астамы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі кезде облыстағы 760 мектепте ерікті клубтар, 697 мектепте «Парасатты азамат»  бұрыштары құрылып, олардың қатарына 420 мыңнан астам оқушы мүшелікке енген. Жыл басынан бері осы білім ошақтарында 2000 шара өткізіліпті.

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубы 3 бағытта жұмыс жүргізеді: сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім, мәдени-көпшілік іс-шаралар. «Адал ұрпақ» ерікті клубының отырысы айына бір рет өткізеді. Мектеп кітапханаларында ұйымдастырылған «Парасатты азамат» бұрыштарына  еңбегімен еленген, ауданға, облысқа, республикаға танымал азаматтардың фотосуреттері мен деректері ілінген. Жоспарға сәйкес «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермейік!», «Біз жемқорлыққа қарсымыз!», «Адал еңбек бәрін жеңбек», «Жемқорлық – жат әдет» және тағы да басқа тақырыптарда тәрбие сағаттары өткізілген. Сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы бейнетаспалар көрсетіліп, пікір-алмасулар ұйымдастырылған. Барлық білім беру мекемелерінде «Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» тақырыбында мемлекеттік қызметкерлермен кездесулер болып, мемлекеттік қызметтің барысы туралы оқушыларға түсінік берілді. Өскелең ұрпақтың  арасында мемлекеттік қызметті елдің мақсаттары мен даму басымдылығын іске асыру негізінде «Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» тақырыбында шығарма байқауы өткізілді. Жемқорлыққа қарсы тұру – Қазақстан саясатындағы аса маңызды стратегиялық басымдықтың бірі әрі бірегейі. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың үлкен орын алатындығы айтпаса да түсінікті. Осыған орай мектептер мен педагогтерге жауапты міндет жүктеледі. Алматы облысындағы білім беру кеңістігінде жасөспірімдердің мінез-құлқында жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстарда «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының орны ерекше. Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы жемқолықпен күрестің қоғамға ортақ іс екендігін, сонымен бірге әр азаматтың борышы болып саналатындығын жете түсінуге тиісті. Сондықтан да баланы кішкене кезінен отансүйгіштікке, қоршаған орта мен салт-дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке құлшынысқа, тәртіптілік пен адалдыққа баулу керек. Білім мен тәрбие адам бойында жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуының негізі болып саналады. Жемқорлыққа қарсылық білім берудің барлық сатысында жүргізілуге тиісті және мемлекеттік білім стандарттары аясында, жалпы білім беру бағдарламаларына негізделген, қоғам мен мемлекеттің, жеке тұлғаның мүдделеріне ыңғайластырылған білім беру мен тәрбиелеудің мақсатты үдерісі ретінде ел игілігіне қызмет етуге міндетті. «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарын осы тұрғыда оқушылар бойында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыратын, құқықтық сана мен мәдениеттің деңгейін арттыратын ерікті бірлестік ретінде қабылдауға болады. Бұл қозғалыс мектептердегі жемқорлықа қарсы мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, құқықтық білімді де кеңінен насихаттайды. Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті нығайту жөніндегі бастамалар мен  жемқорлыққа қарсы шараларға белсене қатысу лайықты түрде марапатталады. Осыларға байланысты 2021 жылы  мәдениет пен парасаттылықты ілгерілетудің кешенді жоспары жасалып, биылғы қазан айында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слетін өткізу жоспарланған. Қазіргі кезде соған дайындық жүргізілуде.

Болат Абаған, Алматы облысы.