Мәулен Әшімбаев діни қайраткерлермен кездесті
Мәулен Әшімбаев діни қайраткерлермен кездесті
265
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев белгілі діни қайраткерлермен кездесті. Кездесу барысында Сенат Спикері Қазақстанда ұлтаралық және конфессияаралық төзімділік, сондай-ақ, өзара түсіністік пен диалог еліміздегі қоғамдық келісімді сақтаудың аса маңызды шарты саналатынын атап өтті.
«Елімізде 18 дін мен конфессияны ұстанатын 100-ден астам этникалық топ өкілдері бейбіт өмір сүруде. Этносаралық бейбітшілік пен келісім, өзге діни көзқарастарға деген құрмет қазақстандық мәдениет пен менталитеттің ажырамас бөлігіне айналды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кавказ Мұсылмандары Басқармасының Төрағасы Шейх-Уль-Ислам Аллашүкір Паша-Задемен сұхбат кезінде тараптар дінаралық диалог идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілетуде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен Баку дін лидерлері форумының маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ олар бұл екі алаңның ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады. Англикан шіркеуінің өкілі, Доркинг қаласының епископы Джо Бейли Уэллспен кездесу кезінде Мәулен Әшімбаев Форумның географиясы мен конфессиялық өкілдігін кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Сұхбат барысында екі тарап Хатшылықтың ХІХ отырысында қабылданатын шешімдер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Айта кетейік, аталған кездесулер ертең Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХІХ отырысы аясында ұйымдастырылды.