Алматыда «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өтеді, деп жазады Inform.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 4-13 қазан аралығында 184 патрульдік экипаж және 911 полиция қызметкері жолаушылар көлігін тексеретін болады.
«Бұл шара жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуын анықтау мен жолын кесуге, сондай-ақ автобустардың техникалық жағдайын тексеруге бағытталған. Жүргізушілердің көліктік тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігінің қолданыста жүру фактілерін анықтау және заңсыз жолаушылар тасымалының жолын кесу», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Іс-шараның бірінші күнінде 46 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды: 29 жүргізуші маневр жасау ережелерін бұзса (ҚР ӘҚбК-нің 595-бабы), 12-сі көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланған (ҚР ӘҚбК-нің 591-бабы). Мамандандырылған айып тұрағына 1 қоғамдық көлік қойылды. Рұқсат етілмеген 6 қоғамдық көлік пен такси аялдамасы жойылды.
Оның айтуынша, рейд жолдардағы апатты жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.