Егін ору науқаны аяқталып қалды. «Өнімнің сапасы өте жоғары!» деп шаттанды АШМ бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров. Алайда мақтанатын ештеңе жоқ. Егіннің орташа өнімділігі гектарына 10 центнерге де жетпеді (небәрі 9,7). Мысалы, бұл көрсеткіш Еуропаның кейбір елінде 80-90 центнерге барады. Оның үстіне, бізде астықтың бір бөлігі құрып кетуі мүмкін: элеваторлар – астықты кептіруге газ бен дизель, ал өндірушілер жеткізуге ЖЖМ таппады. Бұл ауыл өнімдерінің бағасын шығандатты.
Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан облысының аграршылары да «газ тапшылығына қатысты жағдай ауыр» деп дабыл қақты. «Газдың жетіспеушілігі элеваторлардың, астық кептіру қондырғыларының, сондай-ақ наубайханалардың, макарон фабрикаларының, сүт зауыттарының, құс фермаларының жұмысына нұқсан келтіріп жатыр. Олар арзандау деп, төл өндірістік циклдарын сұйытылған газға көшкен болатын. Қазір баға тоқтаусыз өсуде», – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Олег Иванов. Бұған газдың биржа арқылы сатылуы түрткі болыпты: электронды алаңда сұйытылған «көгілдір отын» көлемі әкімшілік өңірлер бойынша емес, «макроөңірлер» бойынша бөліске салынады. Нәтижесінде, қыркүйектегі саудада солтүстік макроөңірге арналған газдың бүкіл көлемін Қарағанды облысының кәсіпорны еншілеп кеткен. Аграрлық ElDala порталына сұхбатында астық кептіретін қондырғыларға қызмет көрсетумен айналысатын компанияның өкілі Олег Петушин газ не дизель шұғыл жеткізілмесе, алқаптардан жиналған егін аз күн ішінде қызып кетуі мүмкін екенін мәлім етті. Ары қарай көктеп, адам түгіл, малдың жеуіне жарамсыз болып қалуы ықтимал. Онда республика онсыз да шығымдылығы нашар астықтың үлкен бөлігінен айырылып қалмақ. 2021 жылғы қыркүйек айының соңында республикада 15,5 миллион гектар жердегі дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жалпы жинау алаңының 97,9%-ы. Орташа өнімділік гектарына бар-жоғы 9,7 центнерден айналды. Сөйтіп, әзірше 15 млн тоннадай ғана астық түсті. Оның ішінде 11,7 млн тоннасы – бидай. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың пайымдауынша, 2021 жыл еліміздің агроөнеркәсіптік кешені үшін күрделі болды. Ауа райының қолайсыздығы едәуір қиындық туғызды. «Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шаруалар барлық қажетті ресурспен, оның ішінде қаржыландыру, жанар-жағармай, техника, қосалқы бөлшектер, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтамасыз етілген», – деді А.Сапаров.Биржа газды екі еседей қымбаттатты
Кәсіпкерлер болса ахуалдың өзгеше екенін айтады. «Біздің бір клиенттің қамбасында 5 мың тонна, көршісінде 2 мың тонна бидай жатыр. Оның ылғалдылық деңгейі 23-24%, дұрысы 13,5%-дан аспауы тиіс еді. Сәлден кейін осы бидай қыза бастайды. Астық босқа ысырап болайын деп тұр. Газ болмаған соң кептіргіштерді қоса алмады», – дейді Олег Петушин. Оның мәліметінше, газ жеткізіліміндегі проблемаға Энергетика министрінің сұйытылған газ саудасын биылғы күзде электронды алаңға көшіруі себеп. Бұған дейін газ жеткізушілер өнімді келісімшарт пен квота бойынша тікелей зауыттан алатын. Енді оны негізінен биржа арқылы алу міндеттелді. Осы арқылы меморган отынның көлеңкелі экспортымен күресіп, мәмілелердің айқындылығына қол жеткізбек. Салдарынан биржаға түскен отын бағасы шарықтап өсіп кеткен.Мұндай проблеманың барын және барған сайын ушыға түскенін Auto Gas Station компаниясының директоры Бақытжан Серікбаев растады. Ол сұйытылған газдың жеткілікті көлемде болмауы кесірінен өнім жеткізуші ұйымдар күйзеліске ұшырағанын баяндады. «Сұйытылған газ секторы үлкен өзгерістерді өткеруде. Үкімет сұйытылған мұнайлық газды (СМГ) белсенді әрі мәжбүрлі тұрде электронды сауда арқылы сатуға көшіріп жатыр. Бұған дейін біз СМГ-ны уәкілетті органдар бекіткен өтінімдер мен жеткізу жоспарына сәйкес зауыттардан алатынбыз. Бұрын осылай алынған сұйытылған газдың бағасы «пистолеттерде» бензиннен 3,5 есе арзан тұратын. Сондықтан көптеген автокөлік иесі машинасына газ-баллон жабдығын орнатып, газға көшті. Ал электронды саудаға ауысқалы газдың сатып алу бағасы еселеп қымбаттады және өсуін жалғастыруда», – дейді Б.Серікбаев. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылдың басында зауыттар жеткізу жоспары аясында 1 тонна «көгілдір отынды» 38 701 теңгеден сатқан. Бүгінде тауарлық биржа қатысушылары СМГ-нің 1 тоннасын 77 мың теңгеге сатып алады. Және бұл тек бастапқы баға: сұраныс көбейіп, биржадағы сауда қызғанда одан да қымбатқа түсетін көрінеді. Осы себепті газ желісі ұйымдары (ГЖО) жұмыс орындарын сақтап қалу, өңірлердегі тұрақты әлеуметтік-экономикалық ахуалды шайқалтпау, агроөнеркәсіптік саланы өркендету, автомобильдердің экологиялық таза газға көшуін ынталандыру үшін Үкіметтен сұйытылған мұнайлық газды қолжетімді бағамен жеткізу тетіктерін енгізуді сұрайды.Үкімет тыйым салғанына қарамастан, «солярканы» елден сыртқа әкету жалғасқан. Мысалы, одақ аясында Ресейдің іргелес өңірлерінен елге емін-еркін кірген ірі көліктер, сондай-ақ транзиттік фуралар арнайы бактарын толтырып алып кетеді.
«Бәрін билік емес, нарық шешеді»
Қыркүйектің ортасында басталған жауын-шашын егіншілерге ауыртпалық түсірді: бірнеше күн бойы техника егістікке шыға алмады. Орақ науқаны жалғасқанымен, бидай дымқыл тартып шыға келді. Тиісінше, фермерлер де, астық қабылдаушы кәсіпорындар да арнайы құрылғыларда өнімді кептіруге белсенді кірісті. Нарық болса газ бен дизельге өскен сұранысты қанағаттандыра алмай қалды. Энергетика министрлігі әкімдерге жергілікті жанармай құю стансаларын және мұнай базаларын тексеруге кеңес берді: ведомство олардың қожайындары қымбат өткізу үшін дизель отынының запастарын жасырып ұстап отыр деп күдіктенеді. Еліміздің жаңа бас энергетигі Мағзұм Мырзағалиев зауыттардан дизель жөнелту жоспарлы режимде жүріп жатқанын мәлімдеді. Тиісінше, тапшылықтың туындауына себеп те жоқ. Дегенмен ол жоспар сұраныстың күрт өсетінін ескермесе, онда аграршылар мен автокөлік иелерінің таршылық көруіне соның өзі түрткі болуы мүмкін. Себебі Энергетика министрі дағдарыс тамызда егін жинау науқанымен бірге басталғанын жасырмады. Сонымен бірге Үкімет тыйым салғанына қарамастан, «солярканы» елден сыртқа әкету жалғасқан. Мысалы, одақ аясында Ресейдің іргелес өңірлерінен елге емін-еркін кірген ірі көліктер, сондай-ақ транзиттік фуралар арнайы бактарын толтырып алып кетеді. Билік мәселені әдеттегідей қымбат импорт арқылы шешуге тырысуда: Энергетика министрлігі таяуда Ресейден 100 мың тонна дизель сатып алынатынын мәлім етті. Алғашқы 15 мың тоннасы әкелінген. Оның бағасы Қазақстандікінен жоғары. Демек, отын бағасымен қоса отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны да арта беретінге ұқсайды. «Энергетика министрлігі ел отынсыз қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Ал бағаға келсе, бұл нарықтың ісі, біз нарық жағдайында өмір сүрудеміз, шекараларымыз ашық. Демек, дизельдің, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына қатысты мәселе әрқашан көкейкесті болады», – деп философияға ұрынды бас энергетик М.Мырзағалиев.Жағдай қашан тұрақталады?
Бірқатар сарапшы отын тапшылығы қазан айында да жалғасады деген болжам айтты. Себебі Павлодар МӨЗ-і жөндеуге жабылғалы жатыр. Өңірлерде ірі желілерге кірмейтін жүздеген ұсақ жанармай құю стансасының резервуарлары босап қалған. «Ынтымақ» ЖҚС-тер иелері қауымдастығының төрағасы Бақытжан Қолдасовтың мәліметінше, Шымкент пен Түркістан облысындағы 600-ден астам жанармай құю стансасының 400-дейі осындай күрделі ахуалға тап болды. Екі өңірдің ЖҚС иелері сататын бензин, дизель және автогаз таппай, шығын шегіп жатқанына назар аудартып, «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік палатасына шағымданды. Палата оларды барлық мүдделі меморганмен онлайн режимде байланыстырыпты. Бірақ сарабдал сұхбаттастық құрудан түк шықпаған. Шенеуніктер отынның жетіспейтінін және оның ары қарай қымбаттайтынын мойындапты: бар айтқаны – «ЖЖМ бағасын нарық қана реттейді». Б.Қолдасов «барлық 3 мұнай өңдеу зауыты толық жаңғыртудан өткен соң, елде енді ЖЖМ тапшылығы болмайды, қайта шетелге экспорттауға көшеміз» деп насихатталғанын еске салды. Оның орнына республика таршылық пен қымбатшылыққа қатар ұрынды. Кейбір өңірде (мысалы, Екібастұзда) дизельдің 1 литрінің бағасы 285 теңгеге дейін жеткен. Сарапшының байламынша, бұған ЖЖМ нарығының монополияландырылуы себеп. Отандық нарыққа үстемдік еткен алпауыт ойыншылар қалаған кезде отын тапшылығын туғызып, бағаны қалағанынша көтереді. Соның кесірінен ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тікелей жұмыс істеп, ауыл кәсіпкерін газбен, дизельмен қамтитын шалғайдағы ұсақ ЖҚС-тер тоқырауда. ЖҚС иелері, мысалы Petrosun және онымен аффилирленген «Автогаз Трейд», Gaz Energy секілді компаниялар жанар-жағармайды көтерме және бөлшек саудалауда шектеусіз құқыққа ие болғандықтан, нарықта ойына келгенін істейді деген пікір білдірді. Petrosun ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Сартбаев ЖҚС иелерінің айыбымен келіспейді және жасанды дефицитке қатысымыз жоқ дейді. «Отын тапшылығы екі фактор салдарынан туындағанға ұқсайды. Біріншіден, қаңтар айында электр қуатының ағытып тасталуы кесірінен Атырау МӨЗ-і бір айдан артық уақытқа тоқтап қалды: ол дизель мен бензиннің әрқайсысын 200 мың тоннаға кем шығарды. Екіншіден, елдегі бағалар солтүстік көршіге қарағанда арзан. Оның машиналары шекара маңындағы қазақстандық ЖҚС-терде бактарын толтырып алады. Сондықтан отынды әкетпеуі үшін біз отынның бөлшек сауда бағасын одан ары көтеруіміз қажет», – деді журналистерге Н.Сартбаев. Мамандардың жорамалдауынша, нарықтағы жағдай тек қараша айына қарай тұрақтануы мүмкін. Ол кезде егін ору, астық кептіру жұмыстары біржақты болып, сұраныс азаяды. Бұған қоса, мұнай өнімдерінің экспортына қойылған тыйымды тағы жарты жылға ұзарту жоспарланған.P.S.
Қазақстанда енді бидай қымбаттауда. Отандық элеваторлар өз өнімінің құнын орта есеппен әр тоннасы үшін 5 мың теңгеге көтерді. Сөйтіп, 1 сұрыпты ұнның тоннасы бүгінде 160 мың теңгеден сатылуда. Алда бидайдың тоннасы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп болжанып отыр. Осылайша, реттемейтін дертті нарық қарапайым нанның өзін «десертке» айналдырғалы тұр.Айхан ШӘРІП