Газ жетпесе, бидай қымбаттайды
Газ жетпесе, бидай қымбаттайды
166
оқылды

Егін ору науқаны аяқталып қалды. «Өнімнің сапасы өте жоғары!» деп шаттанды АШМ бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров. Алайда мақтанатын ештеңе жоқ. Егіннің орташа өнімділігі гектарына 10 центнерге де жетпеді (небәрі 9,7). Мысалы, бұл көрсеткіш Еуропаның кейбір елінде 80-90 центнерге барады. Оның үстіне, бізде астықтың бір бөлігі құрып кетуі мүмкін: элеваторлар – астықты кептіруге газ бен дизель, ал өндірушілер жеткізуге ЖЖМ таппады. Бұл ауыл өнімдерінің бағасын шығандатты. 

Бұған қоса, Солтүстік Қазақстан об­лысының аграршылары да «газ тапшы­лығына қатысты жағдай ауыр» деп дабыл қақты. «Газдың жетіспеушілігі элеватор­лардың, астық кептіру қондырғыларының, сондай-ақ наубайханалардың, макарон фабрикаларының, сүт зауыттарының, құс фермаларының жұмысына нұқсан келтіріп жатыр. Олар арзандау деп, төл өндірістік циклдарын сұйытылған газға көш­кен болатын. Қазір баға тоқтаусыз өсу­де», – дейді СҚО кәсіпкерлер па­лата­сының өңір­лік кеңесінің төрағасы Олег Иванов. Бұған газдың биржа арқылы сатылуы түрткі болыпты: электронды алаңда сұ­йытылған «көгілдір отын» көлемі әкімші­лік өңірлер бойынша емес, «макроөңірлер» бойынша бөліске салынады. Нәтижесінде, қыркүйектегі саудада солтүстік макро­өңір­ге арналған газдың бүкіл көлемін Қара­ған­ды облысының кәсіпорны еншілеп кеткен. Аграрлық ElDala порталына сұхба­тында астық кептіретін қондырғыларға қызмет көрсетумен айналысатын компа­нияның өкілі Олег Петушин газ не дизель шұғыл жеткізілмесе, алқаптардан жинал­ған егін аз күн ішінде қызып кетуі мүмкін екенін мәлім етті. Ары қарай көктеп, адам түгіл, малдың жеуіне жарамсыз болып қа­луы ықтимал. Онда республика онсыз да шығымдылығы нашар астықтың үлкен бөлігінен айырылып қалмақ. 2021 жылғы қыркүйек айының соңын­да республикада 15,5 миллион гектар жердегі дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жалпы жинау ала­ңының 97,9%-ы. Орташа өнімділік гек­тарына бар-жоғы 9,7 центнерден айналды. Сөйтіп, әзірше 15 млн тоннадай ғана астық түсті. Оның ішінде 11,7 млн тон­насы – бидай. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың пайым­дауынша, 2021 жыл еліміздің агроөнер­кәсіптік кешені үшін күрделі болды. Ауа райының қолайсыздығы едәуір қиындық туғызды. «Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Шаруалар барлық қажетті ресурспен, оның ішінде қаржы­ландыру, жанар-жағармай, техника, қосалқы бөлшектер, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтамасыз етілген», – деді А.Сапаров.

Биржа газды екі еседей қымбаттатты

Кәсіпкерлер болса ахуалдың өзгеше еке­нін айтады. «Біздің бір клиенттің қам­ба­сында 5 мың тонна, көршісінде 2 мың тонна бидай жатыр. Оның ылғалдылық деңгейі 23-24%, дұрысы 13,5%-дан аспауы тиіс еді. Сәлден кейін осы бидай қыза бас­тайды. Астық босқа ысырап болайын деп тұр. Газ болмаған соң кептіргіштерді қоса алмады», – дейді Олег Петушин. Оның мәліметінше, газ жеткізіліміндегі проблемаға Энергетика министрінің сұйы­тылған газ саудасын биылғы күзде элек­трон­ды алаңға көшіруі себеп. Бұған дейін газ жет­кізушілер өнімді келісімшарт пен квота бойынша тікелей зауыттан алатын. Енді оны негізінен биржа арқылы алу міндеттелді. Осы арқылы меморган отынның көлеңкелі экспортымен күресіп, мәмілелердің айқын­дылығына қол жет­кізбек. Салдарынан бир­жа­ға түскен отын бағасы шарықтап өсіп кеткен.

Үкімет тыйым салға­ны­на қарамастан, «солярканы» елден сырт­қа әкету жалғасқан. Мысалы, одақ аясында Ре­­­­сейдің іргелес өңірлерінен елге емін-еркін кір­ген ірі көліктер, сондай-ақ транзиттік фу­ралар арнайы бактарын толтырып алып кетеді.

Мұндай проблеманың барын және барған сайын ушыға түскенін Auto Gas Station компаниясының директоры Ба­қытжан Серікбаев растады. Ол сұйытылған газдың жеткілікті көлемде болмауы кесі­рінен өнім жеткізуші ұйымдар күйзеліске ұшырағанын баяндады. «Сұйытылған газ секторы үлкен өзге­ріс­терді өткеруде. Үкімет сұйытылған мұ­найлық газды (СМГ) белсенді әрі мәж­бүрлі тұрде электронды сауда арқылы сатуға кө­шіріп жатыр. Бұған дейін біз СМГ-ны уәкілетті органдар бекіткен өті­німдер мен жеткізу жоспарына сәйкес зауыттардан алатынбыз. Бұрын осылай алынған сұйы­тылған газдың бағасы «пис­толеттерде» бензиннен 3,5 есе арзан тұра­тын. Сондық­тан көптеген автокөлік иесі машинасына газ-баллон жабдығын орна­тып, газға көшті. Ал электронды саудаға ауыс­қалы газдың сатып алу бағасы еселеп қым­баттады және өсуін жалғастыруда», – дейді Б.Серікбаев. Салыстыру үшін айтсақ, 2021 жылдың басында зауыттар жеткізу жоспары аясында 1 тонна «көгілдір отынды» 38 701 теңгеден сатқан. Бүгінде тауарлық биржа қатысушы­лары СМГ-нің 1 тон­насын 77 мың теңгеге сатып алады. Және бұл тек бастапқы баға: сұраныс көбейіп, бир­жадағы сауда қызғанда одан да қымбат­қа түсетін көрінеді. Осы себепті газ желісі ұйымдары (ГЖО) жұмыс орындарын сақтап қалу, өңір­лердегі тұрақты әлеуметтік-эконо­микалық ахуалды шайқалтпау, агроөнер­кәсіптік саланы өркендету, автомобиль­дердің экологиялық таза газға көшуін ын­таландыру үшін Үкіметтен сұйытылған мұ­найлық газды қолжетімді бағамен жет­кізу тетіктерін енгізуді сұрайды.

«Бәрін билік емес, нарық шешеді»

Қыркүйектің ортасында басталған жа­уын-шашын егіншілерге ауыртпалық тү­сірді: бірнеше күн бойы техника егістікке шыға алмады. Орақ науқаны жалғас­қа­нымен, бидай дымқыл тартып шыға келді. Тиісінше, фермерлер де, астық қабылдау­шы кәсіпорындар да арнайы құрылғыларда өнімді кептіруге белсенді кірісті. Нарық болса газ бен дизельге өскен сұранысты қанағаттандыра алмай қалды. Энергетика министрлігі әкімдерге жер­гілікті жанармай құю стансаларын және мұнай базаларын тексеруге кеңес берді: ведомство олардың қожайындары қымбат өткізу үшін дизель отынының за­пастарын жасырып ұстап отыр деп күдік­тенеді. Еліміздің жаңа бас энергетигі Мағ­зұм Мырзағалиев зауыттардан дизель жөнелту жоспарлы режимде жүріп жат­қанын мәлімдеді. Тиісінше, тапшылықтың туын­дауына себеп те жоқ. Дегенмен ол жос­пар сұраныстың күрт өсетінін ескер­месе, онда аграршылар мен автокөлік ие­лерінің таршылық көруіне соның өзі түрт­кі болуы мүмкін. Себебі Энергетика ми­нистрі дағдарыс тамызда егін жинау нау­қанымен бірге басталғанын жа­сырмады. Сонымен бірге Үкімет тыйым салға­ны­на қарамастан, «солярканы» елден сырт­қа әкету жалғасқан. Мысалы, одақ аясында Ре­­­­сейдің іргелес өңірлерінен елге емін-еркін кір­ген ірі көліктер, сондай-ақ транзиттік фу­ралар арнайы бактарын толтырып алып кетеді. бидай қымбаттайды Билік мәселені әдеттегідей қымбат импорт арқылы шешуге тырысуда: Энергетика министрлігі таяуда Ресейден 100 мың тонна дизель сатып алынатынын мәлім етті. Алғашқы 15 мың тоннасы әке­лінген. Оның бағасы Қазақстандікінен жоғары. Демек, отын бағасымен қоса отан­дық ауыл шаруашылығы өнімдерінің құны да арта беретінге ұқсайды. «Энергетика министрлігі ел отынсыз қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Ал бағаға келсе, бұл нарықтың ісі, біз нарық жағдайында өмір сүрудеміз, шекараларымыз ашық. Демек, дизельдің, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына қатысты мәселе әрқашан көкейкесті бо­лады», – деп философияға ұрынды бас энер­гетик М.Мырзағалиев.

Жағдай қашан тұрақталады?

Бірқатар сарапшы отын тапшылығы қазан айында да жалғасады деген болжам айтты. Себебі Павлодар МӨЗ-і жөндеуге жабылғалы жатыр. Өңірлерде ірі желілерге кірмейтін жүз­деген ұсақ жанармай құю стансасының резервуарлары босап қалған. «Ынтымақ» ЖҚС-тер иелері қауымдастығының төр­аға­сы Бақытжан Қолдасовтың мәліметін­ше, Шымкент пен Түркістан облысындағы 600-ден астам жанармай құю стансасының 400-дейі осындай күрделі ахуалға тап бол­ды. Екі өңірдің ЖҚС иелері сататын бен­зин, дизель және автогаз таппай, шы­ғын шегіп жат­қанына назар аудартып, «Ата­ме­кен» кәсіп­керлердің өңірлік палатасына ша­ғымданды. Палата оларды барлық мүд­делі меморганмен онлайн ре­жимде бай­ланыстырыпты. Бірақ сарабдал сұхбаттас­тық құрудан түк шық­паған. Ше­неуніктер отын­ның жетіспейтінін және оның ары қарай қымбаттайтынын мо­йындапты: бар айтқаны – «ЖЖМ баға­сын нарық қана реттейді». Б.Қолдасов «барлық 3 мұнай өңдеу зауыты толық жаңғыртудан өткен соң, елде енді ЖЖМ тапшылығы болмайды, қайта шетелге экспорттауға көшеміз» деп насихатталғанын еске салды. Оның орнына республика таршылық пен қымбатшылыққа қатар ұрынды. Кейбір өңірде (мысалы, Екібастұзда) дизельдің 1 литрінің бағасы 285 теңгеге дейін жеткен. Сарапшының байламынша, бұған ЖЖМ нарығының монополияландырылуы себеп. Отандық нарыққа үстемдік еткен алпауыт ойыншылар қалаған кезде отын тапшылығын туғызып, бағаны қалаға­нын­ша көтереді. Соның кесірінен ауыл шаруа­шылығы өндірушілерімен тікелей жұмыс іс­теп, ауыл кәсіпкерін газбен, дизельмен қам­титын шалғайдағы ұсақ ЖҚС-тер тоқырауда. ЖҚС иелері, мысалы Petrosun және онымен аффилирленген «Автогаз Трейд», Gaz Energy секілді компаниялар жанар-жағармайды көтерме және бөлшек сауда­лауда шектеусіз құқыққа ие болғандықтан, нарықта ойына келгенін істейді деген пікір білдірді. Petrosun ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Сартбаев ЖҚС иелерінің айыбымен келіспейді және жасанды дефицитке қатысымыз жоқ дейді. «Отын тапшылығы екі фактор салда­рынан туындағанға ұқсайды. Біріншіден, қаңтар айында электр қуатының ағытып тасталуы кесірінен Атырау МӨЗ-і бір айдан артық уақытқа тоқтап қалды: ол дизель мен бензиннің әрқайсысын 200 мың тоннаға кем шығарды. Екіншіден, елдегі бағалар солтүстік көршіге қарағанда арзан. Оның машиналары шекара маңын­дағы қазақстандық ЖҚС-терде бактарын толтырып алады. Сондықтан отынды әкет­пеуі үшін біз отынның бөлшек сауда бағасын одан ары көтеруіміз қажет», – деді журналистерге Н.Сартбаев. Мамандардың жорамалдауынша, на­рықтағы жағдай тек қараша айына қарай тұрақтануы мүмкін. Ол кезде егін ору, ас­тық кептіру жұмыстары біржақты болып, сұраныс азаяды. Бұған қоса, мұнай өнім­дерінің экспортына қойылған тыйымды тағы жарты жылға ұзарту жоспарланған.

P.S.

Қазақстанда енді бидай қым­баттауда. Отандық элеваторлар өз өнімінің құнын орта есеппен әр тоннасы үшін 5 мың теңгеге көтерді. Сөйтіп, 1 сұрыпты ұнның тоннасы бүгінде 160 мың теңгеден сатылуда. Алда бидайдың тоннасы 150 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп болжанып отыр. Осылайша, реттемейтін дертті нарық қа­рапайым нанның өзін «десертке» айнал­дырғалы тұр.

Айхан ШӘРІП