80 жыл бұрын жоғалған Тұран жолбарысын түгендеуге білек сыбана кіріскенімізге де біршама жыл болды. Жақында қазақтың жерін мекендеген алып жыртқышты жерсіндіру жайын Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы қозғады. Қыруар қаражатқа алып келінетін Ресейдің Амуры Тұран жолбарысынан айырмашылығы бар ма? Амур аймағымызды жерсіне ме? Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жоспары қалай жүзеге аспақ?
Тұран жолбарыстарын қайта жаңғырту жобасы осыдан 4-5 жыл бұрын Санкт-Петерборда өткен экономикалық форумда таныстырылған болатын. Артынша Ресей үкіметі жобаны бекітті. Ал былтыр елімізде Тұран жолбарысын қайта түлету туралы жаңа жоба қолға алынса, биыл тарғыл жыртқышты қайта түлету мақсатында кеңауқымды жобаны жүзеге асырыла бастады. БҰҰ Даму бағдарламасы өкілінің мәлімдеуінше, жоба жойылған аңды ел аумағына қайтарумен қоса, ұлттық құндылығымен ерекшеленбек. Алдымен жолбарыс мекендейтін аумақ пен олардың азық базасы дайындалып, 4-5 жылдан кейін алғашқы 12-13 Тұран жолбарысы әкелінеді. Жыртқыштардың жергілікті жерге бейімделуі қадағаланған соң ғана еркіндікке жіберіледі. Жоспар сәтті жүзеге асса, 2050 жылға қарай еліміздегі жолбарыс саны 100-ден асады деп болжанып отыр.Халықаралық жоба дайындалып жатыр
Жақында Тұран барысы популяциясын қалпына келтіру жоспары туралы айтқан Президент: «Олардың соңғылары өткен ғасырдың 30-жылдары байқалған. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Қазақстан аумағынан жоғалып кетті. Бұл – дала барыстары. Олар кезінде азулы барыс болған. Сондықтан қазір осы барыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін халықаралық жоба дайындап жатырмыз», – дей келе Қ.Тоқаев ресейлік мамандарды қызықты жобаны бірігіп жүзеге асыруға шақырды. Келешегі бар жобаға Ресей Федерациясында сақталған жолбарыс түрлері негізге алынып, кейінгі процеске биологтар қосылатынын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Кавказда барыс популяциясын қалпына келтіру жұмыстары сәтті жүргізілді. Сібірде қар барысын қалпына келтіріп жатырмыз. Ендігі жерде Қазақстан аумағында болған популяцияны мамандардың зерттеуімен Үндістан немесе Ресейден алдыруды қолға алған жөн. Бұл мақсатқа 100 пайыз жету мүмкін болмаса да, тырысып көру керек екеніне тоқталып, халықаралық ұйымдардың тарапы құп көрген жобаға Ресей тарапынан да қолдау болатынына сенім білдірген.Соңғы жолбарыс мұражайда сақталған
Бұған дейін Іле өзенінің сағасындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аумақ ретінде таңдалды. Тұран жолбарыстары қазақтың қамысты және тоғайлы аумақтарында ғасырлар бойы жортып жүрген екен. Олар өте ірі әрі салмағы 250-300 келіден кем түспеген көрінеді. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ даласындағы жыртқыштардың жойылып кетуі Ресейдің патша үкіметі араласа бастаған тұсынан азаюы басталған. Жолбарысты жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталады. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырды. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты қынадай қырыпты. Кейін 1947 жылы Кеңес Үкіметі жолбарыстарды аулауға тыйым салғанымен, бұл кеш қабылданған шара болды. Алайда Тұран жолбарысы түгімен жойылғанымен, Амур жолбарысын аман сақтап қалды. Сөйтіп, 1960 жылдардың ортасынан бастап Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабының бірінші санатына Тұран жолбарысы «жойылып кеткен» түр ретінде енгізілді. ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған. Қазір олардың үш жарым мыңдайы ғана сақталған. Ал Тұран жолбарысының бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Қыстыгүні терісі, әсіресе қарын тұсының жүні қалыңдай түседі екен. Тұмсығында қою мұрты болған. Тұран жолбарысы бенгалдық және амурлық тұқымынан да ірі. Салмағы 250 келіні тартса, тәулігіне 100 шақырым жерді шолып өте алатын ерекше қасиеті бар. Құжаттарға қарағанда, Жетісудағы соңғы жолбарыс 1940 жылы аңшылардың оғына ілінген. Осы алып жыртқыштың тұлыбы бүгінде Алматыдағы Биология мұражайында сақталған. Тарғыл шері 1933 жылы Іле өзенінің бойында қолға түсіріліпті. Мұражайдың бас маманы Қылышбай Мұсабековтің айтуынша, бұл – ұрғашы жолбарыс, жаз мезгілінде ұсталған жас өлекшін. Кейбір деректерде соңғы жолбарыс Балқаш көлінің ну қамысында 1928 жылы оққа байланған деседі.Бүгін бітетін іс емес
«Жолбарыс жобасын» жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі 50 млн АҚШ долларын жұмсамақ. Қыруар қаржы жұмсалатын жобаның жоспарына сәйкес, жолбарыстар хайуанаттар бағынан немесе Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан алынуы мүмкін. Қолда өскен аңның бостандыққа бейімделуі қиын болғанымен, мұндай тәжірибе бұрындары Ресей мен Қытайда жүргізілген. Хайуанаттар бағынан әкелінген жолбарыстар жерсінбесе, Қиыр Шығыстағы жолбарыс популяциясына зиян келтірмей, жылына екі-үшеуін ұстап алып, қазақтың қамысты орман-тоғайларына жіберу көзделіп отыр. Бірақ бұл бүгін-ертең жүзеге аса қалатын шаруа емес. Кем дегенде 5-7 жылға созылып, «Іле-Балқаш» қорығына азы 20 бас Амур жолбарысы жерсіндіріледі. Тұран жолбарысы мекен еткен аймақтарын зерттеген мамандардың мәлімдеуінше, бұл жыртқыш түрі адам қоныстанбаған аумаққа үйір келеді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Ресей өкілдігінің директоры Игорь Честин жолбарысты қайта жерсіндіруге Қазақстанның таңдалып алынғанын осы себеппен түсіндіреді. Оның ойынша, Амур жолбарысы өзге аймақтарға қарағанда біздің жерге тез үйреніп кетуі мүмкін. «Жолбарыс популяциясы үшін көлемі зор, адам қоныстанбаған аумақтар қажет. Әзербайжан, Армения, Грузия, Иран, Қырғыз Республикасы, Қытай, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркияда жолбарыс тіршілік ететіндей жер жоқ. Ауғанстан мен Иракты қарастыру қисынсыз. Сол үшін Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келдік. Сол өңірдің ұңғыл-шұңғылына дейін барлап, Қазақстан Ғылым академиясының зоология институтымен бірлесіп, үлкен есеп әзірледік», – дейді Игорь Честин. Бағдарламаны орындау барысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінбек. Бұл орайда Қытай мен Қазақстанның суды қанша алып отырғаны басты назарда болады. Өйткені Қытаймен Іле суын пайдалануға байланысты келісім барысында «Жолбарыс бағдарламасы» басты уәжіміз болып қалуы ғажап емес. Осылайша, жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс жіберсе, жарты ғасыр ішінде оның тұқымын 64-98 басқа дейін өсіруге болады.Тарғыл жыртқыш тұрғындарға қауіпті ме?
Экожүйесі жолбарыстың тіршілігіне қолайлы саналатын Іле-Балқаш өңірінің жұрты «жолбарыстың азығы болып кетеміз бе?» деп қорқады. Өйткені Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы санындағы «Табиғат және аңшылық» деген бөлімінде Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы жайында мақала басылған. Шақан аңға кеткен бір күні түнде адамжегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қамысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйінген Шақан жолбарысты өлтірмекке ант береді. Ақыры сөзінде тұрған аңшы бірнеше шұбар аңның көзін жояды. Бұл туралы Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романында егжей-тегжейлі жазылған. Әйтсе де, мамандар жергілікті жұртты сабырға шақырып отыр. Себебі жолбарысты жерсіндіру бағдарламасы бойынша аймаққа алып жыртқышты жібермес бұрын азығы болар жануарлар көбейтіледі. Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Биолог әрі зоолог Мұрат Жақсыбаевтың айтуынша, Тұран және Амур жолбарыстары бір түр тармағына жатады. Бір айырмашылығы, географиялық мекен ету ортасы бөлек. Ресейлік жыртқыш елдің Қиыр Шығысындағы Амур өзенінің жағасын, біздегі тұқымы құрыған тарғыл жолбарыс Тұран ойпатын мекендеген. «Сол үшін Тұран жолбарысының мекен еткен ортасына әкелгенде Амур жыртқышының жерсінуін қадағалап отыру маңызды. Азықтық базасы дайындалмаса, кез келген жыртқыш жерсінбейді. Сосын Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан да Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын. Ол да жойылып бара жатқан тұқым», – дейді Мұрат Бөдеұлы. Сондай-ақ зоолог маман жыртқыштың келуінен қорқудың қажеті шамалы екенін айтады. «Өйткені жыртқыштың жауы – адамның өзі. Адамдар олардың мекен ету ортасын бұзып, тіршілік ету әрекетіне қолайсыздық туғызамыз. Сол себепті жыртқыштар да үй жануарларына, адамдарға шабуылдауға мәжбүр болады, – дейді ол. Қазақ Ұлттық географиялық қоғамының вице-президенті, зоолог Сергей Скляренко да бірінші кезекте резерваттың экожүйесін сауықтырған дұрыс екенін жеткізген еді. Өйткені бой тасалайтын тоғайы мен қалың қамыс болмаса, жолбарыс ешқашан жерсінбейді. Екінші сумен қамтамасыз етіп, орман ағаштарын заңсыз отаумен күресу жүргізілген дұрыс. Қазірдің өзінде сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтапты. Бірақ оның өзі жеткіліксіз. Сол үшін жыртқыштың еттен тарықпауы үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы 4-5 жыл ішінде Іле-Балқаш өңіріне 50 шақты кермарал апару жоспарланған. Аңызға зер салсақ, киелі қызыл жолбарыс Сүйінбайды қорғаған. Жыр алыбы Жамбыл көз жұмарының алдында «Жолбарысым қырғыздарға қарай тау асып кетті» деп кейіпті. Қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Сүйінбай мен Жамбылдың жолбарысы өзіне пір болғанын айтып: «Қазақтан қашан кемеңгер, данышпан ұрпақ шығады, жолбарыс сол кезде өз жұртына қайтар» деген көрінеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін қазақ Тұран жолбарысын түп мекеніне жерсіндіру жобасын жақсылыққа жориды. Тек миллиондар құйылған «Жолбарыс бағдарламасына» жемқорлық жерсініп жүрмесе болғаны.Жадыра МҮСІЛІМ