Өткен жылы табиғат апаты салдарынан аса қиын жағдайды бастан өткерген мақтааралдықтардың тіршілігі бүгінде қалпына қайта түсті. Негізгі тіршілігі ауылшаруашылық саласы, әсіресе мақта өсіру шаруашылығымен тікелей байланысты ауданда ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ө.Шөкеевтің мақтааралдықтармен жүздесіп, бүгінгі жағдайды көзбен көру үшін Өзбекстан Республикасынан арнайы келген министрлермен кездесіп, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыру барысында белгілі болды.
Оңтүстік өңірге арнайы келген Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, Президент кеңесшісі Тұрсынхан Құдайбергенов пен Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев бастаған делегация облыстағы ауыл шаруашылығы саласына серпіліс әкелген өзгерістерге куә болып, мақталы аудандардың шаруаларымен кездесті. Қонақтар еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов және облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге мақтааралдықтардың бүгінгі тыныс - тіршілігімен танысты. Айта кетейік, былтыр Мақтаарал ауданындағы су басқан 7 500 гектар егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, шитті мақта егу жұмыстарына көрші елден қолдау көрсетілді. Көрші елден 40 арнайы техника мен 250 тонна мақта шиті жеткізіліп, суы тартылған елді мекендердегі шаруаларға көмектесіп, мақта дақылын қайта егіп берген еді. Мырзашөл топырағына егілген өзбекстандық «Сұлтан» мақта сұрпы жоғары сапалы өнім берді. Арнайы делегация «Алмат» шаруа қожалығының мақта терім алқабында болып, диқандармен жүздесті. Қуаңшылыққа қарамастан ағын суды артығымен пайдаланған шаруалар биыл мол өнім алуды көздеп отыр. Өңірде мақта бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Түркістан облысында 18 мақта өңдеу зауытының 200-ден астам мақта қабылдау бекеттері арқылы 1 тонна шитті мақта 300 мың теңгеге қабылданып жатыр. Жоспарланған егіс көлемінің 33 мың гектары теріліп, 70 мың тоннадан астам өнім жиналды. Айтайық, соңғы 30 жылда алғаш рет оңтүстік өңірінің шаруалары егістікке кедергісіз ағын су ала бастады. Нәтижесінде, мақта терімі рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл жетістіктер – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық байланыстардың нығая түсуінің нәтижесі. «Күндіз - түні тынбай еңбек еткеннің арқасында биыл мақта бітік шықты. Баға да көтерілді. Қазір келісін 300-320 теңгеден сатып жатырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды артығымен алдық. Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, көрші елмен орнаған достық қатынастың арқасында жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Мемлекет қолдауымен тыңайтқыш пен жанар - жағармай жеткілікті. Ел риза. Диқандар табысын арттырып алатын болды», – дейді «Бағдат» шаруа қожалығының басшысы Дәулетбай Жорымбетов. Биыл жалпы 110 мың га жерден 280 мың тонна шитті мақта теру жоспарланған. Мақта талшығы Еуропаға экспортталады. Сонымен қатар жиын-терім жұмыстарына 43 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның бағасы литріне 172 теңгеден босатылып жатыр. Өткен жылы болған төтенше жағдайға қарсы табанды күрес, бүкілхалықтық ауқымды жұмыстар жүргізу және ағайын арасындағы ауызбіршіліктің арқасында аудан орталығы Мырзакентте жаңа қалашық бой көтерген болатын. Өзбекстаннан келген делегация Мырзакент жаңа шағынауданында салынған 1 200 орындық мектеп құрылысымен танысты. Жақын күндері ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Онда орнатылған заманауи қондырғылар мен мектепте ендірілген өңірде бұрын-соңды болмаған жаңа жобаның мүмкіндіктерін жоғары бағалады. «Өздеріңізбен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз. Өткен жылы болған төтенше жағдай бауырлас екі ел үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Өздеріңізге белгілі, жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауымен Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Тасқын судың зардабын жоюға көрші Өзбекстан елінен көмек келіп, қоян-қолтық жұмыс істедік. Бауырлас өзбек халқымен жарқын кезеңдер мен сынақ сәттерде де біргеміз. «Бірлігі бекем ел бәрін жеңеді» демекші, бұл сынақ халқымыздың біртұтас елдігінің айқын дәлелі болды. Қиын сәттер артта қалып, әр отбасына тек бақытты күндер бұйырсын», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы. Жаңа мектепке жиналған мырзашөлдіктер Мақтааралдың жаңа кейіпке еніп, бұрыннан да ажарлана түскенін мақтанышпен жеткізіп жатты және бастан өткен қиын сәтте жұмыла көмек қолын созған баршаға алғысын айтты. Сондай-ақ халықтың қиындық кезінде тыныш тұрмыс іздеп, басқа жаққа үдере көшпегенін де тілге тиек етті. «Қиындықтар ұмытылып, туған өлкеміз бұрынғыдан да гүлденіп келеді. Қаншама жаңа ғимараттар, емдеу мекемелері салынды. Айнала көкке оранып, ауданымыз ажарлана түсті. Өзбекстан халқымен ғасырлар бойы бірге өсіп келеміз. Ол жақта ағайын-туыс тұрады. Бір өзеннен су ішіп, бір ауамен тыныстанған туыс халықпыз. Қиындықта көмек беріп, қуанышымызды да бөлісіп отыр», – дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Шахзада Құрбанбаева. Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан аймақтағы әрбір тұрғын, яғни 6 214 азаматқа республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат аударылды. Қаржылай көмек беруге отандық және өзбекстандық кәсіпкерлер де атсалысты. Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айырылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Оларға «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы өтемақы ұсынылды. Ал су басқан көптеген ауыл тұрғындарының үйлері сол елді мекенде қайта қалпына келтірілді. Бүгінде олар өздері қалаған жобамен заманауи үлгідегі үйлерін салып алды. Өңірге бас-аяғы 3 айдың ішінде бұрын-соңды болмаған 30 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Бүгінде жаңарған Мақтаарал тұрғындарының бұрынғы тіршілігі қалпына түсіп қана қоймай, тұрмыстық жағдайдың бұрынғыдан жақсара түсуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Келесі кезекте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өзбекстандық арнайы делегацияны Жетісай қаласындағы «Қыдыр ата» жекеменшік емханасының жұмысымен таныстырды. Заманауи жабдықталған медициналық мекемеде 120 емделушіге дейін ем қабылдай алады. Клиника дәрігерлері 100 шақырым жерде орналасқан ташкенттік әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы