Кедейліктің қамытын кигендер көп
Кедейліктің қамытын кигендер көп
290
оқылды

Ресми дерек бойынша, республикада 1 миллион кедей бар. Одан бөлек, жарытып тамақ іше алмай жүрген адамдар да аз емес. Алайда ол туралы нақты дерек жоқ. Бұл жағдайда әлеуметтік тұрғыдан осал деп танылған жандарға жәрдемақы төлеу керек-ақ. Бірақ бұған Үкімет дайын ба?

Статистикадағы сәйкессіздік

Бүкіләлемдік банктің дере­гінде республикадағы кедейлік деңгейі 12-14% жетіп, 2 млн адам­ды құра­ған. Әлемдік рей­тингте Қазақстан табысы ортадан төмен елдер санатына жатады. Оның әдістемесі бойынша кедей­лік шегі күніне – $5,5, яғни айына 2 343 теңгені құ­рауы тиіс. Бү­кіләлемдік банктің әдістемесі бо­йынша, одан төмен табыс табатын­дар кедей болып саналады. Біздің елде кедейлік шегі ол бұл сомадан екі есе төмен – 34 302 теңге. Ал енді 42 500 теңге айлық алатындар ке­дей деп са­налмайды. Міне, Үкі­меттің барлық әлеуметтік ба­ғдар­ламалары мен төлемдері осы со­ма­ны негізге алып жасалған, сон­­дықтан тұрмысы тө­мен жан­дарға мемлекет тарапынан көрсе­тілетін әлеуметтік көмек­тер­дің әділеттілігі туралы бірдеңе деудің өзі артық. Мынау қымбатшылық дендеп тұрған заманда бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес екенін осы бағ­дарламаларды жасаған және тө­менгі жалақы мөлшерін бекіткен министрлер, әкімдер, депутаттар ғана білмесе керек. Қазір әлеумет­тік азық-түлік себетіне 40 түрлі та­ғам кіреді, әйтсе де ғылыми тұр­ғ­ыдан адамның физиологиялық тұтыну нормасы бойынша 65 түрлі тағам қажет екені дәлелденген. Бірақ мұны ескерген кім бар? Одан бөлек, сарапшылардың айтуынша, кедейлік деңгейін бел­гілеген кезде адамның азық-тү­лікке, киім-кешекке, комму­нал­дық қызметтерге, сондай-ақ білім алуға, емделуге, демалуға және тағы басқа да өмірлік қажетті­лік­теріне қанша ақша жұмсайтынын ескеру қажетін айтады. Әрине, бұл шындықтан гөрі қиялға көп жа­қын. Ал 42 500 теңгенің төменгі айлық жалақысына адамның аш­тан қатып қалмас үшін тек шай мен нан және макарон алуға ша­масы жетеді. Айтпақшы, Еуропа ел­дерінде азық-түлік және тағам­дық емес себетінің құрамына 250-300 түрлі тауар кіреді! Келесі жылдан бастап Үкі­мет ең төменгі жалақы мөлшерін 60 000 теңгеге көтермек. Сонымен қатар жәрдемақы мен зейнетақы сомасы да артатын болған. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев оның халықтың әлеуметтік тұрғы­дан осал қорғалған тобына көмегі шамалы екенін айтады.  «Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең төменгі жалақы мөлшерін, жәрдемақы мен зей­нет­ақыны арттыру жеткіліксіз. Қазір ең маңыздысы – ел экономика­сы­ның дамуына басты назар аудару қажет. Адамдарды жақсы өмір сүруге тартудың қажеті жоқ, оның орнына адамдық капиталды өсі­ру­ге, орта және шағын бизнесті да­мытуға күш салу қажет. Ал тек жа­лақы мөлшерін көтеріп қойсақ, ол бәрібір үздіксіз өсіп жатқан азық-түлік пен коммуналдық тө­лемдер бағасын, басқа да тауар түрлерінің қымбатшылығын жаба алмайды, біз бұдан тұрғындар өмі­рін жақ­сарта алмаймыз», – дейді ол. Жұмыссыздық пен кедейліктің өршуіне ко­ронавирус пандемиясы көп ықпал етті. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың ахуалын одан әрмен нашарлата түсті. Ал қай елді ке­дейлік иектесе, сол қо­ғамда қыл­мыс, ұрлық, нашақор­лық, суи­цид, әлеуметтік шиелініс­тер мен қақтығыстар өшіп кете­тінін өмірлік тәжірибелер айқын көр­сетіп отыр. Әдетте, ең кедей адамдар са­натында көпбалалы отбасылардың қарасы қалың. Мұндай отбасылар балаларын толық деңгейде тағам­мен, киіммен, дәрігерлік қызмет­пен және жеке тұлғаның дұрыс дамып-жетілуі үшін қажетті басқа да мұқтаждықтармен қамтамасыз ете алмайды. Қазақстанда егер ересек адамдардың кедейлігі ту­ралы үстірт болса да бір талдау жүргізілсе, құзырлы органдар ба­лалар кедейлігі туралы жақ аш­пайды. Құдды, біздің елде мұндай проблема мүлдем жоқ сияқты.

Балалар кедейлігі – қауіпті құбылыс

Zertteu Research Institute құ­рылтайшысы Шолпан Әйтенова­ның айтуынша, елдегі 6 миллион баланың 1 миллионы кедей отба­сыларында өмір сүріп жатыр. «Бұл – жалпыұлттық ауқымдағы апат. Мұндай проблеманың бар екенін көрмеудің арты жақсылыққа соқ­тырмайды. Өйткені мұндай отба­сыларда кедейлік әкеден балаға «мұраға» беріледі, соның салда­рынан дер кезінде дұрыс білім ала алмаған, материалдық жағдайын жақсарту мүмкіндігі шектеулі ба­лалардың ертең өскенде жоқшы­лықтың шеңберінен шыға алмай қалу қаупі үлкен»,– дейді әлеумет­танушы сарапшы. Сарапшылардың айтуынша, кедейлік ұлттың денсаулығын, жұмысқа қабілеттілігін, демогра­фиялық, ғылыми-мәдени әлеуетін құрады. Осы мысалдардың бәрі Қазақстанда балалар кедейлігінің бар екенін мойындау керек екенін көрсетеді. Бұл мәселені шешу мем­лекеттің стратегиялық маңыздағы міндеттерінің біріне айналуы тиіс. «Кедейлік сезімі баланың сана­сында тек ата-анасы табысының төмендігі әсерінен ғана емес, ең бірінші өзін өзгелерге қарағанда қор көруі кесірінен де қалыптасады. Қарсыластары жарқырап киініп, не ішемін, не жеймін демей уа­йымсыз жүргенде, кедей отбасы­лар­дан шыққан балалар қорынып, көпшілік бас қосқан жерден ал­шақтай береді. Сөйтіп, қоғамның назарынан тысқары қалып қоя­ды»,– дейді Шолпан Әйтенова. Кедейліктің енді бір өлшемі – жоғары сапалы білім алу мүмкін­дігінің теңсіздігі. Мына дағдарыс­тың салқыны ұлттық білім беру жүйесіне де аяусыз соққы болып тиіп жатыр. 2020 жылы Қазақстан әлемдегі үздік білім беруші 73 мем­лекеттің ішінде 70-орында тұр. Біз Ливан мен Мьянманың арасына жайғасыппыз. Ал үздік бестікте АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Гер­мания, Франция орналасқан. Сон­дықтан сапалы білім іздеген жас­тарымыз шетелге ағылады, ал өздері күндерін әзер көріп отырған кедей отбасылардың балалары оқу қуып, шетел асуы некен-саяқ.

ТҮЙІН:

Әрине, адам өмірінде табыстың та әсері бар шығар. Дегенмен бала­ның кәсіби маман атануына бұл басты мөлшер деп айта аламыз ба? Рас, кейде тұрмысы төмен отб­а­сылар балаларын ақысы қымбат мектептерде оқытуға мүмкіндігі жоқ. Аса таланттылары немесе мем­лекеттік бағдарлама арқылы оқуға іліккен санаулылары болмаса, АҚШ-тың, Лондонның және Па­риждің таңдаулы жоғары оқу орын­дарына түсіп кеткендері ілуде біреуі ғана. Ал бүгінгі заманның бас­ты қаруы – білім. Сапалы білім алмаған бала ертең өскен соң табысы мол жұмысқа да тұра алмайды. Еңбек нарығындағы қатаң бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Балалар кедей­лігі туралы айтқанда, біз осы мәсе­леге баса назар аударт­қымыз келді.

Дәулет АСАУ