Ақмолада жайылым жерлерді заңсыз ұсынған
Ақмолада жайылым жерлерді заңсыз ұсынған
224
оқылды

Жер мәселесімен жүгінетіндер көбейген...

Өңірде шым-шытырықпен бет­пе-бет келгендердің айтуынша, жердің айналасындағы жемқор­лықтың түйінделген торын тар­қату оңай емес. Дегенмен тиісті құ­қық қорғау органдары мен облыстық кәсіпкерлер палата­сының араласуымен ірі көлемде жасалған заңсыз тірліктерді анық­тау шаралары жалғасып жатыр. Нәтижесінде, облыста аумағы 200 мың гектарға жуық 160-қа тарта жайылымдық жер учаскелерінің заңсыз ұсынылғаны анықталған. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл және кә­сіп­керлердің құқығын қорғау жө­ніндегі кеңестің кезекті өткен жиыны барысында мәлім болды. «Жер мәселесімен әділдік із­деп шырылдап жүргендер аз емес. Кәсіпкерлерден бұл мәселеде арыз-шағымдар жиі түсетіндіктен толғақты тақырып палата қабыр­ғасында бірнеше мәрте көтерілген. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше айдан бері жүргізіліп келді. Нәти­жесінде, осы жылдың мамыр айын­да құрамына прокуратура, облыстық кәсіпкерлер палатасы, Жерді қорғау және қолданылуын бақылау жөніндегі облыстық бас­қарма өкілдері кірген жұмыс тобы құрылды», – дейді облыстық Кә­сіп­керлер палатасы жанындағы кә­сіпкерлер құқығын қорғау жө­ніндегі кеңестің төрайымы Вален­тина Геращенко. Жұмыс тобы шеңберінде жерді қолдану келісімшарттарын жа­рам­сыз деп тану туралы талап арыз­бен жүгінген жағдайда бас­қармамен келісімге қол жеткізіл­ген. Мұнда жер учаскесін игеру дә­режесі назарға алынбақ. Жал­пы, мамырда құрылған жұмыс тобының күні бүгінге дейін үш мәрте жиыны өткізілген. Онда мәселе туындаған барлық жер учаскелері бойынша жердің иге­рілуін анықтау жөнінде жұмыс тобының бірлескен жұмысы жүргізілген. Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуын­ша, жерді жергілікті әкімдіктердің кезінде аукционсыз беруінен жа­йылым жерлердің айналасында күр­делі мәселе туындаған. Ал ке­йін облыс прокуратурасы тексеріс жүргізу барысында кәсіпкерлерге берілген жерлердің көпшілігінің заңсыздығын анықтап, Жердің пай­далануы мен қорғалуын бақы­лау басқармасына келісімшарт­тарды жарамсыз деп тану туралы ұсыныс жолдаған. «Бізге кәсіпкерлерден түскен шағымдар бойынша басқармаға хат жаздық. Онда көптеген кәсіп­керлердің ұсынылған жерлерді игере бастағанын айттық. Сөйтіп, ішінара пайдаланыла бастаған жерлер мемлекетке кері қайтарыл­май, кәсіпкерлердің өздерінде қалатын болды. Мұны прокура­тура органдары да қуаттады. Жер учаскесінің қолданылуы анық­тал­ған жағдайда растау құжаттары ұсынылып, сотқа талап арыздар берілмеді», – дейді кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқы­ғын қорғау және әкімшілік кедер­гілерді төмендету бөлімінің бас­шысы Алтынай Тілектесова.

200 мың гектарға жуық жайылым жер заңсыз берілген

Дегенмен тексеріс шараларын жүгізген прокуратура органдары облыс аумағында 200 мың гектарға жуық 160 жер учаскесінің заңсыз ұсынылғанын анықтады. Тықыр­дың таянғанын сезген жер иелері де дереу іске кіріскен сыңайлы. Құжаттандыруды аяқтау бары­сында құқық қорғау органымен аталған 160 учаскенің 116-сы тиіс­ті мақсатты арналуы бойынша қол­даныла бастағаны анықтаған. «Қазір тиісті арналуы бойын­ша қолданылмаған заңсыз ұсы­нылған жер учаскелері 35 мың гек­тардан астам 44 жер учаскесін құрайды. Оларға бірқатар шара қолданылды. Мемлекет меншігіне жалпы аумағы 22,3 мың гектар алқапты құрайтын 35 жер учаскесі кері қайтарылды. Үш учаскеге талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды. Ал қалған бесеуі соттың қарауында болса, бір жер учаскесі бойынша сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысының Жердің пайдаланылуын және қорғалуын бақылау басқармасының бас ма­маны әрі мемлекеттік инспекторы Рүстем Қалиев. Жиын қорытындысында жер заңнамасы бұзылып, заңсыз ұсы­нылған жер учаскелерін құжат­тандыру жөніндегі жұмыс тобы­ның әрекетін одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданды. Ал сотқа талап арыз беру кезінде заңсыз берілген жердің толық немесе ішінара игерілуін ескеру қажеттігі аталды. Сондай-ақ кеңес мүшелері аудандар мен қалалар­дың әкімдіктерге жер учаскелерін жер заңнамасымен қарастырылған жағдайлардан басқа жағдайда аукцион және конкурс сауда­сын­сыз беруді доғаруды ұсынды.

P.S.

Тиісті шаралар жүргізіліп жатқанымен, әлі де болса жер да­уы­ның айналасында құрық бой­ла­май­тын қулықпен заңсыз әре­кет­тердің пердесі сыпырыл­мағаны анық. Ал оны айқындау әрі дұрыс шешімін табу күн тәр­тібіндегі негізгі мәсе­лелердің бірі болып қала бермек...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы