Чемпиондық белбеуге тағы бір қадам
Чемпиондық белбеуге тағы бір қадам
264
оқылды

Орта салмақта өнер көр­сететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы 5 қараша күні Лас-Вегаста шар­шы алаңға шығады. Қазақ­стандық былғары қол­ғап шеберінің кезекті қар­сыласы орта дивизионда WBA және WBO чемпионы болған 37 жастағы Хассан Н'Дама Н'Жикама.

Қос боксшы Америкадағы әйгілі Top Rank промоутерлік ком­паниясы ұйымдастыратын бокс кешінде жұдырықтасады. Ал бұл шоудың басты айқасында екінші жартылай жеңіл дивизионда WBO чемпионы Микаэла Майер (15-0, 5 КО) мен IBF титулына ие Майва Хамадуш (22-1, 18 КО) кім мықтыны анықтайды. Бірер күн бұрын осы айтулы кештің ресми постерін Жәнібек Instagram парақшасында жариялады. Онда отандасымыз әлемге QAZAQ STYLE-ды көрсетіп, тарихта қалуына тағы бір қадам жасалатынын жеткізген. Кәсіпқой бокстағы Жәнібек Әлімханұлының он бірінші қар­сыласы қандай боксшы? Алдымен сол туралы баяндап көрейік. Хассан Н'Дам Н'Джикам екі рет Олимпиада ойындарында бақ сынаған. Алғаш рет 2004 жылы Афиныда шаршы алаңға шықты. Ол ширек финалда Олимпиада чемпионы, ресейлік Гайдарбек Гайдарбековтен жеңіліп қалған болатын. Ал Гайдарбеков сол бокс бәсекесінің ақтық сынында қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді жеңді. Хассанның араға 12 жыл салып, Риодағы Олимпиадаға қатысқанын айта кетейік. Бірақ бірінші кезеңде бра­зилиялық қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Француз боксшысының әуесқой деңгейдегі жетістігі осын­дай. Құрлықтық жарыстар­дағы жетістігін есептемесек, Әлем чемпионаты не Олимпиадада еш­қандай жүлдеге қол жеткізе ал­маған. Тегі камерундық 37 жастағы француз боксшысы кәсіпқой бокс мансабында 43 жекпе-жек өткізіп, оның 38-інде жеңіске жеткен. Ол әуесқой бокстағы жетіс­тіктеріне қарағанда кәсіпқой рингте бірқатар биікті бағын­дырған. 2012 жылы Хассан алғаш рет WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын иеленді. Бірақ көп ұзамай ол америкалық Питер Куиллинмен болған жекпе-жекте жеңіліп, титулынан айырылды. Ал 2017 жылы Хассан Н'Дам Н'Джикам WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулы үшін жапониялық Риота Муратамен шаршы алаңға шыққан. Бұл кездесуде франциялық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, тағы да әлем чемпионы атанды. Бірақ бес айдан кейін боксшылар реванш өткізіп, Мурата техникалық нокаутпен же­ңіс­ке жетіп, есе қайтарды. Кейін боксшы екінші орта салмақта өнер көрсетті. 2019 жылы танымал Каллум Смитпен екінші орта салмақта WBA (Super) чемпионы титулы үшін жұдырықтасып, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді. Содан соң ресейлік Федор Чудиновпен қолғап түйістірген. Аталған кездесуде де Хассан қарсыласына лайықты қарсылық көрсете алмады. Жалпы, Н'Дам Н'Джикамның бокс­тағы алтын дәуірі өтіп, шау тартып келе жатқаны анық байқа­лады. Боксшының кейінгі бес жекпе-жегінің үшеуінде жеңіліп қалғанын да жоғарыда анықтап айтып өтті. Бірақ осал қарсыластар емес, Мурата, Смит секілді азулы боксшыларға есе жіберген. Осы орайда қарашада өтетін жекпе-жекке қатысты қос қарсы­ластың жеңіске жету мүмкіндігі туралы бокс мамандары да пікірін білдірді. Қазақстандық белгілі промоутер Болат Манкенов орта салмақта WBA және WBO чемпионы болған франциялық Хассан Н'Дам Н'Жикам мен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы айқаста отандасымыздың сәл де басым­дығы бар екенін айтты. – Қазір Әлімханұлы – топ-10 тізімде. Енді оның промоутерлері қарсылас таңдауда талғампаз болғаны жөн. Титулға дейін бірнеше айқас өткізіп, нарықты жаулау қажет. Жәнібек көпшілік үшін қызықты болғаны дұрыс. Сондықтан да болар, қарсылас ретінде осындай аты бар боксшы таңдалды. Жәнібек осы деңгейді сезінуі тиіс. Оған міндетті қарсы­лас атану үшін жекпе-жек керек. Ол оған лайықты. Жақсы кездесу болады деп ойлаймын. Шыңға шығар жолдағы бір сынақ. Бұл айқаста Жәнібекте басымдық бар секілді, бірақ босаңсуға болмайды, – дейді Манкенов. Ал спорт журналисі Ғалым Сүлеймен француз боксшысы Жәнібекке қарағанда тәжірибелі болғанымен, оны жеңуге шама-шарқы жетпейді деп ойлайды. – Боксшы кезінде Автандил Хурцидзе, Макс Бурсак, Питер Куиллин, Альфонсо Бланко, Рето Мурата, Мартин Мюррей және тағы басқа саңлақтарды сан соқтырды. 2012 жылы Хасан WBO және 2017 жылы WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Тағы басқа белді тұжырымдардың алтын белбеуін иеленді. Спорттық мансабында француздық боксшы тек Питер Куиллин (2012 жылы, төрешілер шешімімен), Давид Лемье (2015, төрешілер шешімімен), Рето Мурата (2017, 7 раундта бәсекені жалғастырудан бас тартты), Каллум Смит (2019, 3 раунд­та нокаут) және Федор Чудиновқа (2019, төрешілер шешімімен) ғана есе жіберген. Франция өкілінің атақ-даңқы зор болғанымен, қазір ол бұрынғыдай бабында емес. Соңғы екі бәсеке­сінде Н’Жикамның жеңіліс табуы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Оның үстіне, ол екі жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Иә, Жәнібек Әлімханұлына бұрынғы чемпионға қарсы болса да, жекпе-жекке шығу тиімді. Қанша дегенмен Хасанның атағы бар. Бірақ, шыны керек шау тартып қалған боксшы қазақтың жалындап тұр­ған жігітін жеңе алады дегенге сену қиын, – дейді белгілі спорт журналисі. Айта кетейік, франциялық былғары қолғап шебері соңғы жекпе-жегін шілде айында вен­гриялық боксшы Габор Горбичке (26-21-2, 16 КО) қарсы өткізген болатын. Ол қарсыласын ұпай саны бойынша жеңген. Ал Жәні­бек Әлімханұлы маусым айында шаршы алаңға шығып, америка­лық Роб Брантты (26-3, 18 КО) сегізінші раундта жеңді. Қазір отандасымыз өзінің кезекті кездесуіне дайындығын бастап кетті. Спортшы өзінің Twitter-дегі парақшасында жетекшісі Джеймс «Бадди» Макгиртпен бірге жаттыққан бейнежазбасымен бөлісті. Жәнібекте өзі айтпақ­шы, «чемпиондық белбеуден бас­қа­сының бәрі бар». Соған қол жеткізу отандасымыздың басты мақ­саты.

Абылайхан ЖҰМАШ