Полиция департаментінің дерегінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны баласын грантқа оқуға түсірмек болып, 1,3 миллион теңгесінен айырылып қалған.
40 жастағы ақтөбелік 2 шілде күні бейтаныс адамның қолына бар ақшасын ұстатып жіберген.
«Ол бейтаныс адаммен дәмханада кездесіп, келіскен. Күдікті қаладағы университеттердің біріне «ақысыз бөлімге» оқуға түсуге жәрдемдесетінін айтып, қызметі үшін 1 300 000 теңге көлемінде сыйақы алған. Жедел іздестіру барысында полицейлер күдіктіні анықтады. Ақтөбе қаласының 44 жастағы тұрғыны екені белгілі болды», – дейді полицейлер.
Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.