Атырау облысының Полиция департаменті өрттен көз жұмған 3 баланың туыстарының шағымына жауап берді.
Бұған дейін олар полицейлер мәйіттердің табылғаны туралы бірден хабар бермегеніне шағымданған болатын.
"Мен өз атымнан, жеке құрам атынан Махамбет ауданы Ортақшыл ауылында болған қайғылы оқиғаға байланысты балаларынан айырылған отбасылар мен қаза болғандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамын", – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Облыстық ПД мәліметінше, 5 қазанда сағат 21.40 шамасында полицейлерге 2012 және 2014 жылы туған балалар далаға ойнауға шығып, үйге қайтпағаны туралы хабарлама түскен.
Оларды іздеуге полицейлермен бірге Ортақшыл ауылының тұрғындары мен Атыраудан келген еріктілер тартылды.
"Іздестіру жұмыстарына қатысқаны үшін тұрғындар мен еріктілерге рақмет айтамыз. Іздеуге көп адам қатысты, шаруашылық пен дала толық тексерілді, бірақ бұл ешқандай нәтиже бермеді", – деді ол.
Атырау уақыты бойынша таңғы 4.05-те үш мәйіт табылғаннан кейін күзетшілер адамдарды бірден жинап, оларға жоғалған балаларды іздеу тоқтатылғаны туралы хабарлаған. Тергеу мүддесі үшін полиция басқа ақпаратты жария ете алмайды.
"Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Аталған факті бойынша Атырау облысының Полиция департаменті Қылмыстық Кодексінің 292-бабы (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде", – деді Қамза Үмбетқалиев.
Бұған дейін өрттен қаза тапқан 3 баланың туыстары мәлімдеме жасағанын жазған болатынбыз.