ТМД бірлескен бөлімшесі құрылады
ТМД бірлескен бөлімшесі құрылады
142
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен өткен палата отырысында сенаторлар ТМД-ға мүше мемлекеттердің армияларына қатысты келісімді ратификациялады. Атап айт­қанда, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік  бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Мемлекеттердің гуманитарлық көмек ретінде минадан арылту саласындағы өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып саналады. Бұл құжат мина алаңдарын техникалық барлаумен және оларды минадан тазартумен айналысатын «Бірлескен бөлімше» қалыптастыру, қол­дану және оның қызметін аяқтау тәртібін анықтайды. Бұл ретте келісімге Қазақстан өз ескертпесін қосып, қол қойды: оған сәйкес, Бірлескен бөлімшедегі қазақстандық әскерилер, яғни ұлттық инженерлік бөлімше ТМД-ға мүше емес үшінші мемлекеттің аумағына тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты болса ғана аяқ басады. Сонымен қатар отырыста депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Сенаторлар байланыс жүйелерінің кепілдендірілген және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында күш біріктіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштерін басқарудың маңызды тетігі екеніне сенімді. «Қабылданған екі заң Достастыққа мүше елдер арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық­тың жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған. Бұл келісімдер ТМД шеңберінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.  

Айхан ШӘРІП