Интернаттардың жай-күйі талқыланды
Интернаттардың жай-күйі талқыланды
251
оқылды

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Отбасы, әйелдер және ба­лалардың құқықтарын қорғау мәселелері» жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңесте жоғары оқу орындарының, ар­наулы орта оқу орындарының, мектептер мен балабақ­ша­ларда инклюзивті білім беру жағдайын жақсарту және саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында мәлімделген міндеттердің орындалуы жайы талқыланды.

Бүгінде елімізде мыңға жуық педагог-ассистент ерекше қамқор­лықты қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Отырыс барысында олардың еңбек жағдайы қаралды. Кеңес мүшесі, «Болашақ» қоры­ның басшысы Динара Шайжүні­со­ва­ның айтуынша, педагог-ас­сис­тент­тердің шамадан тыс жүк­те­месі бүгінде түйінді мәселелердің біріне айналған. «Олар айына кем дегенде 2 ба­ланы оқытып, қолғабыс жасайды. Ал алатын жалақылары небәрі 90 мың теңге. Бұл өте аз. Осының сал­­да­рынан мамандар тұрақтамай, кейде балалар толықтай бір оқу жылы бойы білім ала алмай қалған жайттар кездесіп жатады. Біздің жобада 300-ге жуық педагог-ас­систент жұмыс істейді. Олардың бар­лығы еңбекақының аздығынан жұмыстан кеткілері келеді», – деді Динара Шайжүнісова. Сондай-ақ кеңес мүшелері ин­тернаттардың да жай-күйін де назардан тыс қалдырмады. Қазір республика аумағында 577 интер­нат бар, оларда 147 мыңнан астам бала тұрады. Бұл – көру, есту қа­білеті бұзылған балаларға арналған арнайы интернаттар, медици­на­лық-әлеуметтік мекемелер және да­рынды балаларға арналған ма­ман­дандырылған, сондай-ақ көп­балалы және аз қамтылған отбасы­лардың балаларына арналған ин­тернаттар, мектеп жанындағы ин­тернаттар, мектеп-интер­нат­тар. 2019 жылдың ақпан айындағы партиялық тыңдаулар кезінде кеңес кейбір интернаттағы адам шошырлық жағдай туралы мә­селені көтерген болатын. «Nur Otan» араласқаннан кейін ғана 19 интернат жөнделіп, кәріз жүргі­зілді, жиһаз бен жабдық жаңар­тылды. Алайда бұл мәселе барлық интернаттағы балалардың өмірін түбегейлі өзгерту және жақсарту үшін үнемі назар аударуды және жүйелі жұмыстарды талап етеді. «Осы жылдың ақпан айында бұл мәселеге қатысты депутаттық сауал жолданды. Соған қарамастан, 2 жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі тарапынан ешқандай жүйелі іс-қимыл атқарылмады. Министрлік балалардың құ­қығын қорғауға жауапты еке­нін түсіне ме? Біз өңірлік кеңес­терден интернат­тар бойынша өз бетінше жұмыс жүргізуді, қалып­тасқан келеңсіз жағ­дайды жақсарту үшін әкімдік­термен бірлесіп ше­шім қабылдауды сұрадық. Содан кейін ғана біздің қолымызға қан­дай интернатта күрделі немесе ағым­дағы жөндеу жүргізілгені не­месе жүргізілетіні, не қажет еке­ні туралы нақты ақпа­рат тиді. Бұл бағыттағы жұмыстар­ды жалғас­ты­рамыз, ал өңірлік кеңес­тер ол мін­деттің орындалуын бақылауға ала­ды. Біздің мақсаты­мыз – елі­міздегі барлық интернат­тарды балалардың өмір сүруіне қо­лайлы ету», – деді кеңес төра­ғасы, Мә­жіліс депутаты Динара Закиева. Динара Закиеваның айтуынша, кеңес мүшелері 534 интернат мекемелеріндегі жағдайды зерт­теген. Сонда тек жалғыз Павлодар облысында ғана барлық интернат­тар күрделі және ағымдағы жөн­деуден өткізілгені анықталған. Бұл істе Қостанай облысында да бір­шама ілгерілеушілік бар: облыс­тағы 36 интернаттық мекеменің 29-ы жөнделген. Алматы облысын­да тек 3 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілген. Түркістан облысында тек 1 мекеме күрделі жөндеуден өткізілген. Интернат мекемелерін­дегі жағдайды жақсарту үшін Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында тиісті жоспарлар жоқ. Ал Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы соңғы 3 жылда бірде-бір интернат мүлдем жөндеу көрмеген. Білім және ғылым вице-ми­нистрі Шолпан Каринованың айтуынша, бірлескен бұйрық жо­басы әзірленген. Оған сәйкес бала­лардың, оның ішінде ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған же­тім балалардың білім алу, тамақ­тану, тасымалдау, демалу құқықта­рын сақтау мониторингі мен ба­қылау жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Бұдан басқа, алдағы уа­қытта Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте комиссияның тек­серу қорытындылары бойынша шығарылған нұсқауларын орын­дама­ған лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту бөлігіне түзетулер енгізілетін бо­лады. Отырыс қорытындысы бойын­ша кеңес Білім және ғылым ми­нистрлігінен 2022 жылы инклю­зив­ті білім беру үшін жағдай жасау жос­парланып отырған мекемелер­дің тізімін, сондай-ақ анықталған проблемаларды, оларды шешу мерзімдері мен жолдарын көрсете отырып, интернат мекемелері мо­ниторингінің нәтижелері бо­йын­ша есеп беруді сұрады. Соны­мен қатар кеңес мүшелері интер­нат­тар бойынша нор­мативтік-құқықтық актілерді қайта қарауды ұсынды.

Дәулет АСАУ