Бүгінгі қоғамда әдебиет нарығы, кітап нарығы жоқ деп айтуға келмес. Бар, бірақ тым аз. Өйткені оны оқитын мың сан оқырман жоқ. Ең мықты деген шығарманың өзі 2 мың тиражбен таралып келді. Оның өзі ірі кітапханаларға таратылғаны болмаса, жаппай оқырманның қолына жете қойған жоқ. Демек, бізде әдебиет нарығы да, кітап нарығы да дұрыс қалыптаспаған деген сөз. Неге?
Әдеби агент керек
Қазір кітаптың таралымы бұрынғыдай 2 000 емес, 5 000-ға жетті. Бірақ әлі де әдебиет мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Тапсырыс арқылы шықса, қаламақы алады. Егер қаламгер кітабын жеке тапсырыспен болмаса демеушілер арқылы шығарар болса, онда өзіне сатуға тура келеді. Аты дардай ақын-жазушылар кітабын сатып жүрмейтіні анық. Не істемек керек? Қайтсек, автор – баспа – маркетинг мәселесін жолға қоя аламыз? Көпшілік әдеби агент керек дегенді жиі айтады. Сондай ізгі істі қолға алып жүрген жандар да жоқ емес. Мәселен, Бақтыгүл Маханбетованың бұл іспен айналысқанына көп болды. «Әдебиет нарығы деген жекелеген автордың шешетін мәселесі емес. Ол – мемлекеттік деңгейде қалыптасып, сол жүйе реттеп беретін бағыт. Егер мемлекет тарапынан тарату механизміне қаржы бөлініп, кітап бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерге, баспагерлерге жұмыс істейтіндей жүйе қалыптасса, сонда ғана мәселе шешіледі. Әйтпесе, мұны айтудай-ақ айтып келеміз. Мемлекеттік деңгейде шешілетін дүниені жекелеген адамдар көтеріп, бас қатырып жүрміз. Тіпті, мұны шешудің жолдарын да айттық, ұсыныстарымызды да жеткіздік», – дейді. Оның айтуынша, баспагерлер мен кәсіпкерлер жақсы шығармаларға инвестиция құйып, авторға да, өзіне де табыс әкелетін дүниені қалыптастырмай, бізде әдебиет нарығы дұрыс жолға қойылмайды. «Бүгінгі әлеуметтік желінің артықшылықтарын пайдалана алмай отырмыз. Үлкен кісілер жаңа технологиядан хабары аз болғандықтан, қорғаншақтайды. Сондықтан жастар белсенді шығуы керек. Белгілі бір шығармалардың айналасында насихаттау жұмыстары бар. Ал нағыз керек дүниелер көлеңкеде қалып қояды, орташа деңгейдегі шығармаларға жарнама көптеу көрінеді. Бұл да уақытша құбылыс шығар. Кей шығармалардың ғұмыры 10 жыл болуы мүмкін, кейбір шығарманың ғұмыры 100 жылға жетеді», – дейді Бақтыгүл Маханбетова. Әдебиетті шетелге насихаттау үшін арнайы институт қажет секілді. Яғни, Бақтыгүл Маханбетова «аударма институты қалыптасу керек» деген пікірді алға тартады. «Фолиант» баспасының редакторы Фарида Тобашалова: «Классикалық шығармалар әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ, мұны оқырман сұранысынан аңғаруға болады. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың классикалық шығармалармен сусындауы, жалпы таныс болуы үшін біз заманауи форматта жаңаша безендірумен шығарып жүрміз. Себебі ол кітаптар 70-80-жылдары шыққандықтан әбден ескірген, табу қиын. Біз тек ескі кітаптарды шығарумен шектеліп қалған жоқпыз. Оқырманға қазіргі заманғы авторлардың шығармаларын, әлемдік әдебиеттің озық туындыларын, бестселлер кітаптарды түпнұсқадан қазақ тіліне аударып ұсынып жүрміз», – дейді.Жақсы шығарманың насихаты кемшін
Жақсы шығармаға ең алдымен маркетинг керек. Насихаты кемшін болса, оның таралуы да қиын. Екіншіден, шығарманың мықты екенін қайдан білеміз? Зерттеп жатқан біреу бар ма? Кейде насихатына қарап шығармаға баға беріліп жатады. Белгілі жазушы Әлібек Асқаров бұл мәселеде ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды деп отыр. «Күнделікті өмірімізге дендеп енген нарықтық қатынас кезінде өзін-өзі асырап келе жатқан баспалар жағы жеткілікті. Бірақ әңгіменің ашығы керек, көптеген баспаның мемлекетке қарап алақан жайып отырғаны да жасырын емес. Олар мойнына бұршақ салып тілеп алғандай тапсырыс арқылы бөлінген 3 мың кітапты өңірлік кітапханаларға таратып береді де, әрі қарай қол қусырып отыра береді. Жоспарда көрсетілген тираждан тыс өнім шығарып, дүкендерге түсіру жөнінде талай айттық та, тіпті міндеттілді де. Соған шамалары келмейді», – дейді. Кей шығармалар жиі басылып шығады. Тіпті, танымал авторлардың кітабын баспалар қайталап шығарып жатады. Неге? Шын мәнінде сұраныста ма? Бұл сауалымызға жазушы: «Жалпы, әлемдік әдебиетте, соның ішінде қазақ әдебиетінде шығарманы қайта-қайта баса беру үрдісі баяғыдан қалыптасқан. Бұл – көңілге қонымды құбылыс, қуанарлық жайт. Одан біз ұтылмаймыз. Ауысып келіп жатқан әр ұрпақ буынын шөліркетпей, мейірін қандыра сусындатып отыру – біз үшін парыз. Бүгінгі ұрпақтың биік талғамына қарай жақсы кітаптарды қайыра шығарып жатқанымыз сондықтан» деген жауап қайырды. Жаңа шығармалар неге жоқ? Азды-көпті байқауларда болмаса, заманауи шығармалар жазылып жатқан жоқ. Бірлі-жарым әңгімелерді әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Жазушы бұған: «Меніңше, қазір де іздесе, жақсы жазушылар мен тәуір шығармаларды табуға болады. Әрине, екінің бірінің қолындағы гаджеттен бастап төріміздегі жеке компьютерді қосқанда, бүгінде дәстүрлі кітаптың жолы ауыр болып кеткені рас. Сол себепті жақсы шығармалар байқала бермеуі де мүмкін Бір қызық жағдайды айтайын, атышулы Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» өз отаны Колумбияда жарық көрген кезде соны елей қойған жан баласы болмапты. Тіпті, кейбір сыншылар: «Мұнысы несі?!» дегендей таңданыс білдіріпті. Бәлкім, менсінбегені ме, кім білсін? Арада төрт-бес жыл өткенде ағылшын тілінде Америкада басылып шыққанда ғана әлем бөркін аспанға атып, шу ете қалыпты. Сол сияқты шашасына шаң жұқпаған жүйріктер біздің арамызда жүрген болуы мүмкін. Әсіресе жастардан үмітіміз зор», – дейді Әлібек Асқаров.Нарық қашан қалыптасады?
Нарық дегенде тағы бір мәселенің шеті қылтияды. Ол – кітап дүкендеріндегі қазақша кітаптардың аздығы. Бұған дейін де қаламгер қауым оқырманға қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз екенін айтып келген. Кез келген кітап дүкені қазақша кітаптардан гөрі орыс тіліндегі басылымдарды сатуға құмар екенін айтады. Еліміздегі ең ірі сауда желісі «Меломан» кітап дүкені екені белгілі. Онда қазақша шығармалар жоқ емес, бар. Бірақ тым аз. Оларды да түсінуге болады. Оқырман іздеп жүріп, сатып алатын шығармалар жоқ деген сөз. Жақында ғана Ілияс Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» романын «Меломаннан» тауып алдық. Интернет арқылы кітап дүкендерінен іздегенімізде, тек осы сауда желісінен шығып тұрды. Демек, маркетинг жақсы дамыған. Баспагерлердің көбі жарнамаға көп көңіл бөлмейді. Баспа нарығының ақсап тұрған тұсы – осы. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармаларды белгілі бір рейтинг бойынша жинақтаған абзал. Әйтпесе, қайталауға ұрына береміз. Жаңа шығармалар дүниеге келуі керек. Авторлардан жыл келгендей жаңалық күтетініміз де сондықтан. Автор – баспа – жарнама – кітап дүкендері. Осы байланыс болмаса, әдебиет нарығын дамыту қиын. Бүгінгі әдеби меже осылай болуы тиіс.Айым БЕКТҰР