Ішкі істер органдарының қызметкері дегеніміз – қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде, желдің өтінде жүретін мамандық иелері. Қауіпті де ең бірінші олар өздеріне қабылдайды. Оған қызмет бабында қаза тапқан талай полиция қызметкерінің үлгісі куә. Кешегі Ақбұлақтағы оқиға да соның бір көрінісі ғана. Ендеше қызмет бабында қаза тапқан полицейлер қанша? Олардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі? Зерделеп көрсек.
Бейбіт күннің боздақтары
Тәуелсіздік алғалы елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішкі істер органдарының 804 қызметкері қаза тапқан екен. Әрбір жазатайым оқиғаның қайғылы астары бар. Олардың бірі қаскөй қылмыскердің қолынан қаза тапқан болса, енді бірі жол апатында жантәсілім етті, ал тағы бірі суға батып опат болды. Қай-қайсысында да біреудің өмірін құтқарамын деген полиция қызметкерлері өз өмірін құрбан етті. Олар – ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің боздақтары. Әрбір ғұмырдың артында қаншама жанның көз жасы, антқа деген адалдық, мамандығына деген мақтаныш тұр. Әрине, қайғының жеңілі болмайды! Осы тақырыпты сөз еткенде есімізге ең бірінші кезекте Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың түсетіні рас. 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында ел тарихындағы ең қайғылы террорлық акт болды. 5 полицей мен 2 бейбіт тұрғынды өлтірген Мақсат Қариев ең соңында өз-өзін гранатамен жарып жіберген болатын. Оны сол соңғы сәтінде ұстап қалып, жерге құлатып, үстінен басып үлгерген полиция капитаны, өкінішке қарай өзі де жан тапсырды. Сонысымен де ол лаңкеске көпшіліктің арасына баруға мүмкіндік бермей, жарылыстың күшін денесімен бүркеп, қаншама адамды ажалдан аман алып қалды. Осы ерлігі үшін полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Халық қаhарманы атағы (қаза болғаннан кейін) берілді.Майданнан аман келсе де..
Осы ретте ішкі істер органдарының тағы бір қызметкері Жанайдар Жирентаевтың есімін атамай кетуге болмайды. Интернационалист-жауынгер, милиция кіші лейтенанты Жанайдар Жирентаев 1994 жылы ақпанның 4-інен 5-іне қараған түні қандықол бұзақылардың оғынан қаза тапқан еді. 1960 жылы 25 қыркүйекте Целиноград облысы Балкашино ауданы Веселое ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген ол 1980 жылы армияға шақырылып, әскери міндетін Ауғанстан жерінде өтеген болатын. Ол жақта от пен оқтың ортасында бірнеше рет жараланады. Соның ең соңғысында олардың тобы шабуылға ұшырап, 47 адамнан тек жалғыз өзі ғана тірі қалыпты. Осыдан соң Жанайдар 8 ай Ташкенттегі госпитальда жатып, 1982 жылы елге оралған екен. Көп кешікпей 1984 жылы ішкі істер органына қызметке тұрады. Алғашқыда экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөлімінде жұмыс істеп, 1993 жылдың сәуірінен Ақмола қаласы криминалды полиция бөліміне ауысады. Әйтсе де, милиция кіші лейтенанты Жанайдар Асқарбекұлының ажалы бәрібір де оқтан болды. Сол күнгі оқиға былай болыпты: Араққа сылқия тойып алған бірнеше бұзақы Ақмола қаласындағы Сенная көшесінің бойындағы бір үйге баса-көктеп кіріп, ақша талап еткен. Ойлары жүзеге аспаған соң үй иесінің жалғыз баласын аулаға алып шығып, соққының астына алған. Осы кезде анасы полицияға телефон шалып үлгерген екен. Хабар түсісімен Жанайдар бастаған шұғыл топ қылмыскерлерді құрықтауға аттанады. Әйтсе де, қарулы бұзақылар оларды оқ атып қарсы алады. Осы кезде көрші-көлемге, жалпы айналадағы адамдардың өміріне қауіп төнгенін сезген бұрынғы жауынгер-интернационалист олардың біреуін қарусыздандырып үлгереді. Бірақ, амал нешік? Екіншісі қолындағы қысқа мылтықпен оның дәл кеудесінен атып салады. Батырдың артында жары Назкен мен Әсел, Динара есімді екі қызы қалды. Жанайдар Асқарбекұлы қаза тапқаннан кейін Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Батырдың есіміне Нұр-Сұлтан қаласында көше берілген.Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің артында қаншама отбасы қара жамылып қалады. Олармен қайғысын бөлісуге ІІМ әрқашан да дайын. Бұл жұмыстар 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 66 және 68-баптарына сәйкес жүргізіледі. Бұл баптарда қызметкерлер қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда берілетін кепілдіктер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерінің тұрғын үйге құқықтары қарастырылған. Ал олардың асырауындағы адамдар мен мұрагерлеріне алпыс айлық қаражат мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді. Қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлердің балаларына, олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Үкімет белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызметтер көрсетіледі. «Сонымен қатар қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдалана алады. Сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша балдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрілігі мүмкіндігінше қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына моральдық, материалдық көмектерді үнемі дәстүрлі түрде көрсетіп отырады. Жыл сайын ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының қолдауымен Қазақстан полициясы күні қарсаңыңда мерекелік іс-шараларға шақырылып, қаржылай көмек көрсетіледі», – дейді ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің басқарма бастығының орынбасары Саят Байкенов. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында елімізде 804 полиция отбасы қара жамылған болса, 2 672 қызметкер жарақат алған. Олардың арасында өмірлік мүгедек болып қалғандары да қаншама? Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылы ішкі істер саласының 149 қызметкері, оның ішінде 13-і қаза тапқаннан кейін мемлекеттік наградалармен наградталған болса, биыл жыл басынан бері 31 қызметкер марапатталды. Сондай-ақ үш жарым мыңнан астам қызметкер ведомстволық марапатқа ие болды.Нұрлан ҚОСАЙ