Солтүстік Қазақстан облысында дизель отыны тапшы әрі қымбат. Санаулы күндердің ішінде дизель отынының бағасы шарықтап шыға келді. Соның салдарынан қоғамдық көліктің жұмысы саябырсыды. Петропавл автовокзалы жабылудың сәл-ақ алдында. Күзгі орақ әлі аяқталған жоқ.
Петропавлда дизель отынының бағасы 280 теңгеге жетті. Оның өзі қат. Кейбір жанар-жағармай стансаларында бар болғанымен, бір көлікке талон бойынша 50 литрден артық құйылмайды. Бұл тым аз. Сондықтан дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Күздің қара суығында тұрғындар аялдамада тоңып-жаурап ұзақ тұратын болды. Петропавл тұрғыны Мәдина Рысқұлова автобусты ұзақ күткендіктен, жұмысқа кешігетінін айтады. «Автобустардың жұмысы мүлдем сын көтермейді. Күнде жұмысқа кешігіп баратын болдым. Аялдамада 40-50 минут көлік күтемін. Бұрын 10-15 минутта келетін автобус қазір жоқ. Таңғы сағат 8-де жұмыста болуым үшін үйден нешеде шығуым керек? Бұл қашанға дейін жалғасады?» – деп наразылығын бідірді. Дизель отынының тапшылығынан зардап шегіп жүрген жалғыз ол емес. Балаларын мектепке, балабақшаға, түрлі үйірмелер мен секцияларға апаратын ата-аналар да қоғамдық көлік жұмысына сын айта бастады. Бұған қала ішінде жүретін қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысқа шықпауы себеп. Күн сайын облыс орталығында 26 бағытта жүретін 160 автобустың барлығы бірдей бұрынғыдай жүріп жүрген жоқ. Жүргізушілер дизель отынының қымбаттауына байланысты жұмысқа шығудан бас тартты. Жол жүру ақысы олардың күнделікті шығынын жаппайды. Айта кету керек, Петропавлда жол жүру ақысы бес жылдан бері өзгерген жоқ – 80 теңге. Биыл тамыз айынан бастап дифференциалды тариф енгізілді. Соған сәйкес қолма-қол есеп айырысатын жолаушылар жолақыға 130 теңге, карта қолданушылар 80 теңге шығындайды. Сондай-ақ биыл жазда Петропавлдағы автобус паркі жаңартылып, «Ютонг» маркалы жаңа көліктер жолға шыққан болатын. Автобус жүргізушісі Николай Афанасьевтің айтуынша, ескі көліктерге 35-40 литр сұйық отын жететін болса, жаңаларына 70 литр керек екен. «Дизель отыны қымбаттағалы шығын ақталмай отыр. Сондықтан кейбір автобустар жұмысқа шыққан жоқ», – дейді жүргізуші. Ол жалдамалы жұмысшы болғандықтан, оған дизель отынын тауып беру – жұмыс берушінің «бас ауруы». «Солтүстік Қазақстан облыстық автокөлік қауымдастығы» тасымалдаушылар қоғамының жетекшісі Галина Семенова болса, әзірге бұрыннан жинаған қордың арқасында ғана күн көріп отырғанын айтады. «Жағдай мүлдем қиындап кетті. Қор аяқталған соң қалай жұмыс істейтінімізді білмейміз. Қалай күн көреміз? Қазір 4-5 күнге ғана жететін қорымыз қалды. Бүгін жүргізушілер дизельдің 1 литрін 265 теңгеден сатып алды. Әрине, тығырықтан шығар жол іздеп жатырмыз. Бар үмітіміз – мемлекет субсидиясында. Қазір жергілікті әкімдікпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Билік уәдесінде тұрады деген үміттеміз. Онсыз көптеген тасымалдаушылар жабылып тынбақ», – деді Галина Петровна. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми мәліметінше, жанар-жағармай құю стансаларында дизель отынының қоры жеткілікті, жолаушы тасымалдаушыларға 225 теңгеден сатылып жатыр.АВТОВОКЗАЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ МҮШКІЛ
Ал Петропавл автовокзалы жабылуға жақын. Былтыр пандемияға байланысты мұнда ресейлік бағыттар тоқтатылған болатын. Бүгінде дизель отынының қымбаттауына байланысты қалааралық автобустар да қаңтарылып тұр. Онсыз да шығынға батқан автовокзал үшін бұл қымбатшылық жығылғанға жұдырық болды. Вокзал директоры Александра Сысоеваның айтуынша, бірнеше автобустың жұмысы тоқтатылмақ. «Билет бағасының арзандығы, сұйық отынға қатысты дағдарыс, субсидияның жоқтығы, әрі жекеменшік тасымалдаушылардың бәсекесі вокзалдың түбіне жетейін деп тұр. Новоишимкаға қатынайтын 7 автобус дизель отынымен жүреді. Бүгін жүргізушілер литріне 255 теңгеден төледі. Осылай жалғаса беретін болса, сегіз бағытқа қатынайтын автобусты тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұрынғыдай Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Щучинск қалаларына жүретін автобустар қазір жоқ. Былтырғы жылды 10 миллион теңге шығынмен жаптық. Биылғы шығынымыз – 4,5 миллион теңге», – дейді Александра Александровна.ДИҚАНДАР ДА ДИЗЕЛЬГЕ ЗӘРУ
Бәрінен бұрын күзгі орақ науқаны қызған шақта шаруаларға ауыр тиді. «Көпшілігі жаз бойы бел жазбай күтіп-баптап өсірген астығы қар астында қала ма?» деп алаңдаулы. Бұрынғы жылдардың тәжірибесінен сабақ алғандары жаз мезгілінде Үкімет белгілеген бағамен, яғни литріне 185 теңгеден сұйық отынның қорын жасап алған екен. Бірақ ондайлардың саны саусақпен санарлық. Солардың бірі – «Токуши Grain» ЖШС директоры Жомарт Омаровтың да жанына бұл жағдай қатты батып отыр. «Өте қиын жағдайда отырмыз. Кәдімгі коллапс деуге болады. Диқан қауымының жұмысына тигізген кесірі зор. Түптеп келгенде, көктемгі дала жұмыстары күзде басталады. Қазірден бастап егістік алқаптарын көктемгі егіске дайындауымыз керек. Солярка болмаса, шаруа қалай жер жыртып, оны қалай тыңайтпақ? Кейін қар еріген кезде тиісінше дайындалмаған алқапқа дән сіңіруге мәжбүр болады. Ондай астықтың шығымдылығы қандай болары бесенеден белгілі. Сондықтан бұл мәселені стратегиялық тұрғыдан шешу керек», – дейді Жомарт Жақсылықұлы. Күзгі жиын-терім кезінде мұнай өндіру зауыттары жабылып, қолдан тапшылық жасалатыны – жылдан-жылға қайталанып келе жатқан жағдай. Осы мәселені реттеудің бір амалы табылмағанына таңғалғаннан басқа амал жоқ.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы