Тараз «сақалды» құрылыстан көз ашпады
Тараз «сақалды» құрылыстан көз ашпады
518
оқылды

Бүгінде Тараз қаласында «сақалды» құрылыстан көз сү­­рінеді. Қала әкімдігінің тексерісінен кейін шаһарда мұндай 35 нысан анықталып отыр. Оның 23-і сотқа жолданған. Алайда нысан иелерін сотқа беру арқылы «сақалды» құры­лыс мәселесі толықтай шешіле ме? Заң органдарына жүгінбей тұрып жергілікті билік олардың жағдайын білді ме? Әкімдіктің мұндай әрекетіне нысан иелері не дейді?

11 нысан иесі құрылысты қайта қолға алған

Тараз қаласы әкімдігінің сәу­лет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмас Бобеевтің сөзіне сүйенсек, қала әкімінің биыл 5 сә­уірдегі №14 хаттамалық тапсыр­масына сәйкес, тексеріс жұмысы басталып, 35 нысан иесіне түсін­діру жұмысы жүргізіліпті. Нәти­жесінде, бірқатар нысан қожа­йыны мәмілеге келіп, құрылысты аяқтауға уәде берген. – Рысбек батыр көшесіндегі №5 мекенжайда орналасқан ны­санның иесі Д.Қосалиева құры­лыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, пайдалануға қабылдау актісін рә­сімдеді. Қазір ол нысанды сауда кешені ретінде пайдалануда. Одан бөлек, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізгеннен кейін 11 нысан қожа­йыны құрылыс-монтаж жұмысын қайта қолға алды. Ал қалған 23 ны­санның қожайынына сот ар­қылы шара қолдану үшін тізімдері «Тараз қаласы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұ­мыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесіне» жолданып отыр. Қазір олардың ісі сотқа жолдан­ды, – дейді бөлім басшысы.

Мәселесі сотта қаралатындар

Мәселесі сотта қаралатындар­дың тізіміне келсек, олардың қа­тарында халық қалаулыларынан бастап, қарапайым шаруаға дейін бар. Сот үкімі шықпағаннан кейін олардың аты-жөні мен нысаны туралы айта алмаймыз. Алайда Сүлейменов көшесі «Атшабар» шағынауданында орналасқан Ха­лықаралық Тараз инновациялық институтына тиесілі нысанның иесі құрылысты толықтай аяқ­тай­тыны туралы кепілхат берген­дік­тен, оларға қатысты іс тоқтатыл­ған. Сондай-ақ Қ.Тұрысов көшесі №5 «В» мекенжайдағы көпқабатты ғимарат құрылысын «Реактивті фосфорлы қосындылар» ЖШС бітіруге уәде еткендіктен талап-арыз қайтарып алынған. Бұдан бөлек, Тараз қаласы «Алатау» ық­шамауданы №22 «А» және Абай даңғылы №12 «А» жер телімдерінің иелері қайтыс болуына байланыс­ты сотта қаралмаған.

Нысан иелері не дейді?

Тараз қаласында болған бұл жағдайға қатысты нысан иелері не дейді? – Барлық жұмыс қаржыға ке­ліп тіреледі. Кондитерлік фирмам­ның табысы пандемияға байла­нысты төмендеп кетті. Ал құрылыс материалдары күн санап өсіп ба­рады. Егер жағдай қалыпты бол­ған­да демалыс орнымның құры­лы­сын жоспарға сай бітірер едім. Десе де, биыл құрылысты бітіруге барымызды салып жатырмыз. Себебі ісің сотта қаралып жатқаны кімге жақсы дейсің?, – дейді «Ширинкомшарг» ЖШС-ның шаруашылық жөніндегі орын­басары Мұхтар Бекбергенов. Ал «За линией» алқабы Пір­манов көшесі №67 мекенжайда­ғы дүкен, шаштараз, дәріхана, биль­ярд және техникалық қызмет көр­сету орталығының меншік иесі Ерлан Өмірбекұлы биыл құ­рылысты аяқтай алмайтынын ашып айтты. – Мұндағы құрылыс жұмыста­рын банктен несие алып баста­ғанбыз. Алайда құрылыс мате­риал­дарының қымбаттап кетуінен жоспарлаған ақшамыз жетпей қалды. Енді келер жылы банк алдындағы берешегімізді төлеп, тағы несие алып, құрылысты жал­ғастыру ойымызда бар. Бізде басқа амал болмай тұр. Құрылыс нысандары анамыздың атында болғандықтан, ол кісі қала әкім­дігіне барып, бар жағдайды түсін­дірген. Қолдау білдіру туралы өті­ні­шін де қалдырды. Егер жер­гілікті билік тарапынан бір демеу болса, «сақалды» құрылыс иесі атанып отырмас едік, – дейді қала тұрғыны.

Бұл да бір мәселе

Қалада бүгінде «қызыл сызық» үстіне салынған нысандарды сүру жұмыстары қарқын алуда. Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, шаһар бойынша 41 дүңгіршек болса, соның 12-і ғана заңды салынған. Қалған дүңгіршектің қазірге дейін 17-і сүрілсе, қалған 12-не ескерту түрінде хабарлама жолданған. Бұл мәселеге қатысты Тараз қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеевтің өз айтар ойы бар. – Мұндай мәселеде аса ұқып­тылық керек. Әрине, бәрі заң шең­берінде, қала көркі үшін жаса­лып жатқаны түсінікті. Алайда қала әкімдігіне қарасты бөлімдер «қызыл сызық» үстіндегі нысан­дардың әрқайсысын зерделеп барып, басшылыққа ақпарат бер­гені жөн. Олай дейтінім, кезінде сол нысандардың құрылысына жер беріп, сызбасын дайындаған – сол бөлімдер. Сондықтан шаш ал де­ген екен деп, бас алуға болмайды, – дейді Батырбек Әбдірәсілұлы. Биыл каналдардың бойына салынған нысандарға қатысты да мәселе көп. Қала әкімдігінің жер қаты­настары бөлімінің тексеруінің нә­тижесінде кәсіпкерлік бағытта­ғы алты нысанның заңсыз орна­лас­қаны белгілі болды. Бұл факті­лер бойынша қала әкімдігі тара­пы­нан облыстың маманданды­рыл­ған ауданаралық экономи­ка­лық сотына талап-арыз жолданған.  

P.S.

Әрине, байыбына бармай жа­тып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда аталған нысандардың бар­лығының артында адам тағдыры мен күнделікті күнкөрісі тұр. Сон­дықтан нысандарды сүрмес бұрын, «сол ғимараттардың салынуына кезінде кім рұқсат берді?» деген сауалға үңілу керек секілді. Сондай-ақ әлемдік пандемия жағдайында қаржылық қиындықтарға тап бол­ған «сақалды» құрылыс иелеріне де түсінік танытқан абзал. Себебі қар­жысы жеткілікті болса, кім құ­ры­лысының тоқтап тұрғанын қалайды...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы