Көкшетауда жылудың «жыры» таусылмай тұр
Көкшетауда жылудың «жыры» таусылмай тұр
159
оқылды

Арқада күн әлдеқашан суып, жұрттың көбі бүрсең қаға бастағанына біршама уақыт болды. Дегенмен Ақмола облысының орталығы Көкшетауда үйлерінде жылудың жоғын айтып шағымданған халықтың қарасы көп.

Әлеуметтік желілерде де мұ­ңын билікке жеткізе алмай, зар илеген жұрттың жазбасынан көз сүрінеді. «Түнде киімшең жатып, қос-қостан көрпе жамыламыз, ба­ла­лар ауырып жатыр» деген тұр­ғын­дар жергілікті биліктің табал­дырығын тоздырған. Шаһар әкім­дігі күні кеше қаланың барлық ау­­ма­ғына жылудың берілгенін мә­­лімдеді. Алайда күні бүгінге де­­йін бірнеше шағынаудан тұр­ғын­­дары үйлерінің азынап тұр­ғанын айтады...

Жылусыз отырған жұртшылық көп...

Қалада жылу маусымы баста­лар шақта мұндай жағдай жылда қайталанады. Жылу құбырлары ауыстырылып үлгермей, қазан­дық­тардың жөндеу жұмыстары бітпей тұрғындарды шарасыз күй­ге түсіреді. Биылғы жылыту мау­сымы Көкшетауда 22 қыркүйекте басталған. Алайда арада екі апта уақыт өткенімен, қаладағы жылу­дың «жыры» таусылар емес. «Сарыарқа шағынауданында тұрамын. Үйдің іші қатты суық. Ба­лалар күркілдеп, қызуы көте­ріліп, ауырып жатыр. Жылудың әлі берілмей жатқанына алаң­дай­мыз. Түнде қос-қостап көрпе жа­мылып, киімшең ұйықтауға мәж­бүрміз. Қашанғы дірдектеп күн кешпекпіз? Әбден қиналып кет­тік...», – дейді қала тұрғыны Наз­гүл Шарбаева.

Қалаға толығымен жылу берілді

Тұрғындардың жазбасына қа­расақ, қаланың Жайлау, Сары­арқа, Боровской, Центральный сияқты бірнеше шағынауданда көптеген тұрғын үйлер жылусыз отыр. Алайда шаһарды жылумен қамтитын «Көкшетау Жылу» ком­муналдық кәсіпорны қаланы түгелдей жылумен қамтығанын айтып отыр. «Бүгінде қаладағы барлық әлеу­меттік инфрақұрылым ны­сан­дары мен көпқабатты 912 тұр­ғын үй мен орталықтандырылған жылуға қосылған жекеменшік сектордың бәріне жылу берілді. Біз жылуды тұрғын үйлерге дейін жеткізіп береміз. Одан әрі пәтер иелері кооперативтері (КСК) тұр­ғын үйлерді жылу беруге толықтай әзірлеуі тиіс. Жылу беру маусы­мын­да бірқатар қиындық бол­ғанымен, олардың бәрі түзетіліп, жылу берілді. Қазір көмір мен мазут қоры жеткілікті», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Рус­лан Макишев. Облыс орталығына жылу екі магистраль құбыры арқылы бе­ріледі. Біріншісі қаланың басым бөлігін, яғни 70 пайызға жуығын жылумен қамтыса, екінші торап қалған 30 пайызына жылу береді.

Жылу құбырына неге жіңішке темір құбыр салынды?

Дәл осы екінші жылу торабы­ның айналасында да соңғы күнде­рі дау толастамай тұр. Қала тұр­ғындарының бірі осы құбыр­лар­дың жанында бейнеролик түсіріп, онда қолданылуы тиіс болған «мыңдықтардың» орнына 700-дік темір құбырлардың орнатылып жатқанын айтып, билікті сынға алған. Оның айтуынша, салынып жатқан жылу жіберілетін негізгі құбырдың диаметрі кері берілетін (обратка) құбырдан әлдеқайда төмен, әрі темір құбыр сыртынан мүлдем қапталмай салынған. «Әкімдікте осыған дейін ауыс­тырылатын жылу құбырының орнына «мыңдық» құбырдың са­лынатыны айтылған. Алайда оның уәде етілгендей 1 000 емес, диаметрі 700-дік кішкентай темір құбыр салынып жатыр. Әрі сырты мүлдем қапталмаған. Ол екі-үш жылдың ішінде ғана шіріп кетпей ме? Сіздер нені жылытпақсыздар? Пәтерлерді ме, әлде жерді ме? Бұларыңыз не сұмдық? Келер жыл­дары қарапайым халықтың ақшасынан қайта құбыр алып тағы жерге көмбексіздер ме?», – дейді қала тұрғыны Мәлік Ахметқалиев.

Қапталмаған темір құбыр салуға мәжбүр болдық – әкімдік

Ал қалалық әкімдік құбыр­лар­ды ауыстыру және жөндеу кезінде кіші диаметрлі құбырды орнатуға мәжбүр болғанын айтып ақ­талды. Оның айтуынша, жылы­ту мау­сымы аяқталғаннан кейін мердігер компания олқылықтың орнын толтырып, құбырды өз қаража­тына ауыстырып береді. «Біз мұндай қадам жасауға мәжбүр болдық. Өйткені олай етпесек қалаға жылу беру үшін әлі 20 күндей күтуге тура келеді. 700-дік құбырды №2 қосымша жылу торабымен қаланы жылумен қам­тамасыз ету үшін уақытша орнат­тық. Жоба бойынша диаметрі 1 200 мм оқшаулағышы бар құ­быр орнатылуы тиіс болған. Құ­бырды орнату кезінде сыртқы қа­лыбы жылжып кетті. Сондықтан диаметрі 700-дік құбырды орна­тып, қалаға жылу бердік. Бұл құ­быр уақытша орнатылып отыр. Келер көктемде шамамен мамыр айында құбырды мердігер ком­пания өз есебінен ауыстыратын болады. Бұл үйлерді жылу темпе­ратурасының төмендеуіне еш әсер етпейді. Ал жылу берілмей жатқан үйлерге келсек, қазір тұрғын­дар­дың өтініші бойынша қала әкім­дігі, тұрғын үй инспекциясы мен «Көкшетау Жылу» комиссиялық түрде үйлерді тексеріп, ақау болса түзетуге кірісті», – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ба­уыржан Ерназаров. Қысқасы жылу берушілер мен әкімдік өкілдері ақталып, сылтау айтумен әуре, ал тұрғындар бүр­сеңдеп жүр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы