10 жылдан астам уақыт бірге отасқандар жиі ажырасады
10 жылдан астам уақыт бірге отасқандар жиі ажырасады
©А.Ахметқазы
381
оқылды

«Өкінішке қарай, елімізде азаматтық некеде тұрып жатқан жұптар өте көп. Ресми түрде тіркелмегендіктен олардың ахуалын көре алмай отырмыз» деген Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшесі Айгүл Рақышева ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселесін талқылау барысында дін жолындағы діни некелердің көбейгенін сөз етті. «Әсіресе, үйде отырып ешбір куәгерсіз, имамсыз некесін қиып, бірге тұратындар жетіп-артылады. Ал олардың тағдыры ешкімге беймәлім. Міне, осы жағынан шарасызбыз» дейді ол.

 Пандемияда ерлі-зайыптылардың ажырасуы азайды

 – Айгүл Қуанышбайқызы, пандемияда елімізде ажырасу деңгейі азайды дейді. Осы рас па? – 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы ерлі-зайыптылардың ажырасу саны төмендеген. Соған қарамастан, еліміз ажырасудың ең жоғары коэффиценті бар 10 елдің қатарында тұр. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2019 жылы 59 796 жұп ажырасса, былтыр ажырасудың жалпы саны 48 002-ге жеткен. Әрине, бұл көрсеткіш – ажырасудың азайғанының белгісі.

Зерттеу барысында байқағанымыз, ажырасу кезінде ерлі-зайыптылардың отасқан жылдары есептелмейді екен. Мәселен, 10 жылдан астам уақыт бірге отасқандардың арасындағы ажырасудың жалпы үлесі – 36,4  пайыз. Ал 5-9  жыл аралығында отасқан ерлі-зайыптылардың ажырасуы 28,1 пайызды құрайды. Неке қиылған сәттен бастап, бір жыл ішінде ажырасқандар 4,8 пайыз  екен.

– Мұндай өзгерістің себебі неде? – Біріншіден, отбасылық қарым-қатынасқа пандемияның өзіндік әсері болды деу керек. Әсіресе, көп адамға оң әсерін тигізді. Себебі, көпшілігі ағайын-туысы мен отбасын қадірлей түсті, барынша оларға уақыт бөлуге тырысып, денсаулығы мен көңіл-күйіне алаңдап, қамқорлық көрсете бастады. Әрине, бәрі бірдей бақытты болып кеткен жоқ. Дегенмен кейбір отбасында пандемияда ұрыс-керіс көбейіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жиілей бастап, кикілжің туындағаны рас. Бірақ бұл мәселелер бұған дейін де болған. Тек пандемия отқа май құйып жіберді десек болады.

Бала болмауынан да ажырасып жатады

 – Зерттеу барысында ажырасудың негізгі қандай факторларын анықтадыңыздар?  Пандемияда бұл факторлар өзгерді ме? – Біз биыл «Ажырасу және оның салдары» атты тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргізгенбіз. Сонда ажырасудың жалпы себептері: ішімдікке салынып, нашақор не болмаса ойынқұмарлыққа салынуы; экономикалық мәселенің шашетектен болуы (жұмыссыздық немесе қаражаттың жетіспеушілігі); ерлі-зайыптылардың опасыздығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мінездерінің жараспауы немесе тіл табыспауы; ерлі-зайыптылардың өміріне әке-шешелері не болмаса ағайын-туысының араласуы; соңғысы ортада баланың болмауынан ажырасып жатыр.

Ал пандемия кезінде отбасымен бірге болу,  отбасылық құндылықтардың  маңыздылығын түсінуге және некені сақтауға түрткі болды. Өзгерісті осы жағынан қарауға болады.

– Ерлі-зайыптылардың ерте жастан отбасы құруының бірден-бір себебі не? – Өткен жылы біз осы мәселе бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізген едік. Сонда анықтағанымыздай, ерлі-зайыптының ерте үйленуі, біріншіден - жастық максимализмнің салдары. Тез есейіп, үлгілі отбасын жасағысы келеді. Екіншіден, отбасылық жағдайға байланысты әке-шешесінің шаңырағынан тездетіп кетуге талпынады. Ондай қадамға көбіне толыққанды емес отбасынан шыққандар, әжесінің қолында өскендер, өгей әке немесе өгей шешенің қолында тұратындар, әке-шешесінің екінші рет отбасы құрғандар барады. Үшіншіден, жоспарланбаған жүктіліктің салдарынан үйленіп жатады. Енді бірі алып қашып кетіп жатса, кейбір ата-аналар балаларының ерте жастан отбасын құруды қалыпты дүние деп санайды. Әсіресе, еліміздің оңтүстік жағында мұндай жағдай әлі тыйылар емес.

Ерлі-зайыптылардың ажырасуы Павлодар облысы мен Нұр-Сұлтанда көп

 – Жалпы, қоғамда әйелдердің рөлі артып жатқаны бәріне белгілі. Алайда оңтүстік жақта қыз-келіншектер әлі де болса күйеуінің табысына тәуелді секілді. Бұған не дейсіз? – Байқасаңыз, соңғы жылдары үкіметіміз әйелдердің түрлі құрылымдарды басқарудағы рөлін күшейту саясатын қарқынды жүргізіп жатыр. Соған қарай қыз-келіншектер де өзгеріп, отбасылық өмірден бөлек, өз-өзін дамыту үстінде. Сондықтан «мына жақта жақсы, мына жақта жаман» деп бөліп-жаруға болмайды. Ол жақтың да қыз-келіншектері өзгеріп жатыр. Айырмашылығы - өзге аймақтағыдай тез емес, асықпай, аптықпай сол жолға түсуде. – Негізінен қай облыстарда ерлі-зайыптылардың ажырасуы көп? БҰҰ-ның 2019 жылғы демографиялық жинағында  Қазақстандағы  ажырасудың жалпы коэффиценті ауылдарға қарағанда, қалаларда екі есе жоғары екен. Мысалы, қалаларда бұл көрсеткіш – 4,1 болса, ауылдарда 2 пайызға жеткен.

Биыл бізде ажырасу бойынша істер сот орындарында онлайн-форматта қаралды. Былтырғы деректерге сүйенсек, ажырасу бойынша бірінші орында – Павлодар облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Әр мың тұрғынның 3,6 пайызы ажырасқан жұп. Екінші орын – Солтүстік Қазақстан облысы, ал үшінші орында – Қарағанды облысы. Ажырасудың ең төменгі коэффиценті Түркістан облысында көрсеткен. Ол жақта бар-жоғы – 1,31 пайыз.  Шымкент қаласында – 1,87 пайыз,  Маңғыстау облысында 1,96 пайыз екен.