Маңғыстаудағы жұт: жасанды жаңбыр құны - 2,5 млрд теңге
Маңғыстаудағы жұт: жасанды жаңбыр құны - 2,5 млрд теңге
Иллюстрация: А.Ахметқазы
1,269
оқылды

Маңғыстау облысында жасанды жаңбыр жаудыру технологиясының сынақ кезеңі басталды. Бұл құрылғы БАӘ, Жаңа Зеландия, Корея, Ресей елдерінде қуаңшылық мәселесін шешкен. Құрылғы қалай жұмыс істейді? Оның қоршаған ортаға әсері қандай? Жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы Арал теңізінің мәселесін шеше ала ма?

Бұл технологияны Қазақстанға алып келген Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының бас директоры Алтай Айнабек Aikyn.kz-тің сұрақтарына жауап берді.

Жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы қалай іске асады? Табиғи жаңбыр жауатын кезде атмосфера қандай болса, біздің технология дәл сондай жағдайды немесе ортаны жасанды жолмен жасайды. Ол теріс иондар ағымын атмосфераға жіберіп, ылғал мөлшерін көбейту арқылы жүзеге асады. Оған ешқандай химиялық қоспа қолданылмайды. Табиғи жаңбырдан ешқандай айырмашылығы жоқ. Clear Sky Manager кешені бес қондырғыдан тұрады. Олар аспанға бағытталып, көзге көрінбейтін иондар жіберіп отырады. Солай Жерден 200 метрден жоғары қашықта бу күйіндегі ылғалды жинайды. Біздің мақсатымыз - Маңғыстау облысындағы біржылдық жауын-шашын мөлшерін көтеру. Кейінгі жылдары онда 150-160 миллиметрден артық жаңбыр жаумаған. Ол өте аз. Соны кем дегенде 210-220 мм-ге көбейтуіміз керек. Ең көп мөлшердегі жауын 2016 жылы 300 мм-ге дейін жауған. Сол кезде жер көгеріп, өсімдіктер гүлдеген. Қазір жасанды жаңбыр жаудырудың түрлі жолы бар. Иондау процесін дрон арқылы істейтіндер да бар. Кейбірі дронмен химиялық элементтер, цемент шашу арқылы істейді. Ал біздің құрылығы тек стационарда жұмыс істейді. [caption id="attachment_165546" align="aligncenter" width="954"]Алтай Айнабек Алтай Айнабек[/caption] Сынақ кезеңінің нәтижесі қандай болып жатыр? 9 қыркүйекте Маңғыстау облысы әкімдігімен Clear Sky Manager 5 технологиясын сынау жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. 29 қыркүйекте құрылғының сынақ кезеңін бастап кеттік. Негізі технологияны дайындау кезеңі 3,5 айға дейін созылуы керек. Бірақ біз өте қысқа мерзімде дайын болдық. Күзде жауын не үшін керек, деп сынап жатқандар бар. Бірақ күзгі майда жаңбырдың тереңге сіңетінін кез келген агроном біледі. Қысқы қардың да функциясы зор. Бұл келесі жылға шөптің жақсы өсуіне көмектеседі. Бұл сөзімді "Үшжылдығын ойламаған еркектен без, үшкүндігін ойламаған әйелден без" деген қазақтың мақалы жақсы сипаттап тұр. Сол үшін күзгі жаңбыр шөптің жақсы шығуына көмектеседі. Ал шөп біздің басты мәселемізді шешеді, қуаңшылық болмайды, мал аш қалмайды. Дегенмен, кейінгі жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда, біздің технологиямыздың көмегімен Ақтауға 7,9 мм немесе 7,9 есе көп жаңбыр жаудырылды. Бұл - Маңғыстау өңірі үшін өте керемет нәтиже. Себебі мұнда күзде 12 сағат бойы жаңбыр жаумаған. Былтыр қазанда 0 мм, қыркүйекте 1 мм жаңбыр жауған. Сынақтың басталғанына екі аптадай уақыт өтті. Бұлттардың қозғалысына, ылғалдың көбеюіне қарасақ, табиғаттың мұндай жағдайға үйреніп келе жатқаны байқалады. Яғни, табиғат теріс иондарға жақсы реакция беріп жатыр. Бұл жердің климаты да ғасырлар бойы өзгере келіп қуаңшылыққа дейін жетті. Жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы тұрақты жұмыс істеп тұрса, климат та соған бейімделе бастайды. Тіпті, солай жер асты суларын да көбейтуге болады. БАӘ-де және Сауд Арабиясында жасанды жаңбыр көп жауып, су тасқыны болды. Бізде де мұндай жағдай қайталанбай ма? Онда су тасқыны болуына инфрақұрылым жүйесі дайын болмаған. Сосын оларда жасанды жаңбыр жаудыру үшін өте күшті технология қолданылады. Ал бізде жағдай басқаша. Шыны керек, Қазақстанда да мұндайға төтеп беретін дұрыс инфрақұрылым жүйесі жоқ. Бірақ біздің технология нөсер жаңбыр жаудырмайды, тек ылғалды көбейтеді. Ылғал көбейсе, шөп шығады, шөп шықса, мәселе шешіледі. Қазір Қазақстанның бірнеше өңірінің климаты қауіп аймағында тұр. Бұл туралы Маңғыстауда қуаңшылық болмай тұрып дабыл қағылды. Сол кезде біздің ұсынысымызға ешкім мән бермеді. Қуаңшылық Қызылорда облысында, Түркістан өңірінде болуы мүмкін. Шаруалары биыл су тапшылығы болғанын айтты. Бізге шарулардың өзі шығып, технологиямызға қызықты. Бірақ оған мемлекет тарапынан ұсыныс болмаса, мәселе түбегейлі шешілмейді. Қызылорда, Түркістан облыстарында су тапшылығын болдырмау үшін дамбылар салынады. Дамбы салу, құбыр жүргізу, канал салу - дәстүрлі әдістер. Ол әдістер бүгінге дейін қолданылып келді. Дегенмен қазір су тапшылығын болдырмайтын басқа да балама жолын қарастыратын кез келді. Себебі су ресурстары азайып жатыр. Жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы Арал теңізінің мәселесін шеше ала ма? Арал - өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап суы кеміп келе жатқан теңіз. Оның бассейні Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Түркіменстанға да тиесілі. Оның мәселесі халықаралық бағдарлама аясында шешілуі керек. Теңізді жасанды жаңбырмен толтыруға болады. Бірақ бұл бірнеше мемлекеттің келісімімен іске асуы керек. Өзбекстанның басшысы бір конференцияда Аралды бұрынғы қалпына келтіру кейбір елдерге тиімсіз екенін айтты. Сондықтан оны бұрынғы қалпына келтіруге ниетті емес елдер бар. Өйткені ол жердің экожүйесі қалыптасқан, кей ауылдар көшіп кеткен, кей жерінде мұнай шыққан. БҰҰ Арал теңізін құтқару қорының ендігі мақсаты - теңізді қазіргі қалпында сақтап қалу, тұз көшу мәселесін шешу. Аралдың тұзы Антарктидадан, Калифорниядан табылған. Бұл да үлкен мәселеге айналды. [caption id="attachment_165547" align="aligncenter" width="1014"]Clear Sky Manager кешені Clear Sky Manager кешені[/caption] Әр өңірдегі кәсіпкерлер тапсырыс беріп, осы технологияны қолдана ала ма?  Қазір технология Маңғыстау облысында сыналып жатыр. Ол «Грант Қазақстан» корпоратив қоры­ның тапсырысмен Central Asian Center of Climate Change Technologies серіктестігі мен Маңғыстау облысының әкім­дігі арасында үшжақты келісім жасалған. Облыс әкімдігі бұл әдістің тиімділігін, қоршаған ортаға әсерін бақылап жатыр. Бұл келісімнің жасалуына мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бастама көтерген. Бізге қазірге дейін Атырау, Түркістан шаруалары, кәсіпкерлері хабарласып, жасанды жаңбыр жаудыру технологиясына қызықты. Бірақ бұл жай әкімдік арасында немесе кез келген шаруамен келісіп шешілетін мәселе емес. Соңғы шешім мемлекет билігі тарапынан болуы керек. Себебі, бұл - ауқымды мәселе. Оны тек бір өңірмен ғана емес, жалпы мемлекетпен ынтымақтасып, олардың қадағалауымен, қолдауымен іске асыру қажет. Жасанды жаңбырдың құны қанша?  Clear Sky Manager климат технологиясы бес стационар қондырғыдан тұратынын айттық. Оның құны Қазақстан үшін 5 млн еуроға (2,4 млрд теңге) бағаланды. Оның 3,8 млн еуросын Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясы, 1,2 млн еуросын «Грант Қазақстан» корпоратив қоры­ қаржыландырды. Мұнда Маңғыстау облысының әкім­дігі- тек бақылаушы орган. Облыс бюджетінен қаржы бөлінбеді. Олар технологияның экологияға тиімділігін, қоршаған ортаға әсерін тексереді. Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының бас штабы БАӘ және Швейцарияда орналасқан. Ал Орталық Азиядағы филиалы Қазақстанда биылдан бастап жұмыс істеп келеді. Өзім бұл салада 2016 жылдан бері жұмыс істеймін, БАӘ, бірнеше алыс-жақын шетелде тәжірибе жинадым. Біріккен Араб Әмірліктері, Жаңа Зеландия, Корея, Ресей, тағы да бірнеше елде сынақтан өткен технологияны Қазақстанға да енгізіп, қуаңшылық мәселесін шешуді мақсат еттім. Қазір біздің құрылғыны орнатуға Өзбекстан, Түркия, Пәкістаннан ұсыныс түсті. Сонымен бірге Катар футболдан әлем чемпионатын өткізетін кезде ауа райын қолайлы ету мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр.