Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде кескіндеме, гобелен және қолданбалы өнер шебері, профессор, «Тарлан» сыйлығының иегері – Әлібай Бапановтың «Аспан мен жер» атты жеке көрмесінің ашылуы болды.
Көрме заманауи бейнелеу өнерін қолдау мақсатында өнер музейінің серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылды. Көрмеге автордың 70-ке таяу жұмысы қойылды.
Шараны Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы ректорының м.у.а, с.ғ.д.профессор – Шәріпбек Ағабайұлы Әмірбеков құттықтау сөзімен ашты: «Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында өзінің шығармашылық қырымен осындай іргелі тақырыптағы көрмені жасап отырған Әлібайға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлібай суретшілер мектебін қалыптастырған тұлға. Бүгінде өнер академиясында ұстаз болып отыр. Дегенмен әр уақытта өзінің творчествосын ұмытқан жоқ. Болашақта осындай көрмені әлемдік деңгейде ұйымдастыруға тілектеспін»,- деді.
Әлібай Қалтайұлы 1953 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1973 жылы Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, 1979 жылы Мәскеудің В. Н. Суриков атындағы Мемлекеттік Көркемсурет институтын бітірген. Бүгінде Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры.
Еңбек жолындағы туындылары көптеген республикалық, халықаралық көрмелерде, симпозиумдарда көрсетілген. Солардың қатарында: бүкілодақтық «Сенеж» шығармашылық тобы (РСФСР, 1986); Канн халықаралық көрмесі (Франция, 1989); «Көркемсурет текстилі-1989» халықаралық конкурсы (Рига); Польшадағы кілемдер халықаралық конкурсы (1994); Түркиядағы халықаралық кілемдер конкурсы (1995); Тегерандағы Мұсылман елдерінің халықаралық өнер фестивалі (1995); «Киіз-98» халықаралық симпозиумы (Вильнюс, 1998); II Халықаралық симпозиум (Дания, 1998), т.б. бар.
Көрмені тамашалауға келген қоғам, өнер қайраткерлері де көрменің ерекшелігіне тоқталып, өз пікірлерін білдірді.
Т.Қ. Жүргенов ат.ҚазҰӨА профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Байділдә: «Бейнелеу өнері еркіндікті жақсы көреді. Бүгінгі көрмеден сол еркіндіктен үлкен шығарманың шыңына қойылған сан түрлі техникадағы еңбектерін көруге болады. Суретшінің көрмеге қойылған 70-тен астам жұмысы терең мазмұнымен және жарқындығымен ерекшеленеді. Бірегей туындылардың мазмұны көшпенділердің негізгі бағыт-бағдарымен үндес. Автордың қай шығармасын алып қарасақ та, ғажайып туындыларда біздің ұлттық бірегейлігіміз айқын көрінеді»,– деді.
Әлібай Бапановтың көрмесі 2021 жылдың 7 қарашасына дейін жалғасады.