Кейінгі кезде баспананы жалға беру саласында алаяқтардың көбейгені байқалады. Қарағандыда осындай бірнеше алаяқтық оқиғасына қатысы бар жігіт анықталды.
Қарағандының Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 28 және 45 жастағы азаматтардан шағым түсті. Жәбірленушілер әлеуметтік желіде жарияланған, бірнеше фотосуретпен безендірілген жеке үйді жалдау туралы жарнамаға қызығады. Жалға берушімен келісіп, бірі алдын ала 80 мың, екіншісі 25 мың теңге ақша аударған. Өтініш берушілер жалдамалы пәтерге көшуге тырысқанда, бұл басқа адамға тиесілі болып шығады. Аталған факті бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 21 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Ол бірнеше күн бойы жеке үйді жалға алғанын мойындады. Содан ол әлеуметтік желіге оны жалға беретіні туралы хабарландыру орналастырған. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер күдіктінің осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысын анықтады. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.Ерік ЕРДЕНОВ