Кеңес азаматы қазақстандыққа айналды
Кеңес азаматы қазақстандыққа айналды
405
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан азаматтығын алмаған адамдар жетерлік. Олар үшін заңнамада «аза­мат­тығы жоқ тұлғалар» деген ұғым ойлап табылған. Өзін әлі күнге Кеңес азаматы санайтын жандар да елдегі игіліктерді Қазақстан азаматымен бірдей тұтынады. Қазір құзырлы органдар олар­ды тауып, құжатын рә­сім­деуге көмектесіп жатыр.

Мысалы, Ақтөбе облысында 69 жастағы зейнеткер алғаш рет қазақстандық құжаттарға қол жеткізді. ІІМ дерегінше, Лариса Чернышева күні бүгінге дейін 1974 жылғы үлгідегі КСРО пас- портымен өмір сүріп келген. Қарт әйелге құжаттарын алуға Ақтөбе облысының полицейлері көмектесті: оны Мұғалжар ауда­ны­ның полиция бөліміне ша­қырып, салтанатты түрде жеке куәлігі мен гүл шоқтарын табыстады. Зейнеткерге арнайы дайын­далған азық-түлік себеті ұсынылды. Л.Чернышева осының алдында мемқызметтер алу үшін ХҚКО-ға жүгінген, орталық мамандары оған құқықтық мәр­тебесін анықтауға кеңес беріп, аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жіберген. – Менде туу туралы куәлік те, ел аумағында тұратынымды растайтын құжат та болған жоқ. Көші-қон қызметінің қызмет­керлері тиісті органдарға өздері сұрау жіберіп, қажетті ақпарат алды, Қазақстан азаматы екенім­ді анықтады. Мә­селемді қысқа мерзімде шешіп бергені үшін рақмет, – деді зейнеткер. Полиция құжаттары жоқ аза­маттарға Қазақстан азаматы­ның немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұр­ғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуді ұсынады.

Ерік ЕРДЕНОВ